ӨЗІҢ МЕН ӨЗГЕ немесе Қарағанды трагедиясының табиғаты

Ашуы аптыққан біраз қазақтың шамына тисек те, бір шындықты мойындайық: «Қарағанды оқиғасы» әу баста «тұрмыстық төбелес» деген атауы бар кәдімгі кикілжіңнен басталған. Мұндай әлеуметтік-тұрмыстық криминал күнделікті болмаса да, қылмыс қозған Қазақстанда ауық-ауық боп тұрған. Қапыда қаза тапқан Рахымжан бауырымыз да, оған пышақ ала жүгірген армян жігіттері де дәл сол жерде «ұлтаралық араздықты қоздырып жіберейік» деген ойда болмағаны анық.

Бірақ адам өлімімен аяқталған сол «тұрмыстық төбелестің» бертіңгі бейнесі «ұлтаралық араздыққа» айналып шыға келді. Неге?
Бұл арада Ақорданың ашуына тисек те айтайық: бұған билік кінәлі! Ақыры ұлт араздыққа ұласқан бұл оқиғаға бастапқы бейнесі – «тұрмыстық төбелесті» тықпалап, әлек болып жатқан қазақстандық билік бар кінәрат өзінен екенін сезбейді. Сезгенді қойып, редакцияға Ақорда жақтан жеткен ақпаратқа қарағанда, «Кәрімнің конторы» әлеуметтік желілерді итше иіскелеп, араздықты қоздырушылар тізімін жасап жатқан сыңайлы. Қарағанды мен қазақтың алғашқы аптығы басылғанда, «қоздырушыларға» қатысты қылмыс қозғалуы да, ақырында тағы да сол қазақ «таз кепешімен» ағаш атқа теріс мініп қалуы да ғажап емес.

«Ақордадан айдаладағы қылмысқа неге билік кінәлі?» дегенде, «таз кепеш» киген қазақ еріксіз еске түседі. Бұл қазақтың билікке деген ашуы асқынып, бүгінде қаны басына теуіп отыр. «Кувейтті қуып жетеміз» деген дақпыртқа алданған қазақ бәрінен айырылды: ақыр соңы табан тіреген жалғыз жері де саудаға түсті. Сондықтан оның бүгінгі ашуы армян ағайындарға емес, билікке «арналған». Олар бауырын өлтірген армяндардан емес, өлтіруге «өкілеттік» жасап берген биліктен өш алудың өріне шықты.

Ол «өкілеттік» қайдан пайда болды?

Енді қараңыз: жалпақ жұртты жарылқайды деген жекешелендірудің жиырма бес жылдан кейінгі нәтижесі елді жаппай жұмыссыздыққа алып келді. «Жұмыссыздық 4,5 пайыздан аспайды» деген биліктің ресми статистикасы сандырақ болып шықты. Оны жұмыссыздарға арналған «жиынтық төлем» деген салықтың жаңа түрін ойлап тапқан биліктің өзі мойындап отыр. Бейресми деректер бойынша, «өз күнін өзі көрген» халықтың саны 3 миллионның маңында екен: ал сол 3 миллионның кемінде 80 пайызы қазақ екені тағы да даусыз дәйек.

Екі қолға бір күрек табу үшін, ауылдан қалаға ағылып, «времянка» салуға жер іздеген халықтың арасында армян бар ма? Қаладағы құрылысқа жалданып, тиын-тебен тапқан жігіттердің арасында орыс бар ма? Базар мен вокзалда арба сүйреп, бала-шаға асыраған бейбақтардың арасында шешен бар ма? Бұрыш-бұрышта бәліш пен шемішке сатқан әйелдердің арасында ингуш бар ма?
Осыдан кейін бұл қазақтың қаны қалай басына теппейді? Өндіріс өліп бітті. Қымбатшылықтың қамыты қысып барады. Банкілік несиенің араны аңырайып тұр…

Жердің асты-үсті байлығы келімсек кәсіпкерлердің қолында. Мұнай мен металлға мұртын майлаған бір қазақ бар ма? (Әрине, Тимур мен оның командасын айтпағанда). Қазаққа қарайлас болады деген ұлттық бизнес батпаққа батып жатыр. Сонау 90-жылдары жарқырап шыққан «Акцепт», «Әлемсистем», «Бутя», «Смат», «Бауыр», «Астана-холдинг», «Райымбек», т.б. ұлттық бизнес қайда бүгін? Айдау мен байлаудан аман қалып, ілдебайлап күн көргендері бүгіндері сок сатып, дүкен саудасымен күн көріп жүр.

Ал пара бермесе, парық таппайтын, жемқордың жемсауын майламаса, жұмысы жүрмейтін қарапайым қалың қазақтың күні қандай? Оны Димашқа арнап жазған әні әлемге әйгілі болған композитор Айгүл Бажанованың «Фейсбуктегі» жазбасынан оқып алуға болады (қаз-қалпында).

«Шыдам әбден ширыққан, – депті Айгүл өз жазбасында. – Халық қазір қиналып жүр. Шынын айтқанда, жерге наны жоқ. «Жұмыс істеп жүр» дегенінің өзінің алатыны 60–70 мыңнан аспайды. Ең көп алатыны 100–120 мың шығар. Олардың өзі жұмысына таң атқаннан кетіп, түнде үйіне бір-ақ келіп, төсегіне құлайды. Дүкенге бір кіріп шыққанда, сол айлығының жартысын тастап кетеді. Ал азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр.

Бүкіл қазақта несие бар. Алмаса, аштан өледі. Әйтеуір Алла бөлген ризықпен титықтап, өлместің күнін көруде. 200–300 квадраттық үйі барларды «ақшасы бар шығар» деп ойлайсың, бірақ ол үйі залогта тұрады. Жақсы көлік мініп жүргендерді ойлайсың, «е-е, мынау жақсы тұратын шығар» деп, ол онысын да кредитке алған боп шығады. Бизнесі барлардың өзі несие алып, сол бизнесін несиенің ақшасымен ашқан: онысын ақтай ма, ақтамай ма – бұлыңғыр.

Ашынбағанда қайтсін жұрт? Сағы сынбағанда қайтсін? Кімге, қалай сенеді сосын? «Жалқау қазақ» дейді, істейтін жұмысы болмаса, ұйықтамағанда қайтсін енді?

Ішіп-жемі барлары қарапайым xалыққа қараса ма? Қараспайды. Одан сайын құнығып, былыққа батып жатыр.

Жастарды «үйленбейді» дейді. Қалай үйленеді – ертеңіне сенбесе?! Өз бастарын асырай алмай жүрген соң, жауапкершіліктен қорқады. «Жоқ» дегенді естімеуі тиіс кішкентай балалардың өзі үнемшіл болып алды. Ерте есейген. Қамсыз балалық жоқ оларда.

Кешегі жағдай /Қарағанды/ жығылған үстіне жұдырық болды. «Халықтың сөзін сөйлемеді» деп жатыр біреулерді, сөйлесе – қолындағы барынан айырылады. Сосын қалай сөйлесін? «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Сөйлегендердің даусы жетпейді. Не сауаты жетпейді.
Жауабын да, сауабын да сұрайтын ешкім жоқ.
Сонда да шүкірі аузында. Сонда да мейірімді. Сонда да ақкөңіл. Сонда да арам ойламайды. Бөрі мінез қазақ сонда да арығын білдірмейді-ау, білдірмейді. Айналайын-ай!..».

Міне, елді жайлаған осындай сұрықсыз суреттерден кейін, «тұрмыстық төбелестің» соңы «ұлтаралық араздыққа» қалай ұласпайды? Ол араздықты қоздырған армян ба, Ақорда ма? Тақта тапжылмай отырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, өзгені өзіне тартып, өз қазағын өңменінен итерген бұл билікке қаның қайнай ма, жоқ па?

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн