«ЗӘРУЛІК ЗАРЫ» – АЭС салудың амалы

Атом станциясын салу жөнінде жобалық жұмыстар жүргізіле бастаған кезде Қазақстанда электр энергиясының жетіспеу «проблемасы» жөнінде сөз қозғала бастады. Жекелеген елді мекендерде жарықты кезек-кезек өшіру «мәжбүрлігі» туындағаны айтылуда.Бұл – қуат тапшылығынан туған зәрулік емес. Бұл – АЭС салу жобасын қайткенде де жүзеге асырудың насихаттық-алдарқату әлпеті. Халықтың қарсылығын осындай «тапшылықпен» таптап, Ресейге – Путинге АЭС салу жөнінде берген уәдені өл-тіріл орындаудың амалы.

Соған қарамастан, энергия «тапшылығы» жайлы ақпарат жиліген шақта KEGOC компаниясы жетпеген электр энергияны Ресейден импорттап жүргенін хабарлады. «2021 жылы 10 қараша кешкі жағдай бойынша, Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 14 838 МВт болды, тоқ өндіру мөлшері – 14 265 МВт. Жетпеген 573 МВт тоқ Ресей энергия жүйесінің электр ағыны арқылы толтырылды…» деп Ұлттық компания хабар таратты.Еске алсақ, бұған дейінгі жылдары Қазақстанда электр қуатының жетіспеуі туралы зәрулік туғаны жөнінде сөз болып көрмеген. Елдің электр өндіру қоры ішкі нарықты толық өтеп тұрған еді. Оның үстіне соңғы жылдары Қазақстанда қуат көзін қосымша тұтынушы ірі өндіріс – ауыз толтырып айтарлық бірде-бір зауыт-фабрика салынған жоқ. Сонда энергетика тапшылығы қайдан және қалай пайда болуы мүмкін?

Ол аз десеңіз, соңғы жылдары Қазақстанда жел мен күннен энергия қуатын алатын бірнеше станциялар салынды. Әрине, олардың қуат беру мүмкіндігі әзірге шектеулі. Бірақ бұл процесс қаржылық институттар тарапынан да қолдау тауып, балама энергетика өндіру жобалары барған сайын арта түсуде.

Ендеше, егер электр қуаты тапшы болса, Қазақстан билігі АЭС салу үшін Ресейге төленетін 3-5 миллиард доллар аралығы мөлшеріндегі қаржыны осы бағытқа неге жұмсамасқа? Мамандардың пікіріне қарағанда, бұл сомаға сай электр өндіру көздері толық игерілген жағдайда Қазақстан өз қажеттілігін артығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, электр қуатын Орталық Азия елдеріне экспорттау мүмкіндігіне ие болады екен.

Жоқ, ел билігі бүкіл әлем бет бұрған бұл мүмкіндікті пайдаланудың орнына экологиялық қатері орасан зор, қаржылық шығыны шаш етектен АЭС салу жобасын тізеге салып шешуді мақсат етуде. Соңғы кездері ресми және биліктің «байлауындағы БАҚ арқылы «тапшылық» туралы жарияланып жатқан хабардың астарынан Қазақстан билігі «электр зәрулігі зарын» халықтың санасына сіңіре отырып, АЭС салудың ақпараттық негізін қамтамасыз етуді мақсат еткенін аңғаруға болады.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн