БАСТЫ ҚАТЕЛІК НЕДЕ?

1.«Ақпан тезистері» деп аталған лениндік стильмен жазылған материалында Әкежан Қажыгелдин Чернышевскийше «Не істеу керек?» деп, көпшілікке сұрақ тастаған екен. 

Орынды сұрақ! 

Азаматтық қоғам белсенділері ахуалды тығырыққа апарып тірегенін енді ғана мойындап отыр. Өткен жылы мен саясат пен тілге қатысты жүзге жуық пост жарияладым. Оларға «бәрі қате» (орысшасы – «сплошные ошибки») деген ортақ ат қойған болатынмын. Осы бағам қазір де күшінде. Азаматтық қоғам белсенділері сол қателіктерін қазір де жалғастырып келеді. Ақыры, міне, тығырыққа тірелген деген осы: бар партия сайлауға қатыспай қалады. Жаңа партия құрсаң – тіркелмейді. Азаматтық қоғамның кез келген қайраткеріне ашық сайлауға түсуге жол жабық. Билік мығым отыр. Арматураға қарсы амал таусылған.

Расында да солай ма?

Қалыптасқан ахуалдың солай болып отырғанына ешкім шек келтіре алмайды. Біз бәріміз шулап жүріп, қоғамды осыған әкеп тіредік. 

Қателіктерді екі категорияға жіктеп қарастырғанда, бәрі түсінікті болады. Біріншісі – тактикалық маңыздағы қателер. Олар өте көп. Мысалы, өзара бет жыртысу; ортақ мәмілеге келе алмау… Бәріне тоқталғым келмейді.

Екіншісі – су айырығынан жіберілген стратегиялық қате. 

Мәселе былай. Билік субъектілері үшеу: халық, билік, саяси оппозиция. Осы уақытқа дейін біз күрестің соңғы екеуінің арасында жүріп келе жатқанын көріп келеміз. Биліктің шешуші субъектісі – халық. Мінеки, халықтың майданнан тыс қалуы – су айырығынан жіберілген стратегиялық қате деп отырғаным осы. 

«Билік – халықтыкі» тұжырымы біздің санамызға сіңбеді. 

Бұл тұста тағы бір ұғымның басын ашып алу керек. Халық деп кімді айтамыз?

2. Халықпен істес болу үшін, саясатшылар алдымен «заманауи қазақ халқы» деп кімді танитынын анықтап алуы керек. Қазіргі қазақ халқы дегеніміз – базарларда жүрген қара нөпір немесе ауылда көрпесін қымтап алып, ұйқыда жатқандар емес. Ел аумағын мекендеген демографиялық масса тұтасымен халық бола алмайды.

Соңғы жылдары митингке қатысып, жапа шегіп жүргендерге аянышпен қарауды түсінуге болады. Олар – шын отаншыл азаматтар. Әділетсіздікке төзбеу, жүйені өзгертуге құлшыныс оларды әлеуметтік белсенділікке итермеледі. Бірақ жеңіске жете алмады, жетуі мүмкін де емес еді. Өйткені бұлар да халықты келбеттейтін топ ретінде көріне алмады. Саясатта нәтижелі іс тындыру үшін, халықтық ауқымдағы қимыл керек.

Халықтың ядросын ғылым және көркем мәдениет зиялысы құрайды. Алайда ресми мәртебесіне қарай мөлшерлегенде, бұл санаттағылардың қарасы қалың болғанымен, олардың арасынан саяси белсенді әрекетке баратындары аз. Көпшілігінің өзінің кәсібі аясында, аграрлы қоғам кезінде бірдеңелер жариялағаны бар (қазір олары мәдениет туындысы ретінде тұтынылмайды). Бірақ дүниетанымдары кеңейтуді, саяси сауаттары көтеруді қажет етеді. Құқықтық компетенттігі мүлдем жетіспейді, осыдан әлеуметтік белсенділіктен жұрдай. 

Халық деп есеп құратын екінші топқа – студенттер мен жұмыс істейтін жастар арасынан шыққан, салыстырмалы сауатты, батылдық көрсете алатындары кіреді. Бұлардың бәрін қосқанда, жалпы ел тұрғындарының мөлшермен 0,1%-ын ғана құрауы мүмкін. Бұл көп емес, әрине, ал жұмысты бастау үшін аз да емес. Аз болмайтын себебі – аз адамның сауатты қимылы да ұлы жеңістерге жеткізе алады. 

Халықтың қоғамды дамытудағы рөлін білетін Батыс ойшылдарының бірі «халықты тобыр емес, киелі адамдар құрайды» (Иоанн Златоуст) деген екен. Тағы бір Батыс ойшылының тұжырымы бойынша, «халық дегеніміз бес-алты ұлы тұлғаларға алып баратын табиғаттағы бұралаң жол» (Фридрих Ницше) депті.

Осы қисынмен пайымдасақ, халық дегеніміз – аздаған киелі адамдар және олардың маңында жүрген зиялылар шоғыры болып шығады. Әр киелінің артында жүздеген зиялы тұр. Сол жүздердің әрқайсысының артында тағы жүздеген қатардағы отаншыл азаматтар тұр. 

Ал қазақтың маңдайына біткен өр тұлғалармен жағаласып, олардың шәужайынан алып жүргендер – ХАЛЫҚ ЕМЕС. Оларға ұлы қайраткердің бір сөзі немесе бір ісі ұнамады, сол үшін оның бетіне күл шашып жіберді. Бұлары бүкіл халыққа күл шашу болып шықты. Қазақ трагедиясының түпкілікті себептерінің бірі осыдан бастау алып отыр. 

Демек, «Не істеу керек?» деген сұрақтың жауабы айқын: ХАЛЫҚҚА БАРУ КЕРЕК! 

Қалай, немен бару керек? Ол жөнінде – келесі мақалада.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

«ТИТУШКАЛАР» ТЕПКІЛЕП КЕТТІ…

Бауыржан Байбек өйтіпті-бүйтіпті деген әңгіме көбейді. Уәж – нақты, дәлел – қолдарында. Бірақ «Нұр Отан» партиясының жауап бергенін көрмеппін. Әлде байқамай қалдым ба?

Бауыржан пәленшеге жер әперіпті, біреуге бүйрегі бұрыпты, өйтіпті-бүйтіпті дегенде, не деп тұрсың деп, әуелі «Нұр Отан» мүшелері атып шығуы керек емес пе? Оңаша шығарып, бірінші солар сөйлеспей ме? 

Бауыржан ақпын, адалмын деп, ант-су ішсе – ішті, ішпей мүдірсе, орныңды босат деп талап етпей ме? «Нұр Отан» мүшелерінде партия басшыларын сайлау құқығы бар ма өзі? 

Кешегі сайлауда «Нұр Отан» үшін жан алып, жан беріскендер қайда?

Бауыржан Байбек әкім кезінде «Рахат» базарының жерін әкесінің бизнес-серіктесіне әпергені жайлы жазғаныма «Фейсбук-дос» Айдос Жұқанұлы, «дос емес» Самат Нұртаза, Бауыржан Серікбаев секілді жігіттер пікір білдіріп, Байбекке араша түскен еді.

Қайдан естігенін білмеймін, дәл сол уақытта «Нұр Отанның» құж-құж еткен фейк аккаунт-титушка «нұрсұңқарлары» сап етіп жетіп келді де, «Фейсбукті» кеттлингке алып, тепкілеп кетті. 

Фб-да төрт мың досым бар деп, марқайып жүрген едім, он шақты дос қана ара түсіп, қалғаны лайк басып кетіп қалыпты.

Сәл болмағанда түрмеге кете жаздаған Тұңғышбай Жаманқұлов «президентке өкпелімін” деп еді ғой. Мен де «Фейсбукте» көк туды желбіретіп жүрген достарыма өкпелімін.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

АДАМДАР НЕ ҮШІН митингке шығады? 

Сізді бір проблема алаңдатады. Сізді ғана емес, сіз сияқты көптеген адамды. Демек, бұл жеке бастың проблемасы емес. Дәл осы проблема сіздің қалаңыз ғана емес, Қазақстанның өзге де қалалары үшін актуал. Демек, бұл тіпті аймақтық емес, ұлттық мәселе. 

Осы мәселені қалай шешуге болады? Бұл мәселе жөнінде алаңдаулы өзге адамдардың ойы қандай? Ұлттық маңызы бар мәселені ашық талқыға салғымыз келеді. Яғни, қоғамның билікпен диалогын жүргізейік. 

Әрине, талқылауды кабинетте, әлеуметтік желіде, өзара топ ішінде жүргізуге болар. Бірақ онда кез келген адам қатыса ала ма, көкейіндегі сұрағына сол мезетте жауап ала ма? Идеялас адамдарымен жүзбе-жүз танысып, еркін пікірлесе ала ма?

Мұндайда ең ұтымды жол – митинг. Митинг – бассыздық, қырғын емес, қайта еркін, тең диалог құрудың демократиялық әрі өркениетті жолы.

Бізді «еститін билік» өкілдері диалогқа мүдделі емес, өкінішке қарай. Пікірлесу үшін «тағайындалатындар» қатысатын ақ сарайдағы ұлттық кеңестің салтанатты отырыстары, дауыстарыңды мен ғана емес, ешкім естімесін деп интернет байланысты өшіруі, шағымын айтамын деп шыққан аз ғана топты сарбаздарымен бес орап, күшін көрсетіп, қыспаққа алуы мұны анық аңғартты. 

«Біз біргеміз» дейтін мемлекетшілдерді білмедім, бірақ үйде отырған мен қатты ұялдым.

Бэлла ОРЫНБЕТОВА

ДЕЖА-ВЮ

Президент Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында биыл – ауыл әкімдері, 2024 жылы – аудан әкімдері сайланатынын айтты. «Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін» деді. 

Сіздерді қайдам, менде бір дежа-вю сезімі пайда болды. Бір орында айналсоқтап қалғандаймыз. Экономика, инновация, білім, денсаулық – барлық салада осылай бір нәрсені қайта-қайта айтып, бір шеңберде шыр айналып жүргендейміз. 

Н.Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын (!), 1998 жылы халыққа жолдауында «…мы должны разработать масштабную поэтапную программу выборов руководителей всех уровней… Я полагаю, что в ближайшее время необходимо приступить к разработке такой программы, четко расписав этапы и уровни» деген. 

1999 жылы Шамалған ауылында «эксперимент сайлау» өтіп, бизнесмен әкім болып сайланды. 

2001 жылы 28 ауылда «эксперимент сайлау» өтті. 

2004 жылы Назарбаев «Отан» партиясы съезінде мемлекеттік билікті орталықсыздандырып, жергілікті басқару жүйесін нығайтуға, әкімдерді сайлау жүйесін енгізуге бет түзейміз деді. 

2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында аудан әкімдері эксперимент жағдайында сайланды. Бұл «билік вертикалін демократияландырудың бастамасы» болады деп дәріптелді. Жағымпаздар аузын ашып, көзін жұмып мақтады. 

Кейін осы «эксперименттердің» нәтижесі туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Жалғаспай қалғанына қарағанда, Қазақстан халқы демократияға дайын болмай шыққаны ма? Онда президентті, мәжілісті қалай сайлап жүр? 

Науқандардың бәрі үлкен сайлаудың алдында, я сайлаудан соң жұрт наразылығын басу үшін, демократиялық күштердің, халықаралық ұйымдардың талабымен «іске асты».

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн