«Жаңа Қазақстан» ҚҰРУДЫҢ 7 ҚАДАМЫ

Біздің елдің қайда бара жатқанын болжай отырып, осы тағдырлы, өтпелі кезеңде Қазақстанның өз сара жолын жасауға орайластырып, өз көзқарасымды ұсынып отырмын. Біз сананы оятып, Батысқа жалтақтамай, бетімізді Шығыстың мораль философиясына бұрып, тіпті жаңа өмірге, жаңа өркениетке қадам басуымыз керек. Менің төмендегі ұсыныстарымды қолдайтын, үндес, ертең іске асыратын кандидаттарға дауыс берулеріңізді сұраймын. Жастарға жолымды бердім.
  1. Халықтың күнкөріс деңгейін, өмірінің сапасын көтеру. Егер индикаторлар салыстырмалы түрде негізсіз түсіп кетсе, онда Үкімет автоматты түрде отставкаға кетуі керек. Жаңа кадр саясатын жасау. Сыбайлас жемқорлық жайлаған бұрынғы биліктегі кадр жүйесін түбірімен жаңарту керек.
  2. Қазақстан халқының бақуаттылығына арналған жаңа «Жалпыхалықтық идеология» қажет. Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы социалистік, әр адамның әлеуметтік жағдайына арналған, экономикасы – нарықтық, саясаты демократиялық-халықтық басқару болуы қажет. Ол үшін біздегі әлі жалғасып келе жатқан бұрынғы жүйенің автократиялық, олигархиялық, бюрократиялық басқару стилінен үзілді-кесілді кету керек. Бізде 30 жыл бойы биліктің өздеріне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады.
  3. Қаншалықты қиын жағдайда тұрсақ та, болашақты бүгін болжау үшін, біз ұзақ мерзімге арналған Стратегиялық әлеуметтік-экономикалық, технологиялық даму концепциясын және Мемлекеттік бағдарламаны жасап, оны халықпен ақылдасып (керек болса референдум арқылы) қабылдауымыз қажет.
  4. Қоғамның рухани-тарихи жаңғыруы қажет. Негізгі назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық-адамгершілік, әділеттілік, т.б. ұлттық құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге, ғылымға аударылуы керек. Тек білімді қоғам кез келген қиындықтан шыға алады. Демократияны да тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады.
  5. Қазақстанның болашағы «Ауылды жаңғыртудан» басталады. Алдағы уақытта мұнай мен газдың орнына «бренд» болатын – астық пен ет өндірісі. Қазақстан азық-түлік державасына айналуы керек. Азық-түлік мүмкіндігіміз әлемнің бірнеше елдерін тамақтандыра алады. Ең бастысы – жер мен тіліміз, ұлттық рух өлмеуі керек. Өзіміз өндірмесек, өзіміз де өспейміз.
  6. Алдымызда VІ технологиялық укладтың ғасыры (нано-, биотехнология, гендік инженерия, цифрлы, космостық технология) екенін ескерсек, бізді келешекте жасанды интеллект басқарып кетпеуі үшін, «Қазақстанның технологиялық кешенді даму бағдарламасы» қажет. Бұл бізге шикізат экономикасынан кетіп, экономикамызды әртараптандырып, дамытуға үлкен серпіліс береді.
  7. Басты мақсат – біз алдағы уақыттарда дамыған инновациялық экономикасы бар, демократиялық, гуманизациялық қоғамы бар өркениетті ел болуымыз керек. Өзгермелі заманда келешек тек Президенттің де қолында емес, ол халықтың сапасына байланысты.

Осы түбегейлі реформаларды жасауға өте көп қаражат, инвестиция құю керек болады. Өз мүмкіндігімізді бағалау үшін, мемлекетімізге 3 аудит жасау қажет. Бірінші – адам капиталына, әлеуетімізге аудит, екінші – бүкіл өндіріске, жалпы негізгі қорларға, ресурстарға, инфрақұрылымдарға аудит, үшінші – финанс-банк жүйесіне аудит. Біз осы үш аудит арқылы Қазақстанның барлық жер асты, жер үсті байлығын бағалап алғаннан соң, неге шамамыз жететіндігін біліп, көрпемізге қарай көсілеміз.

Барлық заңсыз иеленген меншіктерді, іштегі, сырттағы миллиардтаған қаржыларды тәркілеу керек. Шетелге капитал шығаруды, экономиканы офшорлауды тоқтату керек.

Шындығын айтсам, біз қазір жол айырығында тұрмыз. Не біз ноосфералық өркениетке қарай дами отырып, биосфералық сана-сезімді түбегейлі өзгертеміз, жаңа сара жол табамыз, не бізге жер бетінен жойылып кету қаупі төнеді. Бірақ біз әлемнің 6 империясының бірі – Түркі тегінен шыққан тегі мықты ел екенімізді ескерсек, болашағымыз жарқын болу керек.

Осы іс-шараларды халық атынан қадағалайтын Парламенттен басқа, елімізде «Жеті жарғыдан» бастап қанымызға сіңген «Билер кеңесі» құрылуы керек. Оның тең төрағасы – бірі Президент, екіншісі Қазақстанға қадірлі тұлға, азамат болсын, заңмен шегеленсін!

Құрметпен, ҚР Парламентінің 4 мәрте депутаты,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик    Оразалы СӘБДЕН                                                                                                                      

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн