ОБЫР ХАЛЫҚТЫ ОТАП ЖАТЫР, ал Алматыдағы онкоинститут ЖЕКЕНІҢ МЕНШІГІНЕ БЕРІЛГЕН

  • Казақстанда жыл сайын обырдан 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталып, 13 мыңнан астам адам қайтыс болады, деп ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың үкімет отырысындағы сөзіне сілтеме жасап, ҚазТАГ атап өтті.

 «Қазақстанда жыл сайын онкологияның 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл ретте 20 жыл ішінде өлім-жітім деңгейінің 33%-ға төмендеуіне қарамастан, жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам көз жұмады», – деді Ә. Смайылов.

 Онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың жартысынан көбі – еңбекке жарамды жастар. Мұндай қорқынышты көрсеткіштердің басты себебі – аурудың кеш анықталуы. Сонымен бірге, сарапшылардың айтуына қарағанда, елдегі онкоауруханаларға жаңа үлгідегі заманауи техникалар жетіспеуде.

ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың үкімет отырысында жасаған мәлімдемесіне қарағанда, онкологиялық дертке қарсы күресуге 2023–2025 жылдарға 474 миллиард теңге қажет екен (жолма-жол):

«На реализацию Комплексного плана по борьбе с онкологическими заболеваниями на 20232025 годы предварительно потребуется порядка Т474 млрд на закуп медицинского оборудования, лекарственных препаратов, обучение специалистов, строительство современных онкоцентров и реконструкцию и капитальный ремонт». По ее словам, финансирование предлагается за счет республиканского и местного бюджетов.

Міне, осындай тапшылық жағдайында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚОжРҒЗИ) жеке меншіктің иелігіне өтіп кеткені – тіптен түсініксіз жағдай. Бұл институтқа онкологиялық науқастарды емдеуге аса қажет заманауи жабдықтар мен медициналық техника сатып алуға соңғы 10 жыл көлемінде мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлінді. Ал ақыр соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (Елжан Біртанов) ұсынысымен және үкіметтің қаулысы арқылы халық қазынасы есебінен тұтастай жабдықталған институт жеке меншікке берілген.

Біздің редакцияның анықтауы бойынша, ҚОжРҒЗИ-дың бүгінгі жалғыз меншік иесі – институт директоры Диляра Хайдарова. Дереккөздерінің мәліметіне қарағанда, институттың жеке меншіктің иелігіне өтіп кетуіне экс-президент Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева ықпал еткен: «Диляра мен Дариға – өте жақын құрбылар», – дейді инсайдер.

Халықты обыр отап жатқан заманда мемлекет қаржысына жабдықталған, мәселен, бір ғана радиологиялық аспабы бюджеттің 5 миллион долларына сатып алынған (ал институтта мұндай заманауи техниканың ондаған түрі бар) тұтастай бір институтты жекешелендіру қандай қисынға келеді? Жаңа және әділетті Қазақстан орнату идеясын көтерген президент Тоқаев мұндай қитұрқы сауда-саттықтан хабардар ма?

Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,

«D»

ҚАҢТАР ҚАҺАРМАНЫ

«жартылай» жеңіске жетті

  • Белсенді Қосай Маханбаев (оң жақта) пен оның адвокаты Айдынғали Табылдиев.

Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Қосай Маханбаевтың қалалық мәслихатқа кандидаттығын тоқтату туралы аумақтық сайлау комиссиясының хаттамасын заңсыз деп таныды. 28 ақпанда оқылған шешімге сәйкес, сот Маханбаевтың шағымын жартылай қанағаттандырған.

«Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының Қосай Маханбаевқа қатысты қабылдаған хаттамасы заңсыз деп танылып, оның күшін жою туралы өтініш қанағаттандырылсын… Ал хаттамада кеткен қатені түзеп, Маханбаевты Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат деп тіркеуді міндеттеу туралы өтініш қанағаттандырылмасын» деп жазылған шешімде. Шешім заңды күшіне енген жоқ. Оған үш күн ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.

Қаңтар оқиғасы кезінде «президент резиденциясына шабуыл жасады» деп айыпталған, қазір үйқамақта отырған белсенді Қосай Маханбаевтың мәслихат депутаттығына үміткер ретінде куәлік алғаны 17 ақпанда белгілі болған. Алайда бірнеше күннен кейін прокуратурадан арыз түсіп, Алматының сайлау комиссиясы әуелгі шешімнің күшін жойған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген.

Қаңтар оқиғасы бойынша үйқамақта отырған Әйгерім Тілеужанды да осыған ұқсас себеппен кандидаттықтан шеттеткенімен, белсенді Жоғарғы сотқа шағымданып, сот оның өтінішін толық қанағаттандырды (10-бетті қараңыз – Ред.).

Azattyq.org

 

Қазақстан Журналистер одағы КӘСІБИ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАДЫ

  • Қазақстан Журналистер одағы Журналистер күніне орай байқау өтетіні туралы жариялады, деп хабарлады ҚазТАГ.

«Қазақстан Журналистер одағы 2023 жылғы 28 маусымдағы Журналистер күніне орай жыл сайынғы дәстүрлі байқау өтетіні туралы хабарлады», – делінген ҚЖО ресми сайтындағы хабарда.

Байқаудың басты тақырыптары келесідей:

– Қазақстан экономикасының, компанияларының, мамандарының дамуы;

– импортты алмастыру, инновациялық технологияны қолдану;

– Қазақстан мәслихаты мен парламент мәжілісі депутаттарының сайлауы;

– ғылымдағы, заңнамалардағы, экологиядағы, денсаулық сақтау саласындағы, білім мен мәдениеттегі жаңалықтар мен мәселелер;

– қазақстандықтардың табиғи апаттар кезіндегі көмегі, күнделікті өмірдегі қайырымдылық және өзара көмек:

– спорт және салауатты өмір салты;

– жас дарындар: әртүрлі саладағы талантты жастар, жасөспірімдер, балалар туралы материалдар.

«Байқауға 2022 жылдың 1 маусымынан бастап, 2023 жылдың 1 маусымына дейін жарияланған материалдар, фотографиялар, радио-бейнесюжеттер қабылданады. Байқауға жіберілген материалдар саны бестен көп болмауы керек. Материалдарды қабылдау 2023 жылдың 10 маусымы күні аяқталады», – делінген хабарда.

ҚЖО атап өткендей, материалдар мен анкеталық мәліметтерді [email protected] почтасына электронды түрде жолдау керек. Сауалнамада жұмыс орны, қызметі, мекенжайы, телефоны және материалдарының қандай басылымдарда жарияланғаны көрсетіледі.

Қорытындысы 20 маусымда шығады, ал марапаттау рәсімі 2023 жылдың 28 маусымында Алматыда өтеді.

Байқау туралы қосымша ақпарат Журналистер одағының Facebook парақшасында жарияланады: http://www.fasebook.com/jurunion.

ҚазТАГ

Республиканский еженедельник онлайн