БЕТІҢДІ АШ, БЕЙСЕНҒАЗЫ!

Немесе К.Күргенбаеваның «Ақиқаттың» атын жамылған «ақиқатшыл» мақаласына жауап

Соңы шулы мақалаға апарған осы әңгіме биылғы жылғы сәуірдің 7-і күнгі республикалық «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының (бірлестік) есеп беру-сайлау конференциясынан басталды. Оның қандай заңсыздықтармен өткендігі публицист-жазушы Т.Айтбайұлының «Ақиқаттың» ақиқаты қазақты қазаққа қарсы қойды» деген мақаласында жазылған еді. Соның бір-екі жерінде ұйымның әуелгі төрағасы Бейсенғазы Нүкен туралы да шындық ащырақ айтылған еді. Дерек-дәйектері нақ, артық байбалам, көпірме сөз, тілдеусіз жазылған осы материалға ұйымның бүгінгі төрағасы Б.Құрымбаев қыңқ демеді.

Есесіне, мақала авторы өзі де тістеніп, қай жерден не шығар екен деп күтініп жүрген Сәдуұлын шиыршық аттырды. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде ашылған ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» чатындағы сөздерінде жоқ-барды Талғатқа қарай боратып: «Ол оңбаған, жікшіл» деді; «жағымпаз»; «оны менен артық білмейсіңдер»; «бұл жөнінде мақала жазылып жатыр, соны оқып білесіңдер», – деді…

Артынша Оралдан шығатын «Жұмадағы жүздесу» газетінде бір мақаланың басылғанын естідік. Әрине, авторының кім екенін, оның не деп жазғанын білуге құмарттық. Өстіп жүргенімізде, «ДАТ» газетінің 18 шілдедегі санында «Ақиқаттың» атын жамылған «ақиқатшыл» деген мақала жарқ ете қалды. Дәу де болса, «Жұмадағы жүздесуде» жарияланған материал осы болар деп ойлап едік, дәл солай болып шықты. Авторы – Күміс Күргенбаева, аты-жөнінің астына «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы» деген лауазымын бадырайтып көрсетіпті. Бізді тілін тежемей, қара бояуларын барынша баттастырып жазған дүниені оқыдық.

Осы мақала шыққан күні басылымның бас оқырманы ЕрмұратБапимен сөйлестік. «Ой, бұл бергі жағы, қысқарған түрі ғой… Талғаттың ар-намысына тиетін қаншама жерлерін қысқартып тастадық. Тұтас беруге арымыз шыдамады», – деді Ерекең.

«Қап-ай, ә! Сол күйі тұтас жариялау керек еді. Олардың жазуындағы Талғаттың кім екенін ел біліп, өздерінің де дәреже-деңгейі әшкереленетін еді», – дедік.

Дәл осылай «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы Қажымұқан Ғұбайдолламен де тілдестік. «Дәйексіз жамандайтын біраз бөлігін алып тастадық, газетке қысқарған нұсқада басылды», – деді ол. Әлгі мақалада Т.Айтбайұлына қосарлап: «Өзіңіз дәріптеп отырған Ж.Жексембаев ұйым басқарып, бес адамға билік айтып, «көшбасшы» болып көрмегенін желтоқсаншылар біледі. Кезінде Бейсенғазы Сәдуұлының соңынан қалмай, облысқа жетекші болып, бара-бара ол «тақиясына тарлық етіп», төрағалыққа таласқан еді. Оны өзіңіз де жақсы білесіз, бірақ біле тұра, кесір-кесапатқа, қиянатқа, бұра тартқанға құмарсыз, Талғат аға», – деп оны да іле кетіпті.

Ендеше бір кездері Жақсылық Тұсайұлына байланысты «Абай. кz» порталында жарияланған ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» газетінің тілшісі Сайлау Лепесовтың мақаласынан үзінділер келтірейік.

«…Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі ішінен жік шығарып, дау-дамай туғызушылардың лаңы бәрімізді «шаршатты». Бұны бастаған әлгі «жетекке жүргіш, айтаққа үргіштер» тобына жататын Жақсылық Жексембаев атты алаяқтың арсыздық айқай-шуы. Ауыз толтыра айтар азаматтық ісі, иә болмаса, бәтуәлі һәм берекелі сөзі бұйырмаса да, қолынан келмеске, құр бекерге құмар, тыраш бір пенде. Соңына өзі тектестерден шағын топ құрып, осы ұйымды ұжымдастырып, басын біріктіріп, адалдық пен адамгершілік жолынан ауытқып көрмеген, ұлт жанды азамат – Нүкен Сәдуұлының жолына көлденең тұзақ қойып, ор қазумен келеді…

Бір әттегенайы – Ж.Жексембаев бастаған арызқой, жалақор, жалғаншы топтың жыртысын жыртып, сөзін сөйлеп, шашбауын көтеруге белсене атсалысқан белгілі жазушы-публицист, желтоқсаншылар жөнінде жазып-сызып, «шежіре таратып» жүрген Талғат Айтбайұлы мен «ДАТ» газетінің тілшісі Гүлмира Тойболдинаның табылғаны әбестеу болды» – депті С.Лепесов.

«Әуені» осылай. Құдай-ау, сынаса да жөндеп, дәйектеп сынамай ма! Алайда шындық басқаша ғой. Сондықтан желтоқсаншы Ербол (05.03.2014 – 09-32):

«Бұл мақаланы жазып отырған нағыз іріткі салғыштың өзі. Мен білетін Талғат Айтбайұлы, Гүлмира Тойболдина, Жақсылық Тұсайұлы сендер сияқты пәле іздейтін адамдар емес, Желтоқсан үшін маңдай терлерін төгіп жүрген жандар. Жақсылық – Желтоқсан кезінде үкімет үйіне делегаттарды бастап кірген жігіт. Бейсенғазының былықтарын «Жас Алаш», «Қазақ үні», «Заман-Қазақстан» газеттері жариялағанын білеміз. Желтоқсан атын жамылып, 8 млн 600 мың алғанын да, 70-ке тақаған жасы бар жаяу марафоншы қарияға қол көтергенін де, т.б. істерін де біліп отырмыз…» деп жазыпты.

Ал Жақсылық Тұсайұлы өз пікірінде (06.03.2014) «Сайлау /Лепесов/, өте жақсы жазғансың. Талант!» – деп сөзін кекесінді оймен бастапты. – Сен секілді ешкімді жамандағым келмейді… Оқырмандарға айтарым, ақиқатын білгілеріңіз келсе, мына газеттерде жарық көрген мақалаларды оқыңыздар:

1. «Талдықорған», №49. 25.11.2011 жыл.

2. «Заман-Қазақстан», 19.07.2012 жыл.

3. «Жас Алаш», 23.05.2013 жыл.

4. «Жас Алаш», 20.06.2013 жыл.

5. «Абай.кz»-дағы Замира Пулатованың материалы. 12.12.2013 жыл.

6. «ДАТ», 06.03.2014 жыл».

Еркін ойлы «ДАТ» апталығында жарияланған соңғы мақала авторы араға жылдан аса уақыт жүгіртіп, «Жас Алаш» газетінде (15.10.2015 жыл) «Аманатқа жасалған қиянат кешірілмейді» деген тақырыппен «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының қиқулы әңгімесіне қайта оралады.

«Желтоқсан ақиқаты» – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты құрылған 7-ші (!) ұйым… Басы жақсы басталғанымен, кейін бірлестік Б.Нүкеннің «жеке меншігіне» айналып кетті… Аз уақыттың ішінде өткізетін түрлі шаралар мен ұйымдастыру жұмысын тек төраға ғана шешетін жағдайға жетті. Құрылтайшылар (Х.Әділханов, Ж.Бейсенбаева, Г.Тойболдина) жиналыстан ашықтан-ашық дөрекі түрде қуылады. Кейін осы әдісті Б.Нүкен өзін бетке сынағандарға жаппай қолданды», – деп жазады «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы мүшелері атынан журналист Гүлмира Тойболдина. Мақаланың соңы: «Желтоқсан ақиқаты» – біреулердің шашбауын көтеру, болмаса біреулерге билік пен бедел алып беру үшін құрылған ұйым емес, бұл халықтың өз жоғын жоқтау мақсатында құрылған ұйым. «Мен!» деуге лайық талай азаматтардың «Қоғам оянса екен!» деген арманы. Демек, аманаты. Ал аманатқа қиянат ету екі дүниеде кешірілмейді», – деп түйінделеді.

Сөздің қадір-қасиетін білетін кісі осыдан соң саябыр табатын еді. Бірақ Бейсенғазы ондайдан ада екен. «Абай.кz» порталына «Желтоқсаншының ащы шындығы» деген атпен мақала жазды. Ол материалды «ДАТ» газеті де (02.03.2017 ж.) жариялады. Біз осы басылымға сүйене отырып, талдау жасасақ: «2008 жылдың мамыр айында «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігін құруға 850 мың теңгедей қаражат тауып, бәрін өтеген мен едім, – дейді Бейсенғазы. – Содан бері ұйым жұмысын тоқтатпай, бүгінгі күнге дейін 186 іс-шара өткіздім».

«…Осы бағытта істелініп жатқан жұмыстарымызға қаншама қарсылықтар болды… 2012–2014 жылдар аралығында Жексембаев Жақсылық, Жапашева Ләззат, Бейсенбаева Жұлдызай, Әділханов Халелхандар бастаған топ «ұйым төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы ұйымның ақшасын жеп қойды» деп Астана қаласындағы Адам құқығын қорғау орталығына, Алматы қаласының Қаржы полициясына, Алматы қаласының Экономикалық және жемқорлықпен күресу басқармасына, Алматы қаласының Түрксіб аудандық, Алматы қалалық кассациялық соттарына арыздар жазып, мені сотқа берді… Арыз жазғандардың мақсаты – мен отырған орынтаққа отыра салу…» – делінеді Б.Нүкенұлының мақаласында. Оны кезінде талай кісілер оқыған, ой-пікірлерін білдірген. Қарт қаламгер Ғаббас Қабышұлы ағамыз бір емес, екі рет үн қатыпты.

Біз «ДАТ» газеті «Шындық басқадай екен» деген айдармен басқан екіншісіне қысқаша жүгінсек, былай болып келеді:

«Қазекем «Адамның сөзіне аспандағы бұлт та айналады» деген ғой. Мен сол бұлттай болдым. «Абай.кz» ақпарат порталының 20 ақпандағы санында жарияланған «Желтоқсаншының ащы шындығы» деген мақаланы Б.С.Нүкенов жазғанын көріп, «ащы шындықты нар тәуекелмен айтқан екен» деп риза болып, оқып, иланып, құптап, оған қарсыларға қаттырақ пікір жазған едім.

Кейінгі пікірлерді оқып және өзіме телефон шалған адал азаматтардың айтқандарын түсініп, нағыз шындыққа көзім жетті.

Содан түйгенім: Бейсенғазы Нүкенов сужұқпастың көкесі екен! Желтоқсан мәселесін бүлдіріп, өтіріктен шалап жасап жүр екен. Соны білген соң, порталда жазған ойымның ағаттығына өкіндім…

Қазекем: «Білмеген у ішеді» деген ғой. Мен де ойда жоқта сондайға ұшырап, Б.Нүкеновтың сылдыр-судыр сөзіне сеніп қалыппын. Ойпыр-ай, шімірікпес «шешендердің» түр-түрі бар екен-ау!..».

Құрылтайшылар болып жазған мақаланы ақиқаттың айбалтасы болып жүрген Ғаббас ағамыздың осы сөзімен түйіндей салуға әбден болар еді. Бірақ біз қаржы мәселесіне қатысты әңгімені қозғай кетейік. Алғашқы құрылтайға кеткен қаржыға әрбіріміз шама-шарқымызша ақша жинап, үлес қостық, сондай-ақ ол өткіздім деген шаралардың қай-қайсысына да қатысушы желтоқсаншылар ақшалай болысты. Ай сайын мүшелік жарна жинадық, куәліктерімізді белгілеген теңгесіне сатып алдық. Бұл – басы ашық әңгіме.

Күргенбаева өзін «Желтоқсан ақиқаты» ұйымы Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы» деп көрсетіп, аузын айға білеген екен. Бұрын Б.Нүкенұлының төрағалық еткен кезеңінде солай болса, болған шығар, бүгінгісі – өтірік. Көтерілістің 25 жылдығы кезінде Талғат құрастырған айғақ-кітаптардың 5 томын Алматы қалалық әкімшілігі 1000 данадан бастырып шығарып, желтоқсаншыларға тегін таратқан еді. Біз сол кітаптарды Алматы қалалық бөлімшесінде төрайым болдым дейтін Күмістің өз қолынан 5000 теңгеден сатып алып, Кентаудағы желтоқсаншыларға таратқан болатынбыз. Осы орайда Т.Айтбайұлына айтқан ауыр сөздері – жаптым жаланың нақ өзі! Шын мәнінде Талғат 30 жылдан бері ешкімнен көмек сұрамай, бастаған ісін жанкештілікпен жалғастырып келеді. Ол ұлт мүддесін көкке көтеріп, алаңда арпалысқан бәріміздің ерлігімізді ертеңгі ұрпақтарымызға өнеге етіп қалдыру мақсатын ақы-пұлсыз атқаруда. Публицист-жазушы Т.Айтбайұлынан басқа дәл осылай жасап жүрген бір кісі бар ма?!

Желтоқсан – әлі күнге дейін ашылмаған, жұмбағы мол көтеріліс. Көтеріліс екі күнге ұласты. Б.Нүкенұлының естелік жазбалары мен берген сұхбаттарына қарағанда, ол төрт күн бойы алаңда жүріпті. Тағы да дәлелге ден қойып, тұжырымдап жеткізсек («Алматы 1986 Желтоқсан», 3-том, 213–214 бет):

«1986 жылдың 16 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 7:30-да сабаққа барғалы жатқан жатақханадағы жігіттің бірі «Алаңда митинг болайын деп жатыр, Қонаевты алып тастайды» деді. Онда сабаққа дейін барып қайтайық деп, екі-үш жігіт болып алаңға жеттік. Келсек, алаңда жиырма шақты жігіттер мен қыздар тұр екен, – деп жазады. Сол күні сабаққа барады, бірге оқитын жігіттердің біразын алаңға алып келеді. Жиналған жұртпен шерулеп көшеге шығады. ҚазПИ-ге барады. – Қыздар педагогикалық институтына жеткенде, алдымызға «ГАИ инспекциясы» деген жазуы бар «Жигули» автомашинасы тоқтады. Ішінен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шығып: «Бауырларым, қайтыңдар! Босқа мерт боласыңдар!» – деді. Мен ол кісіні сол кезде онша танымайтынмын, жолдан былай тұруын талап еттім. «Ағаларымыз, сіздер қолдамайсыздар. Сонда сіздерге тек қана портфель керек пе?» – деп айтып, алға қарай жүріп кеттік…».

«17-сі күні біразымыз халықты жинау үшін шерулетіп, Дзержинский, Горький көшелерінің маңындағы бір билік ғимаратының алдына келгенде, қолдарына қағазбен орап, қызылға боялған арнайы темір арматура ұстаған адамдар қарсы алды, – депті Б.Сәдуұлы желтоқсаншы ақын, журналист Аманғазы Кәріпжанәулетіне берген сұхбатында. – …Еңгезердей жігіттерден құралған сол халық жасақшылары арматурамен талайларды соққыға жығып, бәрі де қашуға мәжбүр болды. Мен қашып бара жатып, басымнан алған соққыдан арықтың ішіне құладым. Бір уақытта тұрып қарасам, ешкім жоқ. Аэровокзалдың қарсы бетіндегі қорғаннан секіріп өтіп, басымнан қан аққан күйде жатақханаға қашып келдім… Қайтадан алаңға келіп, шерумен Сейфуллин мен Гоголь көшелерінің қиылысына жеткенде, қазіргі елбасымыз Н.Назарбаевпен кездестік. Ол бір машинаның ішінен түсті де, бізге келіп, «Балалар, қайтыңдар, босқа зардап шегіп қаласыңдар!» деді. Біз Назарбаевқа «Бізге қосылыңыз, бізбен бірге жүріңіз!» деп едік, ол үндемеді…

…Сонымен 18-күні кешке қарай операция басталды. Трибуна жақты иттері бар әскерилер қоршап алды… оларға тас лақтырдық…. Мрамор тастарын қабырғадан жұлып алып, келе жатқан өрт сөндіргіш машинаны тоқтатпақ болып атқыладық… Өзім де басымнан соққы тиіп, құлап қалдым. Үстімдегі пальтом су болып, ауырлап кетті. Әрең дегенде тұрып, К.Байсейітова көшесімен қашып келе жатыр едім, келе жатқан таксиді көріп тоқтатсам, шопыры қазақ жігіті екен…» – Қысқасы, сол азамат Галилео көшесіндегі жалдап тұратын пәтеріне тегін жеткізеді. Ол үйге кірісімен, үй иесінің ұлы Саша кіріп келеді. «Сендер неге орысқа қарсы шығасыңдар?» – деп айқайлайды. Екеуі төбелеседі. Кетерінде орыс Саша қалтасынан мылтықтың оғын шығарып, «Осы оқпен мен сені қазір атып өлтіремін» деп, сыртқа шығып кетеді. – Ол айтқанын істесе, шабуылды өзім бастамақ болып, отын жарып жүрген балтамды алып келдім де, есіктің артына тығылып күтіп тұрдым. Бірақ ол қайтып келген жоқ. Әйелім де ол кезде ауыраяқ болғасын, орыс өлтіре ме деп қорқып, менің кетпеуімді өтініп, жылады. Содан екеуміз түнімен ұйықтамай, екі көзіміз төрт болып, әлгі орысты күтіп отырдық. 19-ы күні таң атпай алаңға қайта келсем, Қ.Сәтбаев көшесі жағында жастарды кіргізбей, бастарында каска, үстілерінде броножилет бар, қолдарында қалқан, дубинка ұстаған төрт қатар әскер тұр екен. Көбісі қазақ жігіттер. Біз оларға: «Мыналарыңды тастаңдар да, бізге қосылыңдар» деп айғайладық». (А.Кәріпжанәулеті. «Желтоқсан сүргіні», 1-том, 113–115 беттерінен).

«Содан кейін не болды екен?» десек, осы сұхбатында оны да қамтып кетіпті. Аяғы ауыр әйелін алып, Аягөзге кетеді. Желтоқсанның 16-нан (1986) бастап сабаққа бармаған. Жаңа жылдан кейін бір-ақ келеді. Таңқалдыратыны – Алматы теміржол институтының 2-курс студенті Бейсенғазы Сәдуұлын ешкім іздемейді… Осы «ертегіге» кім сенеді? Біз де илана алмай, ойымызды осылай деп жазып отырмыз…

Енді Б.Сәдуұлының тағы бір «ерлігіне» тоқталайық. С.Лепесовтың жазуынша, ол «жерімізді шетелдіктерге саттырмау, жалға да бергізбеу туралы бастама көтеріп, бас болып… 2016 жылы 21 мамырда алаңға шыққаны үшін, бүгінгі жебір биліктің… қолайына жақпағаны үшін төрағалықтан алынды» дейді. Ол кеше ғана болған оқиға емес пе?! Полицейлер алаңға бір кісіні де жібермеген. Қанша адамның ұсталғаны, араларында кімдердің болғандығы «Жас Алаш» пен «ДАТ» газеттерінде жазылып, көріністері әлеуметтік желілерде таратылған. Міне, солардан Бейсенғазы бастаған елу желтоқсаншының өздерін де, көлеңкелерін де көрмедік. Сондықтан өтіріктің де шет-шегі болады, бет пердеңді аш, Бейсенғазы! – демекпіз…

  • «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының құрылтайшылары мен желтоқсаншылар: Жұлдызай Бейсенбаева, Халелхан Әділханов, Талғат Айтбайұлы, Гүлмира Тойболдина, Бейсенбай Сайфолла, Ләззат Жапашева, Жақсылық Тұсайұлы, Болат Шарахымбай, Ақкүміс Ихласова, Нұрлан Әлімбаев, Талғат Қожанадиров, т.б.
Республиканский еженедельник онлайн