ЕШКІГЕ СЫРНАЙ НЕ КЕРЕК?

Әйнек пен темір-терсектен құрастырылған Астанада тағы бір ғаламдық жоба басталайын деп тұрған сияқты. «Сияқты» емес, қазақтың онсыз да қайыршы қалтасын қағатын ол жобаны жүзеге асыруға тапсырма беріліп те қойды.

Мән-жай мынау: бұдан бір апта бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі (WTCA) Рольф Драакпен және «Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесті. Бұл кездесуге Президент әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев, Астананың әкімі Бақыт Сұлтанов және сәулетші-дизайнер Кеннэт Брюс Джеймс Андерсон қатысыпты. (Бұл қайдан шыққан архитектор? – Wikipedia жұмған аузын ашпайды).

Осы кездесу барысында Астанада – ЭКСПО аймағында Дүниежүзілік сауда орталығының (ДСО) ғимаратын салу жөнінде Назарбаевқа жаңа жоба ұсынылды. (Нью-Йоркте терроршылар жарған зәулім, егіз ғиамаратты көз алдыңызға елестетіңіз – соның біреуі Астанада салынады). Оның биіктігі 150 метр болатын көрінеді. Егер әр қабаты 2,5 метрден кем түспейді дегеннің өзінде, ДСО-ның доғал есебі 60 қабаттың төңірегінде болады деген сөз. Ең қызығы – «бұл нысан толықтай шетел инвестициясы есебінен салынады» дейді Ақорданың хабар таратушы баспасөз қызметі. Жоба иелері 200 миллион доллардың долбарымен оның мөлшерлі құнын да есептеп қойған екен.

Ал енді осы «200 миллионды» 2010 жылдан бері – 9 жыл бойы салынып жатқан, құрылысы 2016-да бітуі тиіс болған, Қазақстан үкіметі тапсырыс берген «Әбу-Даби Плаза» кешенімен салыстырып көріңіз: оның жобалық биіктігі 382 метр – 78 қабат, құны – 1,6 миллиард доллар.

Егер бірнеше өрт пен құрылысшылар ереуілдерінен кейін, «Әбу-Даби Плазаның» құрылысы бітер уақыт 2020 жылға дейін ұзартылғанын ескеретін болсақ, оның құны да жобалық есептен еселеп өсетінін аңғару қиын емес. Сонда «Әбу-Даби Плазаның» жартысынан астам көлемі мен биіктігі, екі гектар жерге салынатын ДСО-ның дөңгелек есептегі құны кемінде 800 миллионның маңында болуы тиіс қой. Бірақ хабар таратушылар құрылыстың «құны 200 миллион» болады деп, шығынның шотын шақтап қойған екен. Ал анығында, бұл – үш-ақ қабатты бір ғана «Астана-опера» театрының құнынан ($230 млн) кем сома: оған бесіктегі баланың илана қоюы да неғайбыл. Шамасы, қымбатшылық қылқындырған, тапшылық тарықтырған, салықтан сығылған халықтың «шабына ши жүгіртпейік» деген болулары керек…

Енді қалай болғанда да, «Астана-лего» ойыншықтары қатарында қымбатшылығы қырып кетердей тағы бір құрылыс басталатын болды. Оны халықты ойбайлататын «ойыншыққа» әуес Назарбаев мырзаның өзі айтып отыр: «Бұл жоба елордамыздың келбеті мен рухына сай келіп, оның ажарын аша түскенін қалар едім», – деп, жобаны мақұлдап, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстарды бастауға тапсырма беріпті.

Ал енді осындайда халықтың аузындағы мәтелмен: «Итке темір не керек?» десеңіз ғой – әлдекімді итке теңеген болып шығасыз. Отты-сотты боп кетуіңіз де ғажап емес: жанқалтасындағы соты тапжылмай тұрған телеграф бағанын да қылмыскер ете салатынын күнделікті көріп жүрміз.

Ендеше теңеуге тапшы емеспіз: орыстың «Ешкіге сырнай не керек?» («Зачем козе баян») деген тағы бір ауыздан-ауызға тараған сөзі бар… Итке қарағанда, қазақ үшін жеуге жарайтын жануар ғой: аса ренжи қоймас…

Айтпақшы, бұл тіркестің түп-төркіні ежелгі гректің «nafyka kosse boya» – «нафика коссе бойа» деген сөзінен шығады екен. Ал slovar.wikireading.ru сөздігінің айтуы бойынша, аудармасы – «бұны к…тіңе тық» деген «тәртіпсіз» тіркес екен…

P.S. Ал Астанаға салынатын жаһандық жобаның жағдайында оны кім «тығады» немесе «тығуға тиіс»? Әрине, Астананың «бас архитекторы» емес! Оның «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғысына» құлағы да көндіккен, еті де өліп біткен қара халықтың құйымшағынан қалтарыс тесігіне «тықтырады» да. «Тықпай» көр!..

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн