Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері екі мыңға жуық ауыл жойылды деген дерек бар. Ал бүгінгі күні елімізде 6 060 ауыл ғана қалған. Бұл – жай ғана статистика емес, терең ойлануды қажет ететін мәселе. Ең басты сұрақ: біз ауылдарымыздың азаюын тоқтату үшін не істеп жатырмыз және ертең не істемекпіз?
Бір ауылдың жабылуы – тек сол жердегі үйлердің бос қалуы емес. Бұл – қалыптасқан шаруашылықтың тоқтауы, еңбек күшінің азаюы, жергілікті экономиканың әлсіреуі және адамдардың туған жерінен үдере көшуі. Мұның ұзақ мерзімді салдары ауыл шаруашылығына, өңірлердің дамуына және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарындағы ауылдардың тағдыры алаңдатады. Осындай жағдайда біз әр ауылдың болашағын алдын ала зерттеп, оның экономикалық мүмкіндіктерін іске қосуға күш салуымыз керек емес пе?
Әрине, ауылдардың барлығын бірдей сақтап қалу оңай емес. Кейбір елді мекендердің жағдайы күрделі болуы мүмкін. Бірақ қай ауылдың дамуға мүмкіндігі бар, оны қандай шаруашылық бағытымен өркендетуге болады, тұрғындарына тұрақты табыс көзін қалай қалыптастырамыз деген сұрақтарға нақты жауап іздеу – маңызды міндет.
Мен ұсынып отырған «Әр ауылға – өзінің даму жобасы» бастамасының негізгі мақсаты да осы, әр ауылдың табиғи және экономикалық ерекшеліктерін ескеріп, жеке даму жобасын әзірлеу, тиімді бағыттарын анықтау және оларды жүзеге асыруға жағдай жасау.
Бұл ұсыныс Үкімет, Құрылтай депутаттары, Халық Кеңесі және саяси партиялар деңгейінде неге кеңінен талқыланбасқа? Ұсыныстың тиімділігіне күмән болса, оны мамандар зерттеп, пікірталас барысында анықтасын. Ең бастысы – ауылдардың болашағы туралы мәселе назардан тыс қалмасын.
Менің мақсатым – біреуді сынау емес, ел үшін маңызды мәселені көтеріп, оның шешімін іздеуге үлес қосу.
Президентке жолдаған Ашық хатымнан да үміт күтемін. Мемлекет басшысы ауылдардың болашағына қатысты осы мәселені көтеріп, Үкіметке нақты ұсыныстарды қарастыру жөнінде тапсырма берсе екен деймін.
Бірақ мәселені бір адамның хатына немесе бір мемлекеттік тапсырмаға ғана тіреп қоюға болмайды. Ауылдың болашағы мемлекеттік органдардың, сарапшылардың, кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының бірлескен жұмысына байланысты.
Құрметті ағайын, сіздерге мынадай сұрақ қойғым келеді: Біз тәуелсіздік жылдарында екі мыңға жуық ауылдан айырылдық деген дерекке көз жұма қарай береміз бе? Әлде қалған 6 060 ауылдың болашағын ойлап, олардың экономикалық әлеуетін сақтауға және дамытуға бағытталған жаңа тәсілдерді қарастыратын уақыт жетті ме? Сіздердің ойларыңыз қандай? «Әр ауылға – өзінің даму жобасы» бастамасын мемлекеттік деңгейде талқылауды қолдайсыздар ма?
Ауылдың тағдыры – тек ауыл тұрғындарының мәселесі емес. Бұл – бүкіл Қазақстанның болашағына қатысты мәселе.
Ауылға деген құрметпен, Жақып МЕЙІРХАНҰЛЫ,