Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз 1764 жылы Теректібұлақ деген жерде қайтыс болған. Мәйіті Түркістанға жеткізіліп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленбес бұрын қыс бойы кигіз үйдің ішінде, биік сөренің үстінде сақталғанын біреу білсе, біреу білмес. Сол сөреге тірек болған төрт сөретастан (баған тастардан) қазір орнында екеуі ғана тұр. Ол сөретастар мен тұрған орыны бүгінде көпшілік тағзым жасап, зиярат ететін киелі нысанға айналған.
Қазыбек би қыста қайтыс болып, мәйіті киіз үй ішінде, төрт тасты тірек еткен сөренің үстінде, Теректібұлақ деген жерде қыс бойы сақталған. Ол жер бүгінде «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреді. Екі жарым ғасыр қараусыз қалған сол сөретастардың біреуін бір ғалымның алып кеткенін баспасөзден білеміз. Бірақ қайтармаған. Екіншісі жоғалып кеткен. Қалған екі тасты, рухани қымбат жәдігерлерді ашық аспан астында бұдан әрі сақтау мүмкін еместігін ескеріп, 2021 жылы Ерқанат Амантайұлы Қақабай, Мақсым Кәдірбергенұлы Алшынбай есімді азаматтар Павлодар облысының сол кездегі әкімі Ә.Б.Сқақовтың атына хат жазып, сөретастардың сыртынан баспана – күмбез орнату туралы мәселе көтерген. Бұл мәселе туралы автордың «Үміт ең соңынан өледі» атты кітабында да (2023) айтылған еді. Бір-біріміздің әрекеттерімізді білмесек те, ойымыздың бір жерден шыққанына таңданғанымыз рас.
Облыс әкімі мәселені зерттеуді облыстық мәдениет басқармасына жүктеген. Сол тұстағы басқарма басшысы С.Бегалинова жоғарыдағы азаматтарға берген жауабында (№ 01−25−1 (106) 25.08.2021 ж.) арнайы комиссияның сөретастар басына барып қайтқанын баяндаған. Комиссия қариялардың, діни сенімдегі адамдардың «Мүрде қойылмаған жерге күмбез орнатуға болмайды» деген әлсіз, тиянақсыз уәжіне тоқтап, мәселені аяқсыз қалдырған.
2001 жылы Ботақарада тұратын егіндібұлақтық азаматтар сол сөретастарды хал-қадірінше қоршап, шағын ескерткіш тақта қойған еді. Ол темір шарбақ ашық аспан астында тұрған киелі тастарды келер ұрпақтарға, келер ғасырларға сақтап, жеткізе алмайды, әрине. Ол жерде өткен-кеткен жолаушылардың көзіне сонадайдан шалынып, ақшаңқан күмбез «менмұндалап» тұруы керек. Бірақ ол күрделі, қымбат мазар болмауы тиіс. Іші-сырты әктелетін, еңселі, қарапайым күмбез жеткілікті. Оған кететін қаржы екі облыстың кәсіпкерлеріне бұйым емес. Ол жер көпшілік тағзым жасап, зиярат ететін орын болуы тиіс. Қазірдің өзінде жұрт ағылып келіп жатады.
Осы жерде өзіміздің әсіре құнтсыздығымызды ашық көрсетіп тұрған жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» атты күнделігінен («Жас Алаш», № 39, 31 тамыз, 2017 жыл) бір мысал келтіре кеткім келеді: «Пушкин мен Анна Керн бақ ішінде қыдырып келе жатады. Анна ару жұдырықтай бір тасқа сүрініп кеткен. Қайтар жолда Александр Сергеевич әлгі тасты қалтасына салып алады. Қазір де музейінде тұр. Оны орыстардан тап сол тастың көлеміндей алтын беріп те айырбастап ала алмайсың. Өйткені ол – тарих. Керннің аяғының, Пушкиннің алақанының табы қалған. Бізде ше?» – дейді…
Иә, бізде… керісінше… Ұлы бабаның сүйегін бір қыс бойы көтеріп тұрған, ең соңғы «тірі» куәгерлердің, қасиетті тастардың екеуін жоғалтып, қалған екеуін күн жеп, жаңбыр шайып, тозып бітуін күтіп жүрміз…
Мен сол тарихи, рухани қымбат жәдігерлерді табиғи тозудан сақтап, келер ұрпақтарға жеткізу үшін сыртынан баспана – күмбез орнату туралы шілде айында (18.06.2025 ж.) Қарағанды облысының әкімі Е.Қ.Бөлекпаев пен Павлодар облысының әкімі Е.Қ.Байхановқа, кәсіпкерлерге, екі облыстық газетке Үндеу хат жаздым. Егер екі облыстың әкімдіктері бір-бірімен хабарласып, мәселені бірлесіп, жігерлі түрде қолға алса, болашаққа көз жібере алатын, намысты кәсіпкер азаматтардың ынтамен қолдайтынына бек сенімдімін.
Ал «жоғалды» деген бір тасты 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының қызметкері Н.Жаналин есімді азамат Алматыға алғызып, Ғылым академиясының мұражайына қойғызған» деген дерек таптым. (Қу – Балқантау энциклопедиясы, 2017 ж.). Екіншісін осыдан 55–60 жылдай бұрын бір ғалымның алып кеткенін баспасөзден оқыған едім. Сол сөретастарға іздеу саламын. Тіл қатыңыздар! Хабарлассаңыздар: тел: 8−775−807−60−20.
Қайыр РАХМЕТУЛЛИН, Қарағанды қаласы