XIX-XX ғасырдың басында Аягөз өңірінде исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен қазақ жаңашыл мектептерінің дамуында Серікбай қажының бастамасымен ашылған Кіндікті медресесінің ықпалы үлкен. Сондай-ақ ол бұл медресеге 1870 жылы Бұхарадан мударис Ғалиақпар Мұхаметжанұлын шақырады. Ал медреседе қалыптасқан білім беру дәстүрінің Әбдірахман қари мен оның шәкірттері арқылы жалғасып, Әбілғазы Иманбекұлының Сергиопольде тұңғыш қазақ мектебін ашуына негіз болған. Демек, Семіз-Найман елінің биі Серікбай қажыны ағартушылық бастамалардың жарқын өкілі деуге толық негіз бар.
Қазіргі уақытта Кіндікті мешіті мен медресесінің тарихи орны сақталған. Бұл нысан XIX ғасырдағы Семей облысындағы исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен қызметін зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи-мәдени мұра саналады.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамындағы білім беру үдерісі дәстүрлі діни оқу орындары мен жаңашыл мектептердің өзара сабақтастығы негізінде дамыды. Алайда осы сабақтастықтың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асқаны, әсіресе Аягөз өңіріндегі жергілікті қазақ элитасының діни білім беру ісін ұйымдастырудағы рөлі ғылыми әдебиетте жеткілікті қарастырылмаған. Соның ішінде Серікбай қажының ағартушылық қызметі, Кіндікті медресесінің қалыптасу тарихы және оның түлектері арқылы Аягөз өңіріндегі қазақ жаңашыл мектептерінің пайда болуына ықпалы арнайы тарихи зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Сондықтан Серікбай қажының ағартушылық қызметін, Кіндікті медресесінің өңірлік білім беру жүйесіндегі орнын және оның кейінгі қазақ мектептерінің қалыптасуына ықпалын жаңа архивтік, эпиграфикалық, далалық және ауызша тарихи деректер негізінде қарастыру өте өзекті.
Серікбай қажы туралы қысқаша мәлімет «Абай. Энциклопедия» еңбегінде берілген. Онда Серікбай бидің Найман елінің биі әрі батыры болғаны, Абай Құнанбайұлымен құдандалық қатынас орнатқаны, мешіт-медресе салдырып, балалардың білім алуына жағдай жасаған көзі ашық, ағартушылыққа жақын тұлға ретінде сипатталған (Нұрғали, 1995: 518). Энциклопедиялық деректе оның ұлы Құдайбергеннің Абайдың қызы Райханға үйленгені, кейін Райхан қайтыс болған соң Абайдың ұсынысымен Ақбердінің қызы Қарындашқа үйленгені көрсетіледі. Бұл мәліметтер Серікбай қажының XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік беделі және Абай әулетімен арадағы тығыз қарым-қатынасын айғақтайды.
Соған қарамастан, Серікбай қажының тарихи тұлғасы мен оның ағартушылық қызметі абайтану және өңірлік тарих мәселелерін зерттеген еңбектерде арнайы қарастырылмаған. «Абай жолы» роман-эпопеясында оның есімі кездеспейді. Ал жазушы Таласбек Әсемқұлов өзінің «Шымдан» повесінде Серікбай болыстың бейнесін айшықтап, оның ел арасындағы беделі, шешендігі, әділдігі және батырлық қасиеттерін көркемдік тұрғыдан бейнелейді (Әсемқұлов, 2020: https://otuken.kz/shymdan/). Сонымен бірге шығармада Серікбай қажының әкесінің есімі Әбдірахман ретінде берілген. Алайда қолда бар шежірелік және тарихи деректер бойынша оның әкесі – Садырбай. Ал Әбдірахман Серікбайдың ұлы. Демек, аталған повесть тарихи дерек ретінде емес, халық жадында сақталған мәліметтерді көркемдік тұрғыдан бейнелейтін әдеби шығарма ретінде бағалануы тиіс.
Серікбай қажы Семіз-Найманның Әнет (Орыс) тармағынан шыққан. Шежірелік деректер бойынша Семіз-Найман батыры Жәнібек — Серікбай қажының төртінші атасы. Әулет шежіресі Жәнібектен – Әнет, Әнеттен – Бекшойын, Бекшойыннан – Жаманбала мен Садырбай, ал Садырбайдан Серікбай мен Ахметжан тарайтынын көрсетеді (Кенжеханов, 2012: 396). Шежірелік мәліметтер Серікбай қажының шыққан тегін ғана емес, оның қалыптасқан әлеуметтік ортасын да айқындауға мүмкіндік береді.
Жаманбала мен Садырбайдың есімдері XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің маңызды ескерткіштерінің бірі – Әріп Тәңірбергенұлының нұсқасындағы «Біржан мен Сара айтысында» да кездеседі.
Жаманбала мен Садырбай ХІХ ғасырдың ортасында дүниеден озады. Серікбай қажы 1860–1870 жылдары Жаманбала мен Садырбайға арнайы кесене тұрғызған. Қазіргі уақытта кесене маңы өңірдің дәстүрлі қорымдарының біріне айналған. Далалық бақылау нәтижесінде оның айналасында шамамен жетпіске жуық жерлеу орны анықталды. Бұл жағдай кесененің тек әулеттік ескерткіш қана емес, жергілікті қауым үшін қасиетті тарихи-мәдени кеңістік ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
1898 жылы Ақшатаудағы Көшбике қонысында өткен Қоңыркөкше болысының сайлауы кезінде Абайға қарсы жасалған күш көрсету оқиғасынан кейін кінәлілерге билік айтып, құн кескен беделді билердің қатарында Серікбай қажы да болған. Осы оқиғаға қатысты деректерде ақын Уәйістің Абайды денесімен жауып қорғағаны, ал Серікбай қажының дау-жанжалдың құқықтық тұрғыдан шешілуіне қатысқаны баяндалады. Бұл мәліметтер Серікбай қажының XIX ғасырдың соңындағы Шыңғыстау-Аягөз өңіріндегі беделді би әрі қоғамдық мәселелерді шешуге ықпал еткен тұлға болғанын көрсетеді.
Серікбай қажының әділ билігіне қатысты Уәйіс ақынның мына өлең жолдары халық жадында сақталған:
«Абайдың қасына айттың әділ билік,
Қажеке, бір ісің жоқ бұған жетер…».
Соңғы кездері жүргізілген Далалық зерттеу барысында Серікбай қажы әулетіне тиесілі қорым анықталды. Қорым Серікбай қажы салдырған мешіт-медресе орналасқан Кіндікті төбесінің оңтүстік беткейінде орналасқан. Сондай-ақ қорым аумағында Серікбай қажы әулетіне жататын шамамен 20–30 жерлеу орны тіркелді. Қорымның орналасуы мен жерлеулердің шоғырлануы бұл аумақтың әулеттік пантеон қызметін атқарғанын көрсетеді.
Бұл зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі – осы уақытқа дейін ғылыми әдебиетте қарастырылмаған Серікбай қажының құлпытасы анықталды. Құлпытас қорымның орталық бөлігінде орналасқан және жақсы сақталған.
Эпиграфикалық мәтінді оқу нәтижесінде онда мынадай жазудың қашалғаны анықталды:
«Әғузубилләһ
Бисмиллаһ
Куллу нәфсин зәикәтул әл маут
Хаж[ил]-хамраин
Серікбай ибн Садырбай
Дүниядан кешді 63 жасында
Алла қабірін жәннәт қылғай әумин
1905 жылда, 14 декабрде опат» – деп көрсетілген.
Құлпытастағы эпитафиялық мәтіннің ғылыми айналымға енгізілуі Серікбай қажының өмірбаянын нақтылауға мүмкіндік берді. Бұрын белгісіз болып келген деректердің орнына оның 1842 жылы дүниеге келіп, 1905 жылғы 14 желтоқсанда қайтыс болғаны эпиграфикалық дерек арқылы нақтыланды. Осылайша, құлпытас мәліметтері Серікбай қажының өмір сүрген кезеңін ғылыми тұрғыдан дәл анықтауға және оның қызметіне қатысты оқиғалардың хронологиясын нақтылауға негіз болды.
Эпиграфикалық мәтіндегі «Хажил-Хамраин» атауы Серікбайдың Мекке мен Мәдинаға қажылық сапар жасағанын білдіреді. Бұл дерек оның өңірдегі жай ғана би емес, исламдық ортада беделі мойындалған, қажы мәртебесіне ие болған тұлға екенін көрсетеді. Сонымен қатар құлпытаста әкесінің есімі «ибн Садырбай» деп берілуі шежірелік мәліметтердің сенімділігін де растайды.
Микротарих тұжырымдамасы тұрғысынан қарастырғанда, Серікбай қажының құлпытасы бір адамның өмірбаянын нақтылайтын ескерткіш қана емес, сондай-ақ XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Аягөз өңірінің діни, әлеуметтік және мәдени тарихын реконструкциялауға мүмкіндік беретін бірегей дереккөз саналады. Сонымен бірге эпиграфикалық деректерді шежірелік және ауызша тарихи мәліметтермен салыстыра талдау жергілікті тарихи жадтың жазба және материалдық деректермен сабақтастығын анықтауға жағдай жасайды.
Шежірелік және ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы жиырма жасынан асқан шағында ел басқару ісіне араласып, болыс қызметін атқарған. Бұл кезең әкесі Садырбайдың жасы ұлғайып, шаруашылық пен қоғамдық міндеттердің біртіндеп ұлына жүктеле бастаған уақытымен сәйкес келеді. Серікбай болыстық қызметке дейін әкесі Садырбай ұйымдастырған сауда керуендерінің жұмысына қатысып, ағасы Жаманбаламен бірге Бұхара, Шәуешек және Сібір бағытындағы сауда қатынастарын ұйымдастыру тәжірибесін жинақтағаны жөнінде өңірлік деректер сақталған.
XIX ғасырдың екінші жартысында Жаманбала мен Садырбайдың қайтыс болуынан кейін Серікбай қажы әулеттің ғана емес, Семіз-Найман ішіндегі қоғамдық істердің де негізгі ұйымдастырушысына айналды. Оның қызметі әкімшілік басқарумен шектелмей, діни-ағартушылық бағытта да жалғасын тапты. Осы мақсатта 1870 жылы Кіндікті қыстауында мешіт пен медресе салдырып, өңірдегі исламдық білім беру жүйесінің дамуына негіз қалады, сөйтіп бұл медресе өңірдегі исламдық білім беру жүйесінің маңызды орталықтарының біріне айналды.
Кіндікті төбесіндегі мешіт пен медресенің орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Жергілікті халық бұл тарихи нысанды «Қажы мешіті» немесе «Кіндікті мешіті» деп атайды. Далалық зерттеу барысында мешіт-медресенің орны анықталып, оның орналасу ерекшеліктері тіркелді. Бұл нысан өңір тұрғындарының тарихи жадында сақталып қана қоймай, бүгінгі күнге дейін қасиетті орын ретінде құрметтеліп келеді.
Ауызша тарихи деректерге сәйкес, Серікбай қажы Елқонды-Қаржау болысын тоғыз рет басқарған. Ресей империясы кезеңінде болыстық басқару мерзімі негізінен үш жылдық сайлау кезеңімен байланысты болғанын ескерсек, Серікбай қажының әкімшілік қызметі шамамен жиырма жеті жылға созылған деп пайымдауға болады.
Осы хронологиялық реконструкция мен құлпытастағы «Хажил-Хамраин» атауын негізге ала отырып, Серікбай қажының Мекке мен Мәдинаға жасаған қажылық сапары 1889–1890 жылдар шамасында жүзеге асқан болуы мүмкін.
Бір сөзбен айтқанда, Серікбай қажы Садырбайұлын – ел басқарған, ағартушылықпен айналысқан танымал тұлға, ал Кіндікті медресесінің тарихы – өңірлік деңгейдегі діни білім беру ғана емес, Қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасу эволюциясын зерделеудегі маңызды ғылыми мәселелердің бірі деп қарастырған жөн!
Сұлтанбейбарыс НҰРТӨЛЕУОВ, Тарих және археология
ғылыми орталығының кіші ғылыми қызметкері