Халық құрылтайы «ҚҰРҚЫЛТАЙ» болып кетпесін!

  • Құрылтай – қазақ үшін ежелден киелі, ежелде ел мен жерге қатысты маңызды мәселелерді шешетін, халық хандарын сайлайтын Ұлы жиын болған. Арада ғасырлар өтсе де, құрылтай өз мәні мен киесін әлі де жоғалтқан жоқ. Сол себептен болар, соңғы кездері қазақ қоғамында кезекті құрылтай өткізу бастамасы тағы да көтерілді.

Бірақ белгілі күштердің кесірінен ендігі құрылтайды өткізу мәселесі дау-дамайға айналған түрі бар. Әу баста – қазан айының басында Қазақтың ІІІ-ші Құрылтайын өткізу бастамасы «Ел мен Жер» қозғалысының отырысында көтерілген еді. (Еске сала кетейік, азаматтық қоғам өкілдерінің ұйымдастыруымен алғашқы Құрылтай 2019 жылы көктемге салым Астанада, ал екіншісі сол жылы күзде Алматыда өткен еді).

Бастамашылар – белгілі мемлекет қайраткері, оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев пен елге етене танымал қоғамшыл азамат Рысбек Сәрсенбайұлы болды. Жиналғандар бірауыздан келісті. Бірақ құрылтайдың уақыты мен өткізілу орнын жұмыс комиссиясы шешетін болып тарқасты.

Міне, қазанда қозғалған осы бастама «тиісті жеріне» жеткен болуы керек, қарашада «Құрылтай өткіземіз» деген тағы бір топ пайда болды. Шамасы, мақсат – Балташ пен Рысбек мырзалардың бастамасын басып кету немесе «алдын орау».

Әлбетте, қазақтың құрылтай өткізу дәстүрін ешкім меншіктеп алған жоқ: айтылар сөз, қоғамда қозғалар мәселе қозып тұрса, белгілі бір қоғамдық ұйымның немесе бастамашы азаматтардың құрылтай өткізуіне ешкімнің қарсылығы болмаса керек. Тек құрылтай «құрқылтайға» айналып, Ұлы жиын қадір-қасиетін жоғалтпауы қажет.

Бір ескере кетер жәйт – бұдан бұрын 2019 жылы қоңыр күзде өткен ІІ-ші Құрылтайда құрылған «Ақсақалдар кеңесі» бар еді. Құрамында бүгінде марқұм болған Серікболсын Әбділдин бастаған, Балташ пен Рысбек қостаған біраз бетке басар зиялылар мен кейінгі толқын өкілдері – Тоғжан Қожалы, Жанболат Мамай, Арайлым Назар, бүгінде қоғамдық белсенділігі үшін алты жылға сотталып кеткен Асхат Жексебаев сияқты біраз жастар және жан-жақтан келген бірқауым қоғамшыл азаматтар болды. Сол Ұлы жиынға жиналған мыңға жуық адам дауыс беріп, бұдан былай кезекті құрылтайды шақыру құқығын «Ақсақалдар алқасының» құзырына берген еді.

Міне, қазанда қозғалған құрылтай өткізу мәселесіне осы алқаның белді өкілдері түрткі болған еді. Сондықтан заң орындарында ресми түрде бекімесе де, халық өкілдері сайлаған алқаның құрылтай өткізуге толық қақысы болған-ды.

Ал астанада тағы бір құрылтай өтеді деген сөз осы алғашқы бастаманы жуып-шайып кетудің кебін келтірген сияқты. Қысқасы, Қазақтың кезекті ІІІ-ші Құрылтайының қамына кірісіп, бастама көтерген азаматтар 15 қарашада Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осы дау-дамайға қатысты біраз егжей-тегжейдің бетін ашты деген ойдамыз.

Балташ ТҰРСЫМБАЕВ:

– Естеріңізде болса, осыған дейін екі құрылтай өткізіліп, үшіншісін киелі Түркістан маңындағы Ордабасы жерінде өткіземіз деген ой болған. Алайда пандемияға байланысты енгізілген шектеулер салдарынан бұл жоспарымызды кейінге шегеруге тура келді. Өйткені Ордабасыда өтетін құрылтайға мыңнан астам адам келуге дайын болды. Індет өршіп тұрған жағдайда бұл ісіміз адамдардың денсаулығына қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Біз де осы жағдайды ескеріп, Ордабасыдағы жиынға тоқтау салдық.

Енді, міне, індетке қатысты жағдай тұрақталған соң, біраз уақыт бұрын үшінші құрылтайды Алматыда өткізуді шештік. Бірақ нақты өтетін күні әлі белгіленбеген еді.

Осы құрылтайда халықтың әлеуметтік жағдайы мен елімізге төніп тұрған сыртқы қауіпті құрылтайдың негізгі тақырыбы етуді жөн көрдік. Қараңыздаршы, азық-түлік пен коммуналдық тарифтердің бағасы асқақтап кетті. Онсыз да мұқтаж болып жүрген қарапайым халықтың жағдайы тіпті нашарлады. Көмір өндіруден әлемде алғашқылардың қатарында тұрған Қазақстан ХХІ ғасырда әлі көмір жағып отырған өз халқын қамтамасыз ете алмауда. Көмір сататын қоймаларда көмір үшін кәдімгі соғыс болып жатыр. Адамдар көмірге бола жанын беруге дайын. Бұл масқара ғой! Осы жағдайға әкелген – біздің бейшара, қауқарсыз үкіметіміз.

Бұны түзетудің бір ғана жолы бар. Ұры-қарыларды мемлекеттен шеттетіп, демократияға бет бұру керек. Онсыз болмайды. Отыз жыл бойы жердің астын да, үстін де сатып бітірді. Енді жердің өзін де сатуға мүдделі. Бұны тоқтату керек. Құрылтайда айтылатын мәселе осы. Үшінші құрылтай 26 қарашада Алматыда өтеді. Нақты өтетін жерін қосымша хабарлаймыз.

Ермұрат БАПИ

Баспасөз мәслихатында алдағы 26 қараша күні өтетін Алматыдағы құрылтайдың өту тәртібі мен күн тақырыбы жөніндегі мән-жайды спикерлер айтып берді.

Рысбек САРСЕНБАЕВ:

– 2019 жылы Алматыда өткен құрылтайда «Ақылдастар алқасы» сайланған болатын. Осы алқаның шешімі бойынша 26 қарашаға жоспарланған құрылтайдың күн тәртібі белгіленген. Ондағы айтылған басты мәселелер – Қытай мен Ресей ықпалынан және билік басындағы сатқындардан құтылу. Елде нақты саяси реформалар жасау және оны жасау жолдары.

Тағы бір талқыланатын мәселе – Қазақстанда күшейіп келе жатқан кедейшілік пен әділетсіздік. Қазақ жерінде салынуы тиіс Қытай зауыттарына халықтың наразы екенін көрсетіп, бұл жобаға жүйелі түрде қарсы тұру. Ол үшін қоғамдық комиссия құрып, оның жұмысына білікті эколог, экономист пен заңгер мамандарды жұмылдыру.

Құрылтайдың тағы бір көздеген мақсаты – бытырап, шашырап жүрген азаматтық қоғам күштерін мейлінше біріктіру, ал бірігуге ынтасы жоқтарды мәмілеге шақыру болып отыр. Бір-бірімізге кедергі жасап, аяқтан шалу неғұрлым көп болса, соғұрлым мына биліктің заманы ұзарады. Авторитарлы-олигархты-тотаритарлы жүйеге бірігіп қарсы тұрмасақ, жеңіске жете алмаймыз.

«Құрылтайдың өтетін күні неге 26 қарашаға белгіленді, 27 қарашада тағы бір құрылтай өткізіледі емес пе?» деген сұрақтар түсіп жатыр. Осы жағдайдың басын ашып өтейін. Біз белгілеген 26 қараша о баста жоспарланып, күн тәртібі бекітіліп, ұйымдастыру шараларымен білек сыбана араласып кеткен сәтте «Ел тірегі» партиясын құру туралы ынталы топтың жетекшісі Нұржан Әлтаев қоярда-қоймай менімен кездесіп, өзінің ниеттерін тізіп берді.

Оның кім екені маған белгілі. Партия құру туралы алғашқы съезін өткізген кезде оған сенімсіздіктің бар екенін бұлтармай ашық айтқан едік. Соңғы кездесу барысында да: «Нұржан, сен Құлыбаевтың адамы деген пікірді қалай өзгертесің? Сені жұртшылық солай қабылдайды. Құлыбаев бүгінгі биліктің бір өкілі. Сен оның жақтасы болсаң, ал біз осы жүйемен күресіп жүріп, сенімен қалай қатар отырамыз? Ол үшін Құлыбаевтың жасаған қылмыстарын, миллиардтап қалай байығаны, оның қайын атасы Назарбаевтың елді бүгінгі халге қалай жеткізгені туралы айт. Сонда ғана сенімен бірлесіп әрекет ете аламыз», – деп айттым.

Бұдан бөлек Нұржан Әлтаев маған құрылтайды астанада өткізу туралы ұсыныс жасады. Мен қарсы болдым. Себебі қоғамдық саяси белсенділердің басым көпшілігі Алматыда екенін айттым. Одан бөлек, билік өкілдері құрылтайдың өтуіне кедергі келтіріп, келісілген ғимарат иелері бас тартып жатса, астананың аязында жоспарлаған шараны тіпті далада да өткізе алмай қаламыз. Ал Алматының жұмсақ ауа райы ондай мүмкіндікті береді. Оның үстіне аймақтардағы белсенділерімізге Алматыға келу ыңғайлы деп, таңдауымыздың себептерін түсіндірдім.

«Олай болса, қаражат жағынан көмек жасайын» деп, Нұржан мырза маған ұсыныс жасады. Бір ғимаратты жалдауға тіпті зейнетақымыздан жинасақ та, өзіміздің шамамыз жетеді деп, оның ұсынысынан бас тарртым. «Біздің адамдарымыз құрылтайға қатыса ала ма?» деп сұрады. Әрине, көздеген мақсаттарымыз бір болса, біздің есігіміз бәріне ашық. Тек карантиндік тыйымға байланысты адам санына шектеу болуы мүмкін екенін айттым.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келіп отыр. Құрылтай тек біреу ғана болу керек, оны қайта-қайта өткізудің қажеті жоқ деген сөздер күн тәртібінен алынып тасталуы тиіс. Құрылтай – халық жиыны, ақылдасатын орны. Ол қай жерде өтсе де, кім ұйымдастырса да құқылы. Құрылтай әр жерде өткенімен, бүкіл халықтың жиыны деңгейіне көтеріледі. Сондықтан астанадағы құрылтайға барып қатысам дегендерге біз тілеулеспіз. Алматыдағы жиынға қатысамыз дегендерге есігіміз ашық. Біз адамдарды тек бірлікке шақырамыз.

PS. Бірақ баспасөз мәслихаты барысында екі құрылтайды неге біріктірмейміз деп, бірер «оқтаулы» келген адам дау-дамай туғызды. Ал нақты жағдайда бірігудің мүмкін еместігін жоғарыда Рысбек мырза егжей-тегжейлі айтып шықты.

Қалай болғанда да, бір шындықты мойындауымыз керек: назарбаевтық билік Қазақ қоғамын ыдыратып, басын біріктірмеудің жанталасқан амалын жасап бағуда. Ал алдағы 26 және 27 қарашада өтетін екі құрылтайдың қайсысы халықтық, қайсысы биліктік екенін сол жиынның риторикасы айқындайтыны анық.

«D»

ДАТЫҢ БОЛСА АЙТАРҒА, «ДАТ»-қа жазыл, ағайын!

Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді. Каталогта көрсетілген жазылу индексі – 64258

Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.

ОЛ ҮШІН:

  1. Газет тарату бөлімінің атына тіркелген (Дінмұхаммед Сейтқазы) +7-707-615-81-20 Каспи-голд номеріне тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз (жазылу бағасы төменгі таблицада көрсетілген).
  2. Бұдан соң осы уатсап-номерге:
  3. толық аты-жөніңізді;
  4. жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз.

Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсап-СМС хабарлама арқылы жолдайды.

«DAT» медиа-жобасының редакциясы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн