Ерсайын ЕРҚОЖА: БИЛІК ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРМАЙ, білім саласында жақсылық болмайды

«ДАТ» жобасымен 20 жыл бойы шыққан газеттердің белсенді авторы, басылымның жанашыры Ерсайын Ерқожа ертең – қарашаның 9-ында 70 жасқа толады.

Саясатта саяси теңдікті талап ететін «солшыл» көзқарасымен танылған Ерекеңнің де білім саласындағы жүгенсіздікпен алысып жүргеніне 20 жылдан асқан екен. 2000 жылдардың басында осы табанды көзқарасы үшін оған қастандық та жасалды: бетіне шашылған қышқыл ерітіндінің әсерінен бір көзіне зақым келді. Сол кезде «ДАТ»-тың «Жұма-таймс» газеті «Солшыл» сол көзінен айырылды» деп жазған еді. Кейіннен – 2008 жылы «Солшыл» 60-қа толды» деп жаздық. Достық, әріптестік, аға-інілік рәуіштегі сол дәстүрді сақтап, бүгін біз «солшыл» ағамызды «солақай» әңгімеге шақырдық.

Ереке, 70 деген жетелі жасқа да жеткен екенсіз, құтты болсын! Дегенмен, бұрындары қоғамдық өмірде өте белсенді едіңіз, соңғы жылдары сыртқары жүруіңіз біразды алқымдаған жасыңызға байланысты ғана жағдай ма, жоқ әлде алыса-алыса шаршадыңыз ба?

– Елеп-ескеріп, құттықтап жатқандарыңызға рахмет! Жетпіс деген аз жас емес, әкем небәрі 59 жасында өмірден өтті. Осы жасқа жеткеніме шүкір. Әлі де сол – шамам келгенше білім саласында еңбек етудемін.
Иә, кейінгі кезде әртүрлі жағдайларға байланысты байырқап қалғаным рас. Бір кездергі теперіштен барар жер, басар тауым қалмаған күндер болды. Сол кезде «ДАТ» газеті менің қолтығымнан сүйеп, ел-жұртқа араша сөз айтқан еді. Бүгінде теледидар мен радионың маңына жолатпайды, жазған-сызғанымды тек әлеуметтік желі арқылы ғана жариялап жүрмін. Көзім жұмылғанша, елдің жағдайына, болашаққа алаң болатын шығармын.

Екінші жағынан, отбасындағы әртүрлі жағдайларға байланысты да қоғамдық белсенділігім азайған кездер болды. Жолдасым қайтыс болып, үш жылдай салт басты, сабау қамшылы күй кештім. Кейіннен үйленіп, шаңырағымызға егіз сәби келіп, үйішілік тұрмыстан қолым босамады. Бұрындары президент Назарбаевтың атына білім саласындағы олқылықтырға қатысты бір жылдың ішінде елуден астам хат жолдаған екенмін. Кейінгі кезде екі-үш айда бір хат жазып жүрміз. Өйткені жоғарғы биліктің ешбір мәселені түземейтінін білеміз, бірақ айтуға тиіспіз, елдің алдында, болашақ ұрпақтың алдындағы міндетімізді орындауымыз керек қой.

– Сол міндетті атқару жолында тоқырауға тірелген елдің тоқетер турасын ақсақал ретінде айтыңызшы: басты кінарат кімнен немесе неден?

– Оған бірден-бір жауапкер – президент Назарбаев! Өйткені мемлекеттегі барлық билік тек өзінің ғана уысында. Лауазымды биліктегі шенеуніктерді министрлер мен облыс әкімдеріне дейін өзі тағайындайды. «Сайланды» деген аты болмаса, парламентіңізді де, сот жүйесін, құқық қорғау мекемелерінің басшы-қосшыларын да өз білгенімен ғана сапырады. Ендеше білім беру саласы да осы жүйеден алыс кеткен жоқ. «Жұмыс істемейді» деп, көпке топырақ шашқаннан гөрі, «жұмыс істетпей отыр» дегеніміз жөн. Сондықтан елдің тоқырауын бір адамның билік жүйесінен көрмесек, басқа кімнен көреміз?!

– Ендеше сол биліктің былықпа әрекеттеріне тосқауыл қоюға елді үндейтін қоғамдағы зиялы қауымның дауысы неге шықпай қалды? Бала-шағаның қамы үшін деп, қорқыншақтау, қудалаудан жасқану – ұлттық мүддеге сатқындық жасаумен бірдей деп ойламайсыз ба?

– Шындығында, елдің алдында жылтыңдап жүргендер –«сатылғандар», өзінің баласы мен немересі үшін елдің мүддесін ысырып қойғандар. Көптеген азаматтарды білемін: биліктің айдауына жүріп, айтқанына көніп, саясаттан бас тартты. Солардың балалары бүгінде ержетіп, олар да биліктің биігінен дәмелі болғанда, зиялы атаулы мүлде бүгежектеп қалды, өз ұрпағының жағдайын күйттеуге мәжбүр болды. Ертеңгі күннің басқаша болатыны, бүгінгі әр қадамыңа жауап беретін тарих деген таразы бар екені түйсіктеріне кірмейтіні өкінішті.

Мәңгілік ештеңе жоқ. 2002 жылы «ел басшысы елін неге ойламайды, өзі биліктен кеткеннен кейін, бала-шағасы, құда-жекжатының күні не болады?» деп, «ДАТ»-та мақала жариялаған едім. Арада 15 жылдан артық уақыт өтсе де, сол айтылғанның маңызы әлі күнге жойылған жоқ. Осы күнде есін жиған, саясатта шаруасы жоқ, қарапайым қазақтың өзі президент теледидардан сөйлеп жатса, арнаны ауыстырып жібереді. Халық жалғандықтан жалығып бітті.
Сіз зиялылар қайда дейсіз? Президент жыл сайын бес-алтауын жинап алып, жағдайын жасап, желпіндіріп жібереді. Ел ішінен қарапайым адамды қабылдап, елдің жағдайын сұрапты дегенді естідіңіз бе? Жоқ, әрине!

Президент ел аралағанда да, алдын ала дайындап қойған жерге барады. Егер келе жатқан жолынан бұрылып, кез келген ауылға барса, мүлде басқа жағдайды көзімен көрер еді. Біздің де президент барған жерге жолымыз түсетіні бар: сөйтсек алдын ала дайындалған үйге жиһаз апарып, қорасына мал кіргізіп, дастарханын жайнатып қойып, президент кете салысымен бәрін жиып-теріп алып кететіні жалғыз маған ғана емес, дүйім елге мәлім жайт.

Кезінде 1989 жылы өзіміз қарғап-сілеген Колбиннің өзі 2000 жылы ел аумағындағы құжаттар қазақ тіліне көшірілуі керек деген бағдарламаға қол қойған еді. Енді, міне, Тәуелсіздіктің 28 жылында мемлекеттік тілді ендіре алмай отырған мүшкіл жағдайымызды кімнен көреміз? Мәскеуден көреміз бе?

Ал Дариға Назарбаева оңтүстіктегі Отырар ауданына барып, Арыстанбаптың басындағы жазуларды көріп: «Неге барлығы қазақ тілінде, орысша бір ауыз сөз жоқ!» деп ренжіпті. «Әрбір ауданның әкіміне тікұшақ беру керек» деген де осы Дариға. Одан кейін қытай тілін үйренуге шақырды. Әкесі үкімет пен парламенттің жұмысы қазақ тілінде жүргізілсін десе, қызы орыс тілінде болсын деп шалқаяды. Қызы осылай дегенде, қалған шенеуніктерге не жорық?

– «Алма ағашынан алысқа барып түспейді» деген бар ғой… Ереке, үлкен саясаттағы сауатсыздықтың салдарын білім саласына қарай ойыстырайық. Қазақстанда тәуелсіздіктің 28 жылында білім саласын 14 министр басқарыпты. Яғни, әрқайсысы орта есеппен бір жарым жылдан десек, Сағадиев екі жылдан астам уақыт қызметте отыр екен. Оның «кесімді орташа уақыттан» артық отыруы іскерлігіне байланысты ма, әлде елбасының білімді реформалау жөніндегі тапсырмасының мерзімі солай болып тұр ма?

– Сөзіңізге бір түзету енгізейін: Бірғаным Әйтімова мен Мұрат Жұрынов кезінде министрлікті үш жылдай басқарды. Бірақ олар қанша отырса, сонша отырсын – осы он төртінің біріне де риза болған емеспін.

Бүгінгі министр Ерлан Сағадиев білім беру саласына кері кеткеннің кебін кигізді. Кез келген министр қаржылық дейсіз бе, рулық-кландық дейсіз бе – бір топтың адамы болып саналады. Олар – президенттің аузынан шыққан тапсырманың байыбына бармастан, орындауға кіріседі. Президент білім беру саласының маманы емес: берілген тапсырманы орындау үшін, материалдық-техникалық база қамтылған ба, мамандар жеткілікті ме – оны ескеру, зерттеу, зерделеу мәселесі ешкімнің қаперіне кірмейді. Әрі-беріден соң, берілген тапсырма су құрдымға кетеді.

– Білім саласына байланысты сіздің қолыңызда қазір қандай нақты деректер бар?

– Қазақстанда 198 237 оқушыға оқитын орын жоқ, демек, 20 мың мектеп жетіспейді екен. Үш жылда 100 мектеп салыныпты, сонда 20 мың мектепті қанаша жылда салып бітіру керек? Бір партада үш бала отырса, 128 мектеп үш кезекте оқиды. Жеке меншік мектептерге тоқталмай-ақ қояйын…

Мектептердің кадр мәселесі әлі күнге шешімін тапқан жоқ. 1996 жылы елде 21 педагогикалық институт болды, үкіметтің бір ғана қаулысымен соның барлығын академия мен университеттерге айналдырды. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институты мен Арқалықтағы институт қана қалды. Сөйтіп, бүгінде 131 университет – экономист, 61-і – заңгер мамандарды дайындады. Мектепке мұғалім жетіспейтінін 2000 жылдан бері ескертіп келеміз. 2004 жылы бір айдың ішінде құртқан 10 педагогикалық университетті он жыл бойы қалпына әрең келтірді. Осы жағдайға жол берген – білім саласын білмейтін министрлер емес пе?

Биыл Сағадиев әр оқушыға қаржы бөлу қажеттігін айтты. Ол мәселені 2000-жылдардың басынан бері зарлап келеміз: оның ішіне мұғалімнің айлығы, мектептің материалдық-техникалық базасы, құқықтық мәселелер кіреді. Әр аудандағы мектептің оқушыға деп бөлетін қаржысы әртүрлі. Мәселен, Түркістан ауданында бір оқушыға 38 мың теңге деп белгіленсе, қасындағы Отырар ауданына – 88 мың теңге. Осы жаңалық келесі жылдан бастап Алматы мен Шымкент қаласына, 2020 жылдан бастап республика аумағындағы барлық мектептерге енгізілмек. Оқушыға қаржы бөлінген соң, мектеп басшылары тиісті білім деңгейінің сапасы жақсаруына көңіл бөледі. Сағадиев мектепте бірде-бір жыл еңбек етпеген, ауыл мен ауданның мектебінен хабары жоқ: осы жаңалықты мектептерге қаншалықты ендіреріне күмәнім көп.

– Осы білім мен ғылым саласын басқаруға лайық болған, бірақ билік жұмыс істетпеген білім министрі болды ма?

– Кезінде үш министрлікті қосқанда, марқұм Шайсұлтан Шаяхметов орынбасарлыққа тек білім саласын жақсы білетін, мектептің барлық баспалдағынан өткен мамандарды таңдады. 1993 жылдың аяғына дейін білім саласындағы жұмыстар жақсы деңгейде жүргізіліп жатты. 1994 жылы Мұрат Жұрынов министр болып тағайындалғаннан бастап, білім саласы құлдырау кезеңіне тап болды. Тәуелсіздік қолымызға тегін түскеннен кейінгі кезеңге арнап, «Қазақстандағы білім саласы: дағдарыс пен күйреудің 25 жылы» деген кітап жаздым. Осы 14 министрге қатысты бар шындықты жазып шықтым. Шаяхметовтен басқа, білім беру жүйесін сақтап қалуға үлес қосқаны болған жоқ.

Ережеп Мәмбетқазиевтің қызмет уақыты аз болды, бірақ білім саласын жақсы білетін еді. Одан кейінгілерінің ештеңеден хабары жоқ, бүлдіргеннен басқа түк бітірмеді.

– Ендеше Тәуелсіздіктен бергі уақытта министрлерін судай сапырған, мектеп пен білімге қатысты әртүрлі реформалардың санынан жаңылған, сансыз бағдарлама түзген осы саланың бүгінгі сықпыты қандай?

– Айналып келгенде, президент өзі берген тапсырмасын орындата алмаса, ол неге елді басқарып отыр деген сұрақ туады. Жүз мектепті екі жылда салып бітіру керек деген тапсырмасының түрін қараңызшы: төрт жылда әрең салып бітірген әкімдер тапжылмастан әлі орындарында отыр.

Ал енді білім беру саласын сыбайлас жемқорлық жайлағанын қалай түсінуге болады? Оңтүстікте мектепке мұғалім болу үшін, 700 мыңнан бір миллионға дейін ақша сұрайды екен. Түркістан қаласында бір мектептен екіншісіне ауысу үшін 700 мың теңге сұрапты. Мектеп директорлығының құны бұрын 3–4 мың доллар еді, қазір ол баға шарықтап кеткенін сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын. Жемқорлық жөнінен Білім министрлігі алғашқы бестікке кірген соң, одан басқа не күтуге болады?

Кезінде мектеп директорын сайлау жөнінде ұсыныс айтқан едік. Сайланған басшы мұғалімнің жағдайын жасауға тырысады, қайтадан орнында қалуға еңбек етеді. Егер міндетін атқара алмаса, қолынан іс келетін маман сайлау арқылы басшылыққа келер еді. Облыстық, аудандық білім беру саласындағы басшыларды да сайлау жүйесін ұсындық. Бірақ бізге «ондай өзгеріс жасайтын уақытқа жеткен жоқпыз» деген қарсы уәж айтылды. Демек, билік кез келген сайлау деген науқаннан ат-тондарын ала қашады. Жергілікті жердегі ірілі-ұсақ лауазым иелерінен бастап, президентке дейінгі сайлауды өз уыстарында ұстап, елдің еркін тежеп ұстауда.

– Мектептерде үш тілділік бағдарламасының іске асуына қалай қарайсыз? Мәселен, география, биология, химия, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізу мәселесі көтеріліп жатыр…

– Осы мәселені 2003 жылы сол кездегі министр Жақсыбек Құлекеев президенттің тапсырмасы бойынша көтерген еді. Ол кезде жекелеген пәндер туралы сөз болмады. Жалпы кеңестік кезеңнен, 1960-жылдардан бері үштілділік деген мәселе бар. Шет тілінен –ағылшын, неміс, француз тілдері үйрену үшін оқытылды.

Ал пәндер бойынша шет тілінде сабақ жүргізуге қатысты айтарға сөзім жоқ! Осындай есуас жүйені енгізуді талап еткен министр ме, жоқ әлде президенттің өзі ме? Меніңше, бұған министрдің пәрмені жетпейді…

Мәселен, мектептерде 300–400 мыңның айналасында мұғалім, оқытылатын 22 пән бар десек, сол мұғалімдерді пәндерге бөлсек, әрқайсысына бір пәннен 10 мыңның айналасындағы маман керек. Әр пәнге он мың маманды бір жылда дайындау, тіпті терминдерді жаттатқызып, ағылшын тілін үйретіп шығару мүмкін бе? Сағадиеві болсын, президенті болсын – осы жаңалығы бос тірлік. Барлық мектепті ағылшын тілін игерген маманмен қамтамасыз етеміз дегені – барып тұрған сауатсыздық.

Ол үшін ЖОО төрт жыл ішінде аталмыш пәндердің терминін, методикасын ағылшынша толық игеріп шыққан мұғалімдер дайындауы керек. Ал жол ортада және аяқ астынан жасы қырықтан асқан пән мұғалімдеріне термин үйрету, тіл үйрету оңай емес, үйрене қоюы да екіталай.

– Осы үштілділік мәселесінің астары саясатқа барып тіреледі деген ел ішіндегі пікірге нендей ой қосасыз? Сонда ұрпақты мәңгүрт ететін бұл саясаттың мақсаты қандай?

– Мақсаты – мал сияқты айдап жүруге көнетін ұрпақ тәрбиелеу ме деп қорқамын. Балаларға, әсіресе қазақтың баласына қасақана істеліп отырған саясат осы деп ой түйдім. Үш тілді игергеннен кейін, қазақтың балалары шеттерінен шетелге барып оқиды деген не сөз? Қазақтың ен даласын, байтақ өлкені Назарбаевтың айналасындағыларға тастауымыз керек пе? Ел мен жерге ие болатын ұрпақтың басын қатыру неге керек?

– Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті тапсырмасымен мұғалімнің статусын айқындау туралы заң жобасы қаралып жатыр: сіз осы саланың маманы ретінде бұл заңда басты мәселе не болуы керек деп ойлайсыз?

– Бұл мәселені де 2000-жылдары мұғалімнің мәртебесін аудан көлеміндегі шенеуніктің дәрежесіне жеткізейік деп ұсыныс жасадық. Алдымен – алатын ақшасын көбейтіп, кім болса, соның қолбаласына айналдырмау керек дедік, аудан әкімшілігінің тапсырмасын орындаушы, мектеп директорының «құлы» болудан құтқаруды көздедік.

Екіншіден – мұғалімге берілетін жеңілдіктерді реттеу: баспана алу, тегін медициналық көмекке, демалыс орындарына жіберуге, т.б. әлеуметтік пакеттерге қол жеткізу керек. Мұғалімің мәртебесі анықталса, ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлкен бір үлес болар еді.
Осыдан 18 жыл бұрын көтерілген мәселеге атқарушы билік пысқырып та қараған жоқ. Енді келіп, президент тапсырма берген соң, орындала қалады дегенге сенбеймін. Билік басында елге жаны ашымас шенеуніктер отырғанда, мұғалімнің мәселесі шешілмейді. Заң жобасын дайындау жөніндегі тапсырманың артында – кезектен тыс саяси науқан – сайлаудың исі шығады. Сайлау кезіндегі жұмыстарды, биліктің былығын іске асыруға жұмсайтын мұғалімді мәз қылудың әрекеті. Билік жүйесі жаңармай, сайлау заңына өзгеріс енбей, демократиялық құндылықтар сақталмай, биліктен жақсылық күтуге болмайды.

Мұғалімнің мәртебесі заңдылық тұрғысында анықталса, ер-азаматтар мектепке барар еді. Біз оқыған кезде мектептерде ер мұғалімдер 95 пайызды құрайтын еді. Мұғалімнің мәртебесі де жоғары еді, ел-жұрттың сый-құрметіне бөленіп жүретін. Ер адамның уақыты мол, күні-түні мектепте жүреді, әйелдер сияқты үй шаруасына асықпайды. Бүгінгі таңда бұл жағдай керісінше: шәкірттердің тәрбиесі тек қыздарға жүктелген. Мектебі бар, үйі бар – екі жақты да қамтуға тырысады, оның үстіне толтыратын қағаз да көбейді, алатын айлығы мардымсыз. Жыл сайын үстеме қосылды деп, билік жар салғанымен, қымбатшылық қамытында ол үстеме тиын-тебенге айналды.

– Білім жүйесіне Ұлттық бірыңғай тестілеу әдісінің (ҰБТ) енгеніне он бес жыл болыпты. Мектеп бітіруші түлектің білім деңгейін анықтауы тиіс осы жүйе өзінің қажеттілігін дәлелдей алды деп ойлайсыз ба?

– Мен әуел бастан ҰБТ дегенге қарсымын. Президенттің мақтануынша, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс бар. Ендеше оның қай жері ұлттық? Нешетүрлі ұлт пен ұлыстан құралған Ресейдің өзінде мемлекеттік тест деп аталады.

Осы әдіс 1993 жылы басталды: мақсаты – ауылдағы бала ата-анасымен келген соң, екі ай бойы қалада тентіреп жүрмей, төрт емтиханды бір күнде тапсырту еді. Таңдаған мамандығы бойынша емтихан қортындысын бір күннің ішінде біліп, ауылына қайтады. Бүгінгі күнге дейін сол мақсат өз үдесінен шыға алмады. Бұрын қалада екі ай жүріп қалмасын десек, енді ауылға барып, тағы бір жарым ай нәтижесін сарыла күтеді. Компьютер жүйесі, интернет бар: тесті тапсырған соң, қортындысын, қанша балл алғанын бір күннің ішінде шығаруға болады ғой?!

Сөйтсек, тестің тетігін ұстағандар сол уақыт ішінде нешетүрлі қитұрқы әрекеттерге барып, сыбайластар өзінің қалаған оқушысын өткізуге пайдаланады екен. Мәселен, МАИ-ға барып, емтихан берсеңіз, қанша сұраққа жауап бергеніңізді, өткен-өтпегеніңізді бірден айтады. Сол сияқты осы жүйені де бір күнде шешуге болады. Тіпті, менің ойымша, дарынды балалар қалаған мамандығына өтіп кетеді деген қауіп бар сияқты. Білімді жастар көбейсе, билікті уысында ұстауға қауіп төнбей ме?..

– Осы білімге қатысты мәселелерді көтеріп жүрген, сіз жетекшілік ететін «Ұрпақ тағдыры – білім» қоғамдық бірлестігінің бүгінгі тірлігі қандай?

– Білім жүйесіндегі жүгенсіздіктерді президентке, үкіметке, парламентке жазғаннан нәтиже шықпаған соң, 1999 жылы «Ұрпақ тағдыры – білім» деген қоғамдық қозғалысты құрған едік. Елге танымал азаматтар болды: тарих ғылымдарының докторы, марқұм Базарбек Төтенаев, техника ғылымдарының докторы Әнуар Акчурин үшеуміз бастамашы топта болдық. Бүгін бұл ұйым жабылған. Осы ұйымның жұмысы үшін көлігімді, үйімді саттым, елу үш жасқа келгенімде жұмыстан қуылдым, ақыры, амал жоқ, жаптым…

– Ел үшін жасар амалыңыз таусылмасын, аға! Сізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

Республиканский еженедельник онлайн