Ұлттық кітапхана соңғы сегіз күннің үш күнінде жабық тұр. Осы аралықта Ақтаудан немесе Қостанайдан Алматыға 10 күнге зерттеу жасауға келген ғалымның үш күн алтын уақыты босқа кетті деген сөз!
Кейбір желі қолданушылары: «Бұл жабық болса, басқа кітапханаға барсайшы, несіне шүйлігіп алдың?» – дейді.
Тұра тұрыңыздар! Бұл – жай ғана кітапхана емес. Қазақстанда мұндай масштабтағы, мұндай қоры бар БІРЕГЕЙ кітапхана атымен жоқ! Ғалымдар мен студенттер мұнда тек уақыт өткізуге келмейді. Олар:
1. Диссертациялық қор үшін келеді: Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда қорғалған барлық кандидаттық, докторлық диссертацияның бір данасы осы кітапханаға міндетті түрде тапсырылатын. Басқа жерде бұл архив жоқ.
2. Сирек кездесетін көшірмелер үшін келеді: Кеңестік кезеңдегі авторефераттар мен бірегей еңбектердің көшірмесі тек осы жерде сақталған.
3. Ауқымды қор мен ғылыми база үшін келеді: Мұнда көркем де, ғылыми да әдебиеттер, мерзімді баспасөз шежіресі, тіпті Scopus халықаралық деректер қоры бар.
4. Масштабы үшін келеді: Қорында 60-қа жуық тілде 7 миллион кітап жинақталған! 1910 жылдан бергі тарих сайрап жатыр.
Бұл – халықтың игілігі. Бұл жерде отырып:
• 1950 жылы шыққан газетті де;
• 1945 жылы басылған сирек сөздікті де;
• Бердібек Соқпақбаевтың ең алғашқы кітабынан бастап, соңғысына дейінгі жинағын да табасың. Басқа қай жерден табасыз мұны?
Осынша байлыққа ие болып отырған Ұлттық кітапхана екі күннің бірінде жабық тұрмауы керек. Ол аптасына 7 күн, кешке 20:00-ге дейін емес, 22:00-ге дейін халыққа мүлтіксіз қызмет етуі тиіс!
Өз елінің ғылымы мен интеллектуалдық капиталын құрметтейтін елде бірегей ғимараттардың есігі мұндай немқұрайлы жабылмайды!
Ләззат ДҮЙСЕМБЕКОВА