ҚЫТАЙЛАР Алаштың астанасына ТҮРМЕ САЛАДЫ

Жуықта өткен «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» форумында мемлекеттік бағдарламаларды орындау үшін Қытай инвесторлары Семей қаласында 1500 орындық түрме салатыны жөнінде ресми ақпарат тарады.

Ол аз десеңіз, осы форумда Қытай үкіметі бірінші кезекте «Қазмұнайгаз», «Қазэнерго», «Қазавтожол» ұлттық компанияларының акцияларын сатып алатындарын ашық мәлімдеді. Ұлттық компаниялардың үлесін меншіктеу – ұлттық экономикаға иелік ету деген сөз!

Таңқалатын ештеңе жоқ, Қазақстанда қытай сатып алмаған, қытай иемденбеген не қалды дерсіз?! Осыдан бірер жыл бұрын ішкі істердің министрі болған Қ.Қасымов кезекті бір жиында елімізде түрме салынбайтыны жөнінде айтқан болатын. «Еліміздегі түрмелерді жеке кәсіпкерлер салмайды. Құны тым қымбат көрінеді, сондықтан бұрынғыларын жөндеуден өткіземіз», – деген-ді. Арада екі жыл өтер-өтпестен, түрме салу жөніндегі мәселе қайта көтеріліп, оның құрылысын қытайлықтар жүргізетін болды. Демек, билік алдағы уақытта түрмеге қамалатындардың санын көбейтпекші…

Абыз Абай мен Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың ізі қалған, кезінде Алашорда үкіметінің астанасы атанған қаланы қытайлар салған абақтыға айналдыру қандай қаскөйдің ойына келгені белгісіз. Бұл өңірден қазақстандық оппозицияның ақсақалы Серікболсын Әбділдин, қудалаудағы саясаткерлер Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов, бүгінгі оппозицияның танымал тұлғалары Зәуреш Батталова, Маржан Аспандиярова, Әмірбек Тоғысов сынды азаматтар шыққаны белгілі. Одан бергісі – күні кеше ғана Мұхтар Жәкішев Семейдің түрмесінде күйзеліп жатты.

Өркениетті елдер түрме санын қысқартып, жазалау тәртібін қоғамдық жұмыстарды атқару мен айып салу жүйесіне көшуде. Оларда тек ауыр жазаға тартылғандар ғана түрмеге қамалады. Ал Қытай түрмесінің жай-жапсары ежелгі тарих түгілі, бүгінгі қытай қазақтарына мәлім. Қытайда жалған жаламен топ-тобымен адам ұстау тарихы, тұтқындау тәсілінің қанқұйлы әдісі, түрмедегілердің итқорлық тұрмысы мен жазықсыз жандардың жантүршігерлік азапты өлімі жөнінде қазақ ақыны Таңжарық Жолдыұлы өткен ғасырдың басында жазып кеткен.

Арғысын айтпаған күннің өзінде, өткен ғасырда қазақ жазушысы 40 жыл бойғы өмірін қытай түрмесінде өткізіп, тас зындандағы қорлықты «Қылмыс» романында әшкерелеп жазған еді. Ал жаңа заманда күні кеше ғана «Қытай геноциді» деген атпен әйгілі болған Шыңжаңдағы үйрену лагерьлеріндегі азапты өмірді өз көзімен көрген қандастарымыздың басынан өткеріп жатқаны мәлім. Сол түрмеге жабылғандардың жан азабын әлемге әшкере етем деп Серікжан Біләштің жазалы болғанын «ДАТ» аз жазған жоқ.

Қытай түрме салудың шебері. Фашистік концлагерьден де асып түсетін азап абақтысын салу қытайлардың үйреншікті кәсібі екенін әлемдік ақпарат аз жазған жоқ. Демек, заманауи технологияны пайдаланып, жазасын өтейтіндерді «мақтамен бауыздайтын» әдіс-тәсілдер қолданылады деген күдікті ешкім жоққа шығара алмайды.

Қысқасы, саяси көзқарастары үшін жауапқа тартылып жатқандар Семейдегі «қытайский» түрмеге түспесіне кім кепіл? Киелі жерге кімнің өші кеткен деген сауалдың жауабын кім береді? Қазақ жерінің әр топырағы қастерлі, тек Семей ғана емес, басқа қалаларда да түрме салынбауы тиіс!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн