Қазақтың басын РЕФЕРЕНДУМ біріктіре ала ма?

Қазақтың басын біріктіру жөнінде соңғы кездері қоғамда біраз талпыныстар болып жатқаны көңілге қонады. Қоғам белсенділерінің бастамасымен бірнеше «Халық құрылтайы» өтті.

Десек те, қазақтың басын біріктіруге, сондай-ақ күннен-күнге кері кетіп, құрдымға батып бара жатқан берекесіз жүйені өзгертуге осы жиындардың ешқандай әсері болып тұрған жоқ. Бұл бастамалардың әзірге қоғамды өзгертуге ықпалының болмауы: біріншіден, қоғамның өзгеріске дайын еместігін көрсетсе; екіншіден, осындай көпшілік бас қосқан жиындарды өткізудегі ұйымдастыру жұмыстарында кемістік көп екенін көрсетті.

Әртүрлі жиын ұйымдастырудың басы-қасында жүрген азаматтар мемлекеттегі жүргізіліп отырған солақай саясаттың нәтижесінде биліктің пәрменінсіз шөптің басы қимылдамайтынын әлі толықтай түсінбей отыр. Соңғы кездері кейбір азаматтар жекелеген мәселелер бойынша референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеріп жатыр. Бұл әлін білмеген әлдебір әумесердің жел диірменмен соғысқан тарихын еске түсіреді.

Референдум өткізу белгілі заңның шеңберінде өткізілетін мемлекеттік іс-шара. Атап айтқанда, референдум «Республикалық референдум туралы» заңның билікке ғана бағынышты талаптарына сай жүргізіледі. Қазақстанда референдумды тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының президентіне ғана берілген. Ал референдум өткізуді және оның алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуді заңда көрсетілгендей, Республикалық референдум комиссиясы атқарады. Орталық референдум комиссиясының функциясын орындаушы – Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) болып тағайындалған. Яғни, референдум өткізу толықтай биліктің құзырында. Осыдан кейін қатардағы қара халық үшін референдум өткізу дегеніңіз – бос қиял, орындалмайтын арман болып қала береді.

Референдум өткізудің ең басты қиыншылығы – азаматтық бастамашыл топ құрып, оны ОСК алдында тіркеу. Тіркеуден өткеннің өзінде референдумды қолдайтын 200 мыңнан астам қол жинау қажет. Одан кейін Парламенттің қос палатасының келісімін алу – тағы сондай толып жатқан кедергілер бар. Референдум өткізу жұмыстарын дайындау барысында билік кез келген осындай тосқауылдарды алға тартып, референдум өткізу мақсатында атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алады.

Бір мысал келтірейін. 2003 жылы бір топ белсенді азаматтар бас біріктіріп, «Жер кодексі туралы» заңға қатысты референдум өткізу туралы бастама көтерді. Сол кездері көтерілген бастаманың аясындағы ынталы топтың референдум өткізу мақсатында жүргізген орасан зор жұмыстарына қатысты сынықтан сылтау тауып, билік аяқ астында жоққа шығарды. Сөзім дәлелді болу үшін, сол кездері билік тарапынан қабылданған бірнеше құжатты газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдім. (Құжат орыс тілінде толтырылғандықтан, мәтінін өзгертпей, қаз-қалпында келтіріп отырмын).

Сонымен, ҚР ОСК-ның 2003 жылғы 27 маусымында қабылдаған «Постановление об отказе в регистрации инициативной группы референдума и вопроса, предлагаемого ею на референдум» деген құжатқа көңілаударайық:

«В соответствии с пунктом 2 статьи 12, пунктом 5 статьи 13 и пунктом 1 статьи 21 Конституционного закона Республики Казахстан «О референдуме» и на основании результатов проверки представленных инициативной группой референдума списков граждан, присутствовавщих на собрании по образованию инициативной группы референдума, Центральная избирательная комиссия РК ПОСТАНОВЛЯЕТ: 1.Считать не выполненными инициаторами проведения собрания по образованию инициативной группы референдума требование пункта 2 статьи 12 Конституционного Закона РК «О республиканском референдуме» по норме представительства участников собрания от пяти областей Республики Казахстан. 2.Отказать в регистрации инициативной группы референдума и вопроса, предлагаемого ею на референдум.

Председатель ЦИК РК З.Балиева.

Астана, 27.06 2003г. №74\95»

Осы қаулының шығуына негіз болған құжаттың мәтінінен үзінді:

Протокол № 74 заседания ЦИК РК «Об отказе в регистрации инициативной группы референдума» от 27 июня 2002 года. г.Астана

Председательствовала: Балиева З.Я., присутствовали –заместитель председателя Турганкулов К., члены комиссии – Мельдешев Б.С., Оспанова М.А., Охлопкова Т.В., Сулейман Л.Ж. и другие.

На оснавании результатов проверки представленных инициативной группы референдума списков граждан, присутствовавщих 14 июня 2003 года на собрании граждан-представителей всех областей Казахстана, городов Астаны и Алматы по образованию инициативной группы референдума, ЦИК РК УСТАНОВИЛА:

Не соблюдены нормы представительства участников собрания от пяти областей: По Жамбылской области в список включены 35 граждан. Проверкой установлено, что не принимали участие в собраниии двое жителей области, а пятеро граждан указанных в списке, согласно письменных справок адресного бюро УВД области не являются жителями Жамбылской области.

Ары қарай осындай анық-қанығы бүгінге дейін белгісіз «фактілерді» Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да келтіріп, ОСК-ның отырысы төмендегідей шешім шығарады.

В соответствии с пунктом 2 статьи 12 пунктом 5 статьи 13 и пунктом 1 статьи 21 Конституционного закона РК «О республиканском реферндуме» Центральная избирательная комиссия ПОСТАНОВИЛА:

1. Считать не выполненным инициаторами проведения собрания по образованию инициативной группы референдума требование пункта 2 статьи 12 Конституционного закона РК «О референдуме» по норме представительства для участников собрания от пяти областей Республики Казахстан. 2. Отказать в регистрации инициативной группы референдума и вопроса, предлагаемого ею на референдум. Секратарь Центральной избирательной комиссии Республики Казахстан В.Фоос.

Аталған референдумды өткізуге қатысты құрылған ынталы топты елге белгілі азамат, мемлекет қайраткері Балташ Тұрсынбаев басқарды. Жамбыл облысынан референдумға дайындық жұмыстарын мен атқардым. Жиын Алматы қаласында Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ – ДВК) қозғалысының ауласында, ашық аспан астында өтті. Жиынға жалпы саны 500-ден астам адам қатысты. Жиналған жұрттың бәрі бірігіп, жиыннан кейін Қазақстандағы демократияны дамыту ұйымының офисіне дейін көшемен жаяу шеру өткізгеніміз есімде.

Референдум өткізуге дайындық барысында аймақтарда көптеген жұмыстар атқарылды. Жалпы бұл мақсатқа республика көлемінде көп қаражат шығын болды. Мен заңда белгіленген өкілдік нормасы – 30 адамның орнына Жамбыл облысынан Алматыға 35 делегат апардым. ОСК-нің тексеруінде келтірілген «Жамбыл облысында тұрмайды» деген бес адам анығында бұрыннан Жамбыл облысында тұрып келе жатқан жергілікті тұрғындар болатын. Мен оларды бұрыннан танитынмын. Дегенмен кейіннен біз осы бес адамның Жамбыл облысының жергілікті тұрғындары екенін дәлелдегенімізбен, оны ОСК қабылдамай тастады.

Билік өз қатесін өзі ешқашан мойындамайды. Оны жоғарыда келтірілген, ОСК қабылдаған екі құжатта жіберілген өрескел қателіктен байқауға болар еді. ОСК-нің қаулысы 2003 жылдың 27 маусымында қабылданған деп көрсетілсе, ал протоколда «2002 жылдың 27 маусымы» деп қате көрсетіліп тұр. Бұл құжаттардың көшірмесі менде сақтаулы. Соған қарамастан, сол кездері Орталық сайлау комиссиясында отырған биліктің қуыршақтары өздерінің негізсіз шығарған шешімімен референдум өткізуге қатысты атқарылған жұмыстарды жоққа шығарды, ынталы топты тіркемей қойды.

Бұл келтірілген мысалдан Қазақстанда қара халық өз құқығын пайдаланып, қоғамды толғандырып отырған кейбір өзекті мәселелерді референдум арқылы дауысқа сала алмайтынын айқын дәлелдесе керек. Билік әр кезде өзіне қарсы жасалған халықтық әрекетке қатысты «бүйректен сирақ шығарып» отыратыны жаңа тарихтан белгілі жәйт.

Содан бері билік өзгерген жоқ. Өздерінің қитұрқы әрекеттерін әртүрлі лас технологияларды пайдалану арқылы іске асырып келеді. Соған орай, референдум өткіземіз деп, босқа әуре болып жүрген азаматтарға айтарым: болмайтын тіршілікке бос әуре болып, орынсыз қаражат шашып, халықты әуре-сарсаңға салудың қаншалықты қажеті бар? Одан гөрі наразылық шараларына қатысты атқарылатын ұйымдастыру жұмыстарын, оған кететін қаражатты дұрыс бағытқа бұрып, «Халық құрылтайын» жоғары деңгейде өткізген жөн болар еді. Ол үшін барлық аймақтарда белсенді топ құрып, әр облыстан кемінде 40–50 адамды ресми түрде өкіл ретінде сайлап, оларды Алматы қаласына жинап, жалпыхалықтық сипат алатын «Халық құрылтайын» өткізген жөн. Егер құрылтайға жиналған көпшілік сол жиында оппозициялық көзқарастағы азаматтардың ішінен бір көшбасшы таңдап жатса, одан оң нәтиже шығып, сонда ғана халықтың басы бірігіп, дауысы билікке жетеді деп ойлаймын.

Өмірбай САБЫРОВ,

Жамбыл облыстық «Ел болашағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Тараз қаласы

Республиканский еженедельник онлайн