Кешегі Мәжіліс және ертеңгі Құрылтай депутаттарына, саяси партияларға және халықтың сеніміне үміткер азаматтарға ашық хат
Мен бұл жазбаны ешкімді қаралау үшін жазып отырған жоқпын. Мен ешкімді жау көруден де аулақпын. Мен тек жауап іздеп отырмын. Өйткені бұл менің ғана емес, еліміздің болашағына бейжай қарамайтын мыңдаған азаматтың көкейіндегі сұрақ. Егер осы сұрақтардың жауабы бар болса – халыққа айтыңыздар. Егер жоқ болса – неге жоқ?
Сайлау жақындаған сайын, елде саяси белсенділік күшейеді. Партиялар бағдарламаларын таныстырады. Үміткерлер халықпен кездеседі. Үлкен мінберлерден әдемі сөздер айтылады.
«Халықтың әл-ауқатын көтереміз».
«Бағаны тұрақтандырамыз».
«Жұмыс орындарын ашамыз».
«Ауылды дамытамыз».
«Әділетті қоғам құрамыз».
Бұл сөздердің бәрі бізге баяғыдан таныс. Өйткені біз оларды бір рет емес, бірнеше сайлауда естідік. Бірақ бүгін мені басқа сұрақ мазалайды.
Неге біз әрбір жаңа сайлауды жаңа уәдемен бастаймыз да, өткен сайлауда берілген уәделердің қорытындысын шығармаймыз? 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында халық сіздерге сенім артты. Өз даусын берді. Мандат тапсырды. Ал мандат – жеңіс емес. Мандат – халықтың аманаты. Ал аманаттың жүгі әрқашан ауыр болады. Сондықтан бүгін халықтың мынадай сұрақ қоюға толық құқығы бар.
Халықтың әл-ауқаты нақты қаншалықты жақсарды?
Берілген уәделердің қанша пайызы орындалды?
Жұмыссыздық мәселесін шешуде қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілді?
Бағаны тұрақтандыру бағытында қандай өзгерістер болды?
Ауылдардың жағдайы қаншалықты жақсарды?
Жастардың болашағына қатысты қандай нақты шешімдер жүзеге асты?
Егер жетістік болса – халыққа көрсетіңіздер. Егер қиындық болса – ашық айтыңыздар. Өйткені халыққа шындық керек.
Мен тағы бір сұрақ қойғым келеді. Егер орындауға мүмкіндік жоқ болса, онда неге уәде берілді? Уәде – сайлау алдындағы әдемі сөз емес. Уәде – халықпен жасалған моральдық келісім. Сол келісімнің артында миллиондаған адамның үміті тұр. Сондықтан орындалмаған әрбір уәде – жай ғана орындалмаған жоспар емес. Ол – халықтың сеніміне түскен сызат.
Өкінішке қарай, бізде бір нәрсе жетіспейді. Ол – саяси жауапкершілік мәдениеті. Бірде-бір депутат немесе бірде-бір саяси партия халықтың алдына шығып: «Мына уәдеміз орындалмады. Себебі мынадай. Біз осы үшін жауаптымыз», – деп ашық айтты ма?
Мен ондай саяси мәдениетті әлі көрген жоқпын. Ал дәл осындай мәдениет қалыптаспайынша, халықтың саясатқа деген сенімі де толық қалыптаспайды. Өйткені демократия тек дауыс берумен өлшенбейді.
Демократия – уәдеге адалдықпен өлшенеді.
Демократия – ашық есеппен өлшенеді.
Демократия – жауапкершілікпен өлшенеді.
Бүгінде әлеуметтік желілерде: «Бәрібір ештеңе өзгермейді…» дейтін пікірлер көбейіп барады. Осындай көңіл-күйдің қалыптасуына кім кінәлі? Халық па? Әлде халықтың сенімін ақтай алмаған саясат па?
Бұл сұраққа әркім өз ар-ұжданының алдында жауап беруі керек. Мен ешкімнен мінсіз болуды талап етпеймін. Қателік болуы мүмкін. Қиындық болуы мүмкін. Әлемдік экономикалық және геосаяси жағдайдың әсері де бар. Бірақ қандай жағдайда да халыққа шындық айтылуы керек.
Егер орындасаңыздар – айтыңыздар. Егер орындай алмасаңыздар – мойындаңыздар. Егер қателік жіберсеңіздер – қорытынды жасаңыздар. Халық шындықты түсінеді. Бірақ халық жауапсыздықты қабылдамайды.
Бір ақиқатты ұмытпайық. Мемлекетті заң ғана емес, халықтың сенімі де ұстап тұрады. Ал сенім жауапкершіліктен туады. Халықтың есі қысқа деп ойлау – үлкен қателік. Халық бәрін көреді. Халық бәрін саралайды. Халық бәрін есте сақтайды.
Сондықтан ертең халықтың сеніміне ие болғысы келетін барлық саяси партияларға, барлық кандидаттарға бүгін менің айтар бір ғана өтінішім бар. Жаңа уәде беруге асықпаңыздар. Алдымен өткен уәделеріңізге ашық есеп беріңіздер. Халықтың сенімін тағы сұрамас бұрын, сол сенімнің алдында қандай жауапкершілік арқалағандарыңызды көрсетіңіздер. Өйткені сенім сұраумен келмейді. Сенім – адал еңбекпен, ашық есеппен және жауапкершілікпен ғана келеді.
Бұл мақала бір партияға немесе бір депутатқа ғана арналмаған. Бұл – ертең халықтың алдына шығатын әрбір азаматқа қойылатын талап. Өйткені халықтың сенімін сұраған адам ең алдымен сол сенімнің алдында жауап бере алуы керек. Сонда ғана елімізде уәде емес – нәтиже, сөз емес – іс, саяси науқан емес – саяси жауапкершілік дәстүрі қалыптасады.
Уәде беру – саясаттың басы. Уәдені орындау – саясаткердің бағасы. Уәде жай сөз емес. Уәде – халық алдындағы аманат. Ал аманаттың сұрауы болады. Әрқашан болады.
Жақып МЕЙІРХАНҰЛЫ, «Жібек Жолы» Экономикалық альянсының тең төрағасы