Қазақстан халқы БҰҰ қарарының
өз күшінде қаларынан үмітті
Соңғы күндері АҚШ халқының бір бөлігі (штаттар) Украина мәселесінде бұрынғы президент Байденнің ұстанымын 180 градусқа өзгерткен президент Дональд Трампқа импичмент жариялауды қолдап, наразылық шерулеріне шығуда. 2022 жылы «Ресей – агрессор ел» деген БҰҰ-ның 122 мемлекет қол қойған қарары бар. Өзінің позициясын қалайда өткізу үшін Трамп басқарған топ: «Ресеймен соғысты бастаған Украина» деген желеумен Ресейді – агрессор ел деп атауға қарсылығын білдіруде.
Еуроодақ өкілдері мұнымен келіспейтінін білдірді. Осыған қатысты АҚШ-та жиналған Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтын (G7) жеті мемлекеттің алтауы, Трамптың Ресей агрессиясын айыптайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарының «жобасын өзгерту керек» деген ұсынысын қолдамауы әбден мүмкін. Егер алты мемлекет өкілдері өздері қолдаған құжатты өзгертіп, Трамптың ыңғайында кетер болса, онда бұл – «Ресейді агрессор ел» деп басым дауыспен қолдаған 122 мемлекеттің мүддесін сатқандық болып қабылданады. Бірақ қазірдің өзінде алты ел Ресей агрессиясын айыптайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын өзгертумен келіспейді» – деп жазды The New York Times агенттігі. Біздіңше, тек осылай жасағанда ғана Трамптың ұсынысы өтпейді, «Ресей – агрессор ел» деген БҰҰ қабылдаған қарар күшінде қалады. Басым дауыс шешуші болады. АҚШ халқы қалайда басым дауыспен «Ресей – агрессор ел» деген БҰҰ қарарын негіз етіп, Трампқа «демократиялық құндылықтарды мойындамады» деп импичмент жариялауы керек.
Бүгінде бар мәселе осы БҰҰ-ның бір қарарына тіреліп тұр. Сонан соң барып сұрақ Сенат талқылауына өтеді. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ», қай жеңгенінің сөзін Сенат мақұлдайды… Бұл текетіресте Украинаның Еуроодаққа мүшелікке өтуіне мүдделі Европа мелекеттері өкілдері (алты ел) табандылық танытады, «БҰҰ қарары күшінде қалады», – деп бостандық сүйгіш әлем елдерінің басым бөлігі үміттеніп отыр. Олардың қатарында БҰҰ-ның қарарын қолдап, Ресейді «агрессор» деп қол қойған 122 мемлекеттің бірі – Қазақстан халқы да тұр!
Д.Трамптың «золотая карта» бағдарламасы…
Президент Д.Трамп «Алтын карта» деген жаңа бағдарлама ойлап тауыпты. Бағдарлама бір аптадан соң заңды күшіне енеді. Ол осы бағдарлама аясында Ресей олигархтарына АҚШ-тың «Алтын картасын» 5 миллион долларға сатып алып, кәсіптерін жалғастыруға мүмкіншілік беріп отыр. Бұл картаны алғандарға АҚШ азаматтығы да қоса беріледі. Бұл нені білдіреді? Европа банктеріндегі есепшоттары мен активтері бұғатталған ресейлік олигархтар енді АҚШ-қа барып, кәсіптерін жалғасырып қана қоймай, санкциядан тұралаған Ресей экономикасына инвестиция құя бастайды деген сөз. Тіпті «Алтын картаны» алған ресейліктерге әлемнің әр түкпіріндегі АҚШ банктеріндегі есепшоттарын босатуға да рұқсат берілуі әбден мүмкін.
Сепараттық келісім. Д.Трамп Путиннің жеке бас қауіпсіздігінің кепілі болмақшы
Д.Трамп Путинмен Еуроодақтың ту сыртынан өзара сепараттық келісім жасау арқылы саяси-экономикалық одақ құруға кірісті. Ол қазірдің өзінде АҚШ инвесторларына РФ жер асты қазба байлықтарын, сирек кездесетін қымбат түсті металдарын бірлесіп игеруге Путиннің келісімін сұрап отыр. «Түрт сайтан» дегендей, 24 ақпанда Путин оның ұсынысын қуана қабыл алып, Ресейден алюминий өндірісін ашуға келісімін берді. Путиннің одан әрі кеткені сондай, ол: «Мы готовы привлечь иностранных партнеров и на так называемые новые территории (…) Там тоже есть запасы определенные», – деп, Украинаның басып алған бөлігіндегі қазба байлықтарды да бірлесіп игеруге АҚШ-ты шақырып отыр. Путин басып алған аймақтағы Украинаның меншігі болып табылатын қазба байлықты да өзгенікі екенін мойындағысы жоқ.
Бәрі түсінікті болды, Путиннің көздегені, біріншіден, өзінің жанын, екіншіден, күйреудің алдында тұрған РФ-ын қалайда сақтап қалу үшін, ел экономикасына АҚШ инвесторларын тарту, Трамппен экономикалық одақ құру арқылы АҚШ-ты өзінің «жеке бас қауіпсіздігінің кепілі» ретінде ұстап отырғысы келеді. Президент Дональд Трамп: «…Киев может забыть о вступлении в Североатлантический альянс», – деп, Украина НАТО альянсына кірмеуі керек деген үзілді-кесілді талабын қойды (цитата по Associated Press). Мұнымен Украина жағы келіспесі анық. Трамп министрлер кабинетінің 1-ші отырысында Украинамен арадағы соғыс түсіністікпен бейбіт шешілген жағдайда АҚШ жағынан Ресейге салынған санкцияларды босататынын мәлімдеді. Бұдан әлемде тыныштық орнап, Ресей қаупі сейілмесі анық, келесі кезекте Қазақстан…
Трамптың мұнысын, яғни «Басқыншы мемлекет» атанған автократиялық саяси жүйесі бар Ресеймен сыбайласуын, демократиялық қағидалардан ауытқу, қазіргі күрделі геосаяси ахуалға ең үлкен қауіп төндіретін фактор, сепараттық келісім деп қабылдауға негіз бар.
Ендеше АҚШ пен Европа арасындағы қалыптасқан ғаламдық текетірестен, қазіргі саяси, әлеуметтік кризистен Америка халқын тек бір жол – импичмент жариялау арқылы Д.Трампты биліктен кетіру ғана құтқарады.
Түркия мен Еуроодақтың бірігуі – түркі мемлекеттерінің де қауіпсіздігінің кепілі…
Соңғы кездегі Ресей мен Украин соғысынан туындаған АҚШ пен Еуроодақтың арасындағы алауыздық Түркияның Еуроодаққа кіруін жеделтеуі әбден мүмкін. АҚШ президент ауысқан сайын жаңа келген президент империалистік саясатын жүргізу жолында өзіне дейінгі президенттің қол қойған кез келген халықаралық келісімдерін ойланбастан бұза салатынын әлденеше рет дәлелдеді. Соның бірі – мінезі алақұйындай өзгере салатын қазіргі президент Трамп. Осындайдан соң «ядролық қаруы жоқ елдердің қауіпсіздігінің кепілі боламыз» деп жүрген халықаралық уағдаластықты жиі бұзатын, орындамайтын Ресей мен АҚШ секілді ядролық қаруы бар алпауыттарға кім сенеді?
Бұған дейін Түркия 1999 және 2005 жылдары Еуроодаққа мүшелікке қабылдауын сұрап, екі мәрте ұмтылған еді. Бірақ түрлі желеулермен Түркияны Европа қабылдамады. Мінезі құбылмалы Трамптың қандықол, басқыншы ел Ресейдің жағына шығуы ғаламдық ара салмақты күрт өзгертті. Енді Еуропа саясатшылары АҚШ-тан соң екінші саналатын алып әскер күші мен әскери өндірісі бар Түркияны өз қауіпсіздіктерінің кепілі ретінде Еуроодаққа қабылдауды әңгіме ете бастады. Егер Түркия Еуроодақтың толыққанды қатарына өтсе, бұл Қазақстан үшін, басқа да түркі мемлекеттері үшін Еуропаға ашылған көпір болады.
Біз Европа мен Түркияның өзара ынтымақтасуын заңды құбылыс және уақыт сұранысынан туындаған маңызды қадам деп қабылдағанымыз дұрыс. Түркияның Еуроодақпен одақтасуы және түркі мемлекеттерінің арасындағы қазіргі жетекшілік ролі – Қазақстан үшін Ресей мен Қытайдың, АҚШ-тың империалистік пиғылына, күнде өзгеретін екіжүзді амалдарына қарсы тұрудың жалғыз жолы және қауіпсіздігіміздің кепілі!
Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ