Интернетті бұғаулау себебі – ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСЕЛІС

Internet security and network protection concept, padlock and connection plug on laptop

Қазақстан үкіметі арнайы қаулы шығарып, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне интернетті бұғаулау құқығын берді, деп хабарлайды Azattyq.org.

Қаулыға сәйкес, аталған мемлекеттік органдар өкілетті органмен өзара әрекет ете отырып, «әлеуметтік, табиғи және техногендік тұрғыдан төтенше жағдай болғанда» үкімет пен президент байланысынан басқа интернет пен байланыс жүйесін тоқтатуға құзыретті болады. Құжат өткен жексенбіде, 28 қазанда күшіне енді.
Қазақстанда жыл басынан бері Facebook, YouTube, Instagram және Telegram желілеріне кешкі уақытта кіру қиындайды. Маусым айында қазақстандық құқық қорғаушылар «әлеуметтік желіні бұғаулауды тоқтатуға» шақырған. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның таратқан мәлімдемесінде азаматтар кез келген уақытта қажетті ақпаратты алуға құқығы бар деген.

Әлеуметтік желілер шетелде тұратын бұрынғы банкир, Астананың саясатын сынайтын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тікелей эфирге шыққан кезінде бұғауланады.

Бұған дейін Қазақстанның киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік мекемелер басшылары қазақстандық интернет қолданушылардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге ара-тұра кіре алмай қалатынына биліктің қатысы барын жоққа шығарған болатын.

«Ғаламторды бұғаулаудың» артында не тұр? – дейді Zakon.kz сайтына сілтеме жасаған Qazaqtimes.com.

Үкімет отырысында ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев та, ІІМ Қалмұханбет Қасымов та, қорғаныс министрі Нұрлан Ермеков та аталмыш қаулыға байланысты журналистер сауалына мардымды жауап берген жоқ. Барлығы «қаулымен толық танысайын», «кейін жауап берем», «заңды толық жариялаймыз, сол кезде оқисыздар» деп қысқа ғана қайырды.

Сарапшылар пікірінше, биліктің бұндай қадамдарға баруына соңғы жылдары Қазақстандағы «Facebook» сияқты әлеуметтік желілердегі халықтың азаматтық белсенділігінің артуы себеп болған. Айта кететін бір жайт, 2014 жылғы Украинадағы еуромайдан мен былтыр Иранда болған халықтық толқулар дәл осы «Facebook» әлеуметтік желісінен басталған, дейді Qazaqtimes.com.

«D»

(медиа-проект «DAT» №39 (451) от 1 ноября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн