МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН босатуға ӨТІНІШ ЖАЗБАЙМЫН!

Арон Атабек:

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «ар-ождан тұтқыны» және «саяси тұтқын» деп санаған Арон Атабек мерзімінен бұрын түрмеден босатуға өтініш жазбаймын деп мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстанның Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының сайтына (Bureau.kz) сілтеме жасаған Азаттық хабарлады.

«Ұлттық алдын алу тетігі» (Национальный превентивный механизм) ұйымына қатысушылар 15 жыл қамауда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтты. Бюроның хабарлауынша, жазасын Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде өтеп жатқан Арон Атабекке ҰААТ қатысушылары 18 тамыз күні барған.

“Екі қолым ауырады, көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға арбамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болуы керек. Толық (медициналық – ред.) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле алу қауіпті деп есептеймін”, деп жеткізді Атабектің сөзін ҰААТ өкілдері Bureau.kz сайтына.

Бюроның жазуынша, мекеме әкімшілігі Арон Атабектің амбулаториялы картасын көрсеткен. Онда оның 2021 жылғы 4 тамызда анализге қан тапсырудан, флюрография мен рентгенге түсуден бас тартқаны жазылған (фотокөшірмені қараңыз). Мекеме басшысы Әділхан Қапышев Атабектің денсаулығын бақылап отырғанын мәлімдеген.

Мекеме ұсынған медициналық хаттамада Атабектің сүйек-буыны ауыратыны, екі қолының саусақтары деформацияланғаны, ішінің қатуы салдарынан жарты жыл бойы үлкен дәретке бара алмай жүргені, жүргенде денесі дірілдейтіні және өзге де жағдайы жазылған.

“Бұдан бөлек, хаттамада оның 2021 жылғы 30 шілдеде медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт-дәрігердің тексеруді камерада өткізгені айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артиті секілді диагноз қойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, дәрумен ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және рентгенге түсуге кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан” деп жазады Bureau.kz.

“Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң, толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса, мекеме басшысынан /түрмедегі/ мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, қамау уақыты біткенге дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген” дейді Bureau.kz.

«Ұлттық алдын алу тетігі» – жазалау мекемелерін аралап, ондағы зорлық-зомбылық пен азаптаудың алдын алумен айналысатын орган. Қазақстан бұл органды 2013 жылы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясы аясында құрған.

Еске салсақ, Арон Атабек 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасына байланысты жазықты деп танылып, 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны “саяси тұтқын” деп таныған.

  • Шаңырақ оқиғасы қалай болды?

2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары “жерді рұқсатсыз иеленіп алдыңдар” деп, үйлерін сүру үшін полиция апарған билікке қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде үстіне бензин құйылып, өртелген 24 жастағы полиция қызметкері көз жұмды.

Билік оның өліміне бірнеше тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабекті – 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновты – 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті – 15 жылға, Рүстем Тұяқовты – 14 жылға соттады. Соңғы аталған екі азамат 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы Өтегеновтың жазасына түрме әкімшілігі қызметкерлерінің “заңды талабына бағынбау” айыбы бойынша тағы екі жарым жыл қосылған.

Арон Атабек жылдар бойы жазасын тұтқындалғанға дейін тұрып келген Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеп жатыр. 2014 жылдың сәуірінен бастап, ол Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отыр. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы “жабық” түрмеге тығып, жазалаған. Бұл – өмір бойына бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтейтін, “түрме ішіндегі түрме” сияқты мекеме.

2010 жылы Арон Атабекке “Тұтқындағы өнер иесі” номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді. 2010 жылы қарашада сыйлық Каир қаласында Атабектің туыстарына табыс етілген.

Редакциядан: Ар-ождан тұтқыны Арон Атабектің мерзімінен бұрын шартты босау (УДО) үшін өтініш жазбайтын жөні бар. Себебі – ол тұрғындары жалғыз баспанасын биліктің озбырлығынан қорғаған «Шаңырақ оқиғасын» қылмыс деп, өзін қылмыс жасадым деп санамайды. Егер ол өтініш жазатын болса, 15 жыл бойы ерегескен, ерлікке пара-пар өмірі зая кеткені.

Бірақ Арон-Батырды ешқандай шартсыз түрмеден босату жөнінде биліктің алдына талап қойған жазбалар әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатыр. Қоғам белсенділері президент Тоқаевтан «ар-ождан тұтқынына» гумманистік тұрғыда рақымшылық жариялауды ұсынуда. Ал ел басшысы бұл талапқа қандай және қалай жауап берері әзірге белгісіз.

ДАТ-ақпарат.

«DAT». 26.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн