- Қоғамда «Аманат» пен «Әділет» партиялары бірігеді екен деген сөз бар. Бұл турасында «Аманат» партиясының өткен аптада болған саяси кеңесінен тараған ақпаратта сараң да болса, біраз сөз айтылды. Осы тұрғыда біздің газет ой-жобасын білу үшін Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мырзамен сұхбаттасқан еді.
– Елдің саяси аренасында партиялық-реконструкциялық өзгерістер басталған сияқты: сіз екі биліктік партия – «Аманаттың» «Әділетке» қосылуы туралы бастамаға орай қандай пікір айтар едіңіз?
– Ең алдымен мен «қосылу» деген сөзге тоқтала кеткім келеді. Бұл «консолидация» деген терминнен тарайтын «қосылу» ма, «топтасу» ма, «жұмылу» ма, «бірігу» ме? Қазірдің өзінде бұны сарапшылар әртүрлі мән-мазмұнда бағалай бастады.
Дегенмен, «Аманаттың» бастамасымен пайда болған бұл өзгеріске мен сәл басқашалау баға бергім келеді. Биылғы қыс-көктем кезіндегі парламенттік реформа барысында «жаңа Конституция қабылданған соң, біз «ескі Қазақстанмен қоштасамыз» деп, микро-ФБ-пост жазғанымда, біраз «диуани-данышпандар» менің осы пікірімді әжуә қылғысы келген еді!
Енді, міне, елде етек ала бастаған саяси өзгерістердің келесі пакеті сол пікірдің дұрыстығын дәлелдеген сияқты. Бұл бастаманы қалай десек те, «Отан» мен «Нұр Отанның» мирасқоры болған «Аманаттың» мұрасынан саяси биліктің түбегейлі арылуы деп түсіну керек. «Ескі Қазақстанмен» қош айтысудың, жасампаз болашаққа ұмтылудың саяси-идеологемалық негіздеме қағидаты осы топтасудан басталса керек.
– Әрине, қоғам үшін қарапайым сөз – «қосылу» тура мағыналы түсінікті білдіреді: әзілдеп айтсақ, бәрімізге мәлім жапалақ пен тастың қатысуынан туатын жағдаят сияқты…
– Әлбетте, қалай десек те, бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен пайда болған өзгеріс екені даусыз. Бұл орайда Президенттің «Рәміздер күнінде» сөйлеген сөзі біздің ақыл-санамызды біраз ой-топшыға жетелейді. Бұл арада бірінші кезекте біз «ай мен күннің аманында» кенеттен пайда болған ішкі өзгерістер жаңа сыртқы құбылыстар нәтижесінде пайда болған тәуекелдермен байланысты болу мүмкіндігін де ескеруіміз керек.
– Бірақ «Аманаттың» «қосылуы» дейміз бе, әлде «бірігуі» бола ма – партияның саяси кеңесі өткізген жиыннан тараған мәлімдеме мен ақпаратта «ескіден құтылу» турасында сөз болған жоқ қой?
– Біріншіден, бұл – «Аманаттың» бастамасын саралай келгенде туған менің жеке тұжырымым деп біліңіз. Өзіңіз ойлап көріңізші: неге керісінше болмады, «Аманатқа» қосылу бастамасын «Әділет» неге көтермеді? Жаман-жақсы болсын, 30 жылдық тарихы бар партия неге осы топтасуға кіріптар болды?
Яғни, бұны «ескі мұрадан» сытылып шығу барысындағы саяси өзгерістердің кезекті сатысына көтерілу тұрғысындағы елеулі президенттік бастама деп түсінген абзал. Қалай болғанда да, Президент «ескімен» қош айтысып, саяси аренада жаңа партиямен алға ілгерілеуді күйттеген мемлекеттік саясаттың кезекті тиегін ағытқан сияқты.
Екіншіден, «ескіден құтылу» тұрғысында сөз болған жоқ» дегеніңізге орай айтарым: саясатта ашық айтылмайтын, мәтіннің астарынан суыртпақтап алынатын сөздер болады. «Аманаттың» ішкі корпоративтік ұстанымынан азат адам болғандықтан, мен өз ой-топшымда осылай айтып отырмын.
– Сіз айтып отырған «ілгерілеуге» бұрынғы «Аманатпен» бірге барсақ болмас па еді? «Үй ішінен үй тігу» қаншалықты қажет болды?
– Жоғарыда бұл қажеттілік қағидасы туралы бірер ойымды айттым. Жазып айтатындай, мен Президенттің «ішіне кіріп шыққан» жоқпын… /күлді/. Қалай десек те, жаңа Конституция қабылданған соң, зырылдаған заманның жуық жылдарына жаңа ориентирлер белгілену керектігі – дәлелдеуді қажет етпейтін талап.
Екіншіден, биліктің қыр арқасын берік ұстап келген «Аманат» партиясының кеше ғана пайда болған «Әділеттің» төңірегіне топтасу (кім қалай қалайды – консолидация, шоғырлану, бірігу, т.т.) идеясы «ескімен қоштасудың» саяси тұрғыдағы бастамасы екенін тағы да дал-дұл боп дәлелдеу қажет емес. Қалай болғанда да, бұл бастамаға «бесіктегі» «Әділет» емес, қырым-ырымның бәрінен өткен «Аманаттың» бастамашылық жасауы символикалық мәнді білдіреді деп білем. Бұны ел Президентінің бастамасына жауап ретіндегі елдік пен мемлекет алдындағы саяси жауапкершіліктен туған шешім деп бағалаймын.
Үшіншіден, кенеттен көтерілген бұл үрдіс «аманаттықтарға» да оңайға тимеген сияқты. «Жер Аманаты» (ескі билік кезінде талан-таражға түскен 13 млн гектар жер мемлекетке қайтты), «Тұрғындар Аманаты» сияқты үлкен партиялық бағдарламаларды ұйымдастырып, олардың басы-қасында болған партия жетекшісі Ерлан Қошановтың ішкі көңіл-күйі жан рахатына батты деп айта алмаймын. Әрине, мемлекеттік мүдде тұрғысында ол да бұл бастаманы толық қолдады деп білем.
Парламентте аралас-құралас қызмет етіп жүргендіктен, партиялық депутаттардың біразы «1999 жылдан бері мүшесі едім…» деп, қиналған түрлерін көрдім. Бірақ олар саяси биліктің біртұтас берік болуына мойынсұнғандықтын, ел Президенті тарапынан туған идеяны қабылдайды деп білем. Түптеп келгенде, бұл да азаматтық жауапкершіліктің міндеті болса керек…
– Ал «Аманатқа» қатысы жоқ сіз бұны қалай қабылдадыңыз?
– Егер екі партияның жуық күндерде өтетін съездерінде биліктік саяси күштердің топтасуы ресми түрде жүзеге асатын болса, бұған қарсы алабөтен пікір айтудың реті болмайды: «көпке топырақ шаша алмайсың»! Әрине, «қырқынан енді шыққан» жаңа саяси құрылым – «Әділет» партиясын жер-көкке сыйғызбай мақтауға әлі ерте. Ол өзінің саяси маңыздылығы мен мемлекеттік-қоғамдық саяси күш ретіндегі қажеттілігін келешекте дәлелдеуі керек. Бұл ретте жаңа партияның төрағасы Айбек Дәдебай мырза ендігі кезекте арқалап өтер жұмыстың ұшы-қиырын бағамдау да оңай емес…
Бұл арада елдегі саяси құрылымдардың авангард күштерін жаңа геосаяси тәуекелдер алдында биліктің төңірегіне топтастыру жөніндегі жаңа бастаманы бірінші кезекте атап өту керек. Қоғамда Назарбаевтық режиммен сабақтас саналып келген соңғы саяси мұраны және менің түсінігімде мемлекеттік организмге тас кенедей жабысқан мерезді «жұлып тастау» бастамасын толық қолдаймын! Дәл осы тұрғыдан және ауызекі қарабайыр тілмен айтар болсақ, мен бұл саяси процесті «жұмылу» деуден бұрын, «ескі жүйенің» жаңа және жасампаз саясатқа «жұтылуы» деп атар едім.
Ең маңыздысы – сыртқы қатерлер ушыға түскен кезде егемен ел ретінде біз ешкімге жалтақтамай, өзіміздің тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатымызды берік әрі табанды түрде жасақтауымыз керек. Бүгінде әлемде қалыптасқан жаңа құбылыстар барысында билік пен қоғамның мейлінше тұтастығын қалыптастыру – пікірталас тудырмайтын қағида.
– Сіздіңше, осы «жұтылу» үдерісінің нәтижесінде саяси билік бұрынғыдан да күшейді деген пікірге алып-қосарыңыз бар ма?
– Бұл сұрағыңызға орай қайталап айтайын: әлемдік қарым-қатынастар тәртібі күрт өзгеріске ұшыраған қазіргі кезде Қазақстан халықаралық қатынастардың тәуелсіз субъектісі ретінде өзінің мемлекеттік қауіпсіздігі мен елдік билігін күшейтуге сөзсіз міндетті. Бұл – ұлттық міндет және оған әсіресе сырттан ешкімнің таласы болмауы керек.
Бүгінгі әлемтапырық дүниемен салыстырып қарайтын болсақ, бізге ұлттық мүддеден артқан ешқандай құндылық қажет емес! Біздің елдік бірлігімізге «томпақ» келетін жекелеген конвенциялық талаптардың орындалуын кейінге сыра тұра аламыз. Ал өркениет көшінде біздің елдік керуеніміз кенде қалмауы, тіпті әлдебір тәуекелдердің кесірінен теперіш көрмеуі тиіс!
Осы пайыммен бағалайтын болсақ, бүгінде билік саяси тұрғыда бұрынғыдан да монолитті, құрылымдық тұрғыда біртұтас болуы тиіс! Ешкімге, ескілерге де, сыртқа да, онлайн осқырынуларға да елеңдемей, ел тәуелсіздігінің тұрақтылығы үшін ішкі идеологиялық саясатты бір жұдырыққа жұмылдыру қауырт қажеттілікке айналғанын бәріміз түйсіне білгеніміз жөн.
• /Сұхбаттың жалғасын газеттің келесі номерінен оқи аласыздар/
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, газеттің бас редакторы