Арқадан мәңгі мекен тапты
Отыз жылға тақаған тарихы бар «ДАТ» газетінің жанашыры, ол – редакцияны, біз – оны үнемі іздейтін, басылымның ұзақ жылдар авторы болған Аягөздегі Аман аға өмірден өтті! Бүгінгі зырлаған уақыттың өлшемімен жұмыр басты пендеге жазылған ғұмырдың таусылғаны ма, жоқ әлде қазаға қимайтын тағдырдың бұйырғаны сол ғана болды ма – 83 жыл өмір сүріпті…
«Өзінен сөзі ұзындау» қалың қазақтың атынан айтқаным артықтау болар, бірақ менің жеке өзіме – ақылшы, өзінің Барқытбел – Тарбағатайы сияқты тау тұлғалы абыз ағам еді. Жар жағалап, сай сағалап, ұзақ жылдар бойы осы «ДАТ»-ты сүріне-қабына шығарып жүргенімде, қолтығымнан демеп, өрт ішінде қалған кезімде от ортасына іздеп келетін, кезекті соттан айыпталып шыққанымда маңдайымнан сипайтын қамқоршым болған ағатайымның ордалы орыны омпырайып қалды!
Айтпақшы, Аман ағаның қалың қазақ қоғамына да қолынан келген қамқорлық жасағанын бүгінгі ұрпақ біле бермес, жіпке тізгендей түгендеп шықсам, арда азаматтың артында ауыз толтырып айтарлық із қалды:
1998 жылы құрылып, сол кездегі биліктің нақақ қысастығымен екі жылға жетпей жабылған Қазақстан Республикалық Халық партиясын (РНПК) құру жөніндегі Мәскеу форумының делегаты және партияның бір құрылтайшысы болды. Аягөзден Алматыға көшіп келіп, елдегі ең алғашқы нағыз халықтық партияны құрушы қайраткерлер Ғазиз Алдамжаров, Әкежан Қажыгелдин, Асылбек Қожахметов, Әміржан Қосанов, Бақытжан Төреғожина, Владимир Чернышев (марқұм), генерал Айтқали Есенғұлов және тағы басқа азаматтармен қатар жүрді;
1999–2000 жылдарғы «сарыауыз» демократтар – Нұрболат Масанов (марқұм) бастаған, Сергей Дуванов, Дос Көшім, Гүлжан Ерғалиева, Сейдахмет Құттықадам (марқұм) қостаған Қазақстанның Демократиялық күштері (ФДСК) форумының мүшесі болды;
2001–2003 жылдары Қазақстанның демократиялық таңдауы (ДВК) қозғалысын қалыптастыруға атсалысып, Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбілязов, Төлен Тоқтасынов, Алтынбек Сәрсенбаев және т.б. азаматтардың бастамасын белсенді қолдаушылардың бірі болды;
2004–2006 жылдары бірінен кейін бірі ашылып-жабылған «Ақ жол», «Нағыз Ақ жол», «Азат» партияларының қатарында ашық жүріп, осы партиялардың Семей облыстық филиалдарын құруға қатысты;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП – Жармахан Тұяқбай, Балташ Тұрсымбаев (марқұм), генерал Әмірбек Төгісов (марқұм), Болат Әбішев, Петр Своик, т.б.) Аягөз аудандық филиалын құруға атсалысып, 2007–2015 жылдары партиялық жұмысқа белсене араласты.
Бұл қызметтердің алдында мектеп директоры, Аягөз ауданының әкімі, СОКП Семей облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері болғаны өз алдына бөлек тақырып. 1995 жылы Н.Назарбаевтың «жеке дара билігін» қалыптастыру мақсатында қабылданған Конституцияға қарсы қозғалысқа қатысып, Серікболсын Әбділдин (марқұм) ағаның сенімді саясатшыл інілерінің бірі болғаны тағы бар…
Азаматтық пікірін кесіп айтып, тура сөйлейтін, ірілікке ізет қылған, тұрмыстық тауқыметтің бықсығын керек қылмаған, нар тұлғалы адам еді марқұм! Сол кесектігіне тәнті болған Дінмұхаммед Қонаев ағамыз кейінгі кездегі бір сапарында Аягөздегі үйінің белдеуіне ат байлағанын білетін едім. Жамбыл Жабаевқа үзеңгілес іні болған атақты айтқыш ақын Шәкер Әбеновпен нағашылы-жиенді әзілдері жарасқан әңгімелері зердемде жатталып қалыпты.
Міне, осындай оғылан азамат өмірден өтті! Таңсықта туып, Барқытбелдің бір төбешігіндей боп, Арқадан мәңгілік мекен тапқан асыл ағамның аруағына бас идім!
…Мен газетте бірнеше жыл қатарынан «Темірқазық» деген атаумен редакторлық рубрика жүргіздім. Негізінен нақты уақыттың қоғамдық-саяси тақырыбын сөз ететін сол жазбаларымның соңғы тоқетерін «Аягөздегі Аман ағам шылапшынға шығып сөйлегенде не дер екен?» деген сыңайлас әзілі аралас сұраққа тірейтін едім. Газет қолына тиген күні телефон соғып: «Әй, қу бала, мені не шылапшыннан түсірмейтін, не жоғарыға шығармайтын болдың, бірақ «ішіме кіріп шыққандай», менің айтпағымды айнытпаған екенсің!» деп, өзі де қалжыңын қағыта күлетін еді.
Енді кімге мұңымды шағып, кімнен ақыл сұраймын? Жанымыз жүдеп жүргенде, ағалық ақжарма көңілмен кім біздің арқамыздан қағады?!
Ермұрат БАПИ