ХАЛЫҚ ӨЗІНЕ ТИЕСІЛІ 10 сотық жерді биліктен ТАРТЫП АЛУЫ КЕРЕК!

  • Өткен аптада «Ел мен Жер» қозғалысының төрағасы Балташ Тұрсымбаев, қоғам қайраткерлері Рысбек Сәрсенбайұлы мен Еркін Рақышев, «Желтоқсан» ұйымының жетекшісі Нұрлыбек Қуаңбаев жерге қатысты туындаған мәселелер туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Парламент жер шетелдіктерге орман өсіруге 25 жылға жалға берілмейді деп заң қабылдағанымен, жерге қатысты көптеген проблемалар әлі шешілмегені туралы пікірін ашық айтып жүрген қоғам қайраткері, «Ел мен Жер» қозғалысының атқарушы хатшысы Еркін РАҚЫШЕВ мырзаны мәселенің мәнін білу үшін сұхбатқа тартқан едік.

Еркін РАҚЫШЕВ:

– Еркін мырза, сонымен қоғамда қатты толқу тудырған Жер туралы заңның жобасы Парламент сенатынан мәжіліске кері қайтарылды. «Ел мен Жер» қоғамдық қоғалысы жіті бақылауда ұстаған бұл жобаның талқылауға қайтарылудағы мән-мақсатын сіз қалай бағалайсыз?

– Бұл – жерімізді Қытайға сатып жіберуді көздеген биліктің жоспарлы саясатын іске асырудың жолы болатын. Алдымен мәжіліс депутаттары бос жатқан, игерілмеген ауыл шаруашылығы резервіндегі жерлерімізді шетелдіктерге 25 жылға орман өсіруге жалға берейік деген бастама көтерді. Мұндай ұсынысты қатардағы депутаттар бергенімен, бұйрық жоғарыдан түскені айтпаса да түсінікті еді. Бос жатқан жерлеріміздің көлемі шамамен 120 млн гектар. Осынша жерімізді орман өсіруге деген сылтаумен шетелдіктерге, яғни жерімізге көз тігіп отырған Қытайға 25 жылға жалға беру – бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін барып тұрған сатқындық болатын. Осы заңның жобасын мәжіліс депутаттары қабылдап, сенатқа жібереді.

Депутаттар Қытай миллиондаған гектар жерімізді 25 жылдан кейін қайтармайтынын біле отырып, осындай заң қабылдауға қалайша дәттері барды?! Бұған қоғам белсенділері қарсылығын білдіріп, егер сенат заңды қабылдайтын болса, аштық жариялайтынын мәлімдеді. Құрамында 60 мыңдай мүшесі бар «Ел мен Жер» қозғалысының белсенділері де аштық жариялауға дайын еді. Осы нұсқадағы заңның қабылдануына халық наразылығын білдіріп, жер-жерлерде митингіге шыққан соң, сенат ол заңды кері қайтарды. Халықтың қаһарынан қорыққан мәжіліс депутаттары өздері қабылдаған заң өздеріне қайтып келген соң, амалсыз халық талабына көнуге мәжбүр болды. Осылай халықтың наразылығының арты толқуларға ұласып кетуі мүмкін екенін түсінген билік жерді Қытайға сатамыз деген райынан қайтты.

– Жобаны сенат пен мәжіліс арасында ары-бері жүргізудің астарында қоғамды алдап соғудың бір амалы жатқан жоқ па?

– Қоғамды алдау басында жоспарланып, заңды қабылдау – сол зымиян саясатты іске асыру болатын. Алдымен президент Тоқаев «ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін» деген талаппен заң қабылдаңдар деп, парламентке тапсырма берді. Бір қарағанда, халықтың көкейінен шығатын жақсы заң сияқты болып көрінгенімен, бұл жерде бір шикілік бар екені белгілі еді. Мұның артында ауыл шаруашылығы жерлеріне жатпайтын басқа санаттағы жерлеріміздің жағдайы не болады деген сұрақ тұрды.

Артынша билік жер мәселесімен айналысады деп, 80 адамнан тұратын Жер комиссиясын құрды. Шындығында, қолында ешқандай құзіреті жоқ бұл комиссияның мақсаты – жердің шетелдіктерге сатылуынан халықтың назарын басқа жаққа аудару болды. Бір ай улап-шулап, бұл Жерком жеріміздің шетелдіктерге 25 жылға орман өсіруге деген сылтаумен берілетіні туралы жұмған ауыздарын ашпады. Сонда ата-бабаларымыздан аманат болып қалған жерімізді сататындай басымызға не күн туды?

Билік шетелдіктер орман егуге алған жерлерін басқа мақсатқа пайдалана алмайды дейді. Қытай ол жерді қандай мақсатқа пайдаланатынын 25 жылдан кейін бізден сұрамайды да. Ол кезде біздің ұрпақтарымыз сол жерді өңдейтін құл болады. Одан кейінгі сұрақ: Қытай не үшін қазақты жарылқап, бос жатқан даламызды ағаш егіп көгалдандырмақшы? Оның өтемі қандай болмақ?

Қазба байлықтарымызды сатып жетіспегенде, енді жерімізді сатып жетісеміз бе? Мүмкін, билік Қытайдан алған миллиардтаған доллар кредитімізді қайтара алмаған соң, орнына жерімізді беріп құтылайын деп жатқан шығар. Онсыз да қарызымыздың орнына түрлі стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптеріміз бен мұнай, газ, уран, тағы басқа да кен орындарын беріп жатырмыз ғой. Қысқасы, халықтың наразылығынан кейін жерімізді Қытайға 25 жылға, яғни мәңгіге беріп жіберуді көздеген биліктің зымиян жоспары іске аспай қалды.

– Мәселен, «орман өсіру үшін» деген желеудің амалымен әлдебір қитұрқылық жасалуы мүмкін деген қауіп бар ғой?

– Әлбетте! Жер үшін күрес мұнымен бітпейді. Билік жер сатылмайды дегенімен, бұл мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Президент заңға қолын қояр, бірақ билік өздерінің арам ойынан айныған жоқ. Олар жерді сатып жіберудің басқа да жолдарын қарастыруы мүмкін. Орман қорының жерлері, өзен-көлдердің маңындағы жерлер, ерекше қорғалатын аймақтар жайлы, тағы басқа заңнамаларда жердің шетелдіктерге сатылып кету қаупі бар. Сол үшін жерге қатысты заңдардың бәрін бір жүйеге келтіріп, реттеу керек. Жер кодексіне халықтың талабы «Қазақстанның ешқандай жері ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді» деп, нақты жазылуы керек.

– Өткен аптада «Ел мен Жер» қозғалысы кезекті отырысында тағы да осы жерге қатысты тақырыпты талқылады. Онда қандай маңызды мәселелерге назар аударылды?

– «Ел мен Жер» қозғалысының басты мақсаты – жеріміз ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді деген халықтың талабын билікке жеткізіп, соның орындалуына ықпал ету болатын. Бұл мәселе біртіндеп өз шешімін табуда. Біз елдің, жердің бұдан басқа да мәселелерімен айналысамыз.

Ал жерге келетін болсақ, әлі де шешімін таппаған түйткіл проблемалар көп. Ол проблеманың барлығын шешу үшін, ең алдымен бүкіл жерге ревизия жасалып, барымыз бен жоғымызды түгендеп алуымыз керек. Біз бүгінге дейін нақты қанша жеріміз бар екенін, қаншасы шетелдіктерге сатылып немесе жалға беріліп кеткенін де білмейміз. Қанша жеріміз қандай санатқа жататынынан да хабарсызбыз. Қайдан білеміз, егер оны шенеуніктер өзінің ыңғайына қарай ауыстырып жатса? Ірі жер телімдерін кімдер нақты иеленіп отырғанын да білмейміз.

– Неге? Ірі жел иеленуші латифундистер қатарында Терещенко мен Кулагин сияқты кірме халықтың өкілдері жүрген жоқ па?

– Себебі Жер кадастры бойынша, жердің нақты иелері әлі күнге толық аталып біткен жоқ. Біздікі – Терещенко мен Кулагинге қатысты долбар ғана. Ал олардың нақты иеленген жер көлемі беймағлұм. Бәлкім, олар бүркеншік қожайындардың жеріне иелік етуші фиктивті тұлғалар шығар? Одан да бейхабармыз.

Себебі билік кадастрды жариялауға болмайтын құпия деп, заң қабылдап қойған. Осының бәрі ашық болуы керек. Сонда ғана туындаған кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. Кейбіреулер он сотық жер ала алмай жүрген кезде шенеуніктердің таныстары мен латифундистер миллиондаған гектар жерді иеленіп отыр. Сол үшін бір адамға берілетін жер көлемінің мөлшерін шектеу керек. Олардың артық жерлерін қайтарып алып, иесіне – халыққа әділ бөліп беру қажет.

Одан кейін, кезінде өкімет халықтың пайларын алдап алды да, жекеге сататын заң қабылдап, сатып жіберді. Бұл барып тұрған халық жауларының халыққа қарсы жасаған қиянаты болатын. Нәтижесінде мыңдаған тұрғындары бар ауыл-аймақтың жерін бір адам ғана иеленіп отыр. Ал ауыл тұрғындарының не егін егетін, не мал бағатын жері жоқ. Бүкіл елімізде осындай жағдай қалыптасқан. Мұндай бассыздыққа тоқтау салып, тез арада проблеманы шешпесе, мұның арты үлкен теңселіске алып келеді. Билік қалаларда оппозициямен күресіп жүрген кезде ертеңгі күні әр ауылдан өзінің Амангелді Имановтары шығады. Сол үшін жерге қатысты барлық заңды қайта қарап, Жер кодексін халықтың мүддесін қорғайтындай етіп, қайта жазып шығу керек.

– Мәжіліске қайтарылған заң жобасында жерді 49 жылға иелену құқығы сақталып отыр. Осы орайда «Ел мен Жер» қозғалысының ұстанымы қандай?

– Біз бұған дейін жердің шетелдіктерге сатылып кетпеуі жайлы Жер кодексіне 38 өзгеріс енгізу жайлы ұсынысымызды Жер комитетіне, Парламентке тапсырған болатынбыз. Жерге қатысты бұдан басқа да проблемалар көп екені белгілі. Бүгінге дейін шетелдіктер жалға алған жерлерді қалай қайтаруы керек? Банктерде кепілдікте тұрған жүз мыңдаған гектар жердің, жайылым жерлердің мәселесі, тағы да басқа шешімін таппаған сұрақтармен айналысамыз.

Жер қатынастарын реттейді деп құрылған Жер комиссияның Парламентке жасаған бір ұсынысы – жерді жалға беру мерзімін 49 жыл жасау болатын. Біздің ойымызша, бұл тым ұзақ мерзім. Жерді жалға 5-10 жылға ғана беру керек. Егер жалға алған адам осы уақытта алған жерін дұрыстап игерсе, оны ары қарай созуға болады.

Комиссияның жерді Қазақстан азаматтарына сатуға 5 жылға мораторий жариялау жайлы ұсынысына да біз қарсымыз. Олар халықтың басын қатырмасын! Жер ешкімге сатылмайды, болды – точка! Біз осы мораторийді алып тастауды талап етеміз. Жерге қатысты бұдан басқа да өз ұсыныстарымызды даярлап, оны қорғап қалу үшін күресеміз.

– Айтпақшы, «Ел мен Жер» қозғалысы әрбір қазақстандық азаматқа 10 сотық жер берілуі тиіс деген талаптың төңірегінде қандай әрекет жасау керек деп есептейді?

– Алтайдан Атырауға дейін ұлан байтақ жеріміз бар деп мақтанамыз. Бірақ миллиондаған адам баспана салуға 10 сотық жер ала алмай жүр. Биліктің бұл мәселені шешетін ойы да жоқ. Өткенде Жер комиссиясының төрағасы болған Тоғжанов халыққа 10 сотық жер беру үшін 4 триллион теңге ақша қажет, қазір мұндай ақша жоқ деп мәселені жылы жауып қойды. Сонда ақшаның бәрі қайда кетіп жатыр? Ұрылар Ұлттық қордағы 100 миллиард долларды да ұрлап бітірді.

Жер кодексінің 50-бабында Қазақстан азаматтары 10 сотық жер алуға құқылы деп жазылған. Сол үшін билікте отырған ұрылардан жалбарынып сұрамау керек, заңның орындалуын талап етіп, халық өзіне тиесілі 10 сотық жерді тартып алуы керек! Қалалар мен елді мекендердің маңындағы жекеге өтіп кеткен жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызылып, халыққа баспана салуға үлестіріліп берілуі керек. Ол жерлер алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға, мүгедектерге берілсін. Өкімет ол жерлерге жол салып, жарық пен су тартып берсін. Ақша жоқ емес – бар. Билік ақшаны ұрлап, дарақыланып шашқанша, айдаладағы Африканың кедей елдеріне үлестіргенше, өз халқына баспана салуына көмек ретінде жұмсасын.

– Агроөндіріс саласын дамытудың 2021–2025 жылдар аралығына арналған ұлттық бағдарламаны жүзеге асыру үшін, Қазақстан үкіметі бюджеттен 5 триллион теңге қаржы сұрап отырғаны жөнінде күні кеше ғана ҚазТАГ агенттігі хабар таратты. Бүгінгі жемқор биліктің жағдайында осыншама орасан зор қаржы агрокешеннің мүддесіне сай жұмсалады деп ойлайсыз ба?

– Бұл жерде осыншама көп ақшаны қандай мақсатқа жұмсамақшы деген сұрақ туындайды. Билік, әрине, ауыл шаруашылығын дамытамыз, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартамыз, гүлдендіреміз, нұрландырамыз дейтіні белгілі. Бірақ бүгінге дейін бұдан да көп жұмсалған қаражат қайда кетті? Неге содан ауыл дамып, өркендеп кетпеді? Дамып та, нұрланып та жатқан тек өздері. Ал қарапайым халық күнін әрең көріп, кредитке өмір сүруде.

Билік былтыр індет кезінде өндірісті дамытамыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз деп 14 млрд доллар ақша бөлген. Ақыры аяғы не болды? Не өндіріс жоқ, не жұмыс орны жоқ, не ақша жоқ. Ақшаны өздері ұрлап, бөліп алды. Бұл жолы да дәл солай болатынына ешкімнің күмәні болмасын. Себебі биліктің алдына қойған мақсаты – Қазақстанды дамыту емес, оны құрту. Биліктің бүгінге дейінгі жасап отырған іс-әрекетінің барлығы елімізді тығырыққа тіреп, Қытайға тәуелді етуге бағытталған. Барлық саланы қамтыған дағдарыс кездейсоқтық емес, бұл жоспарлы түрде жасалынып отырған қастандық.

– Бүкіл әлем Қытайдың соғыссыз жаулап алу саясатынан сақтанып отырған кезде елдегі биліктің бұл мақсатын сіз қалай түсіндіріп берер едіңіз?

– Соңғы 15 жылда Қытайдан 19 млрд доллар инвестиция алсақ, енді айналасы 1-2 жылда 27 млрд доллар алмақшымыз. Ол қарызты ертең кім қайтарады? Немізді беріп қайтарамыз?

Бүгіннің өзінде біздің билік Қытайдың айтқанынан шыға алмай, соған тәуелді болып қалған. Олардың тапсырмасын орындамаса, біздің елге қысым жасайтын мың сан жолы бар. Біреуін ғана айтайын. Мысалы, Қытай сатып алған Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу заводтарын 1-2 жылға жөндеуге қоямын десе, не болатынын білесіз бе? Сұмдық! Жанармайсыз қаламыз. Содан кейін амал жоқ, Қытайдың айтқанын орындаймыз. Біздің биліктегі сатқындар осыны біліп, әдейі стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарымызды сатып жатыр.

Ал Қытайдың салатын 56 кәсіпорнының тәуелсіздігімізге қаншалықты қауіп төндіретінін елестетудің өзі қиын. Тағы осылай 3-4 жыл ұйықтап жатсақ, Қытай өздерінің түрме, лагерьлерін осында салатын болады. Ол кезде ояндың не, оянбадың не – бәрібір кеш болады. Сондықтан жеріміздің, еліміздің болашағы үшін, билікке қарсы күресте бүкіл халық болып бірігу керек!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Айтпақшы

Байқоңырды Ресейге ЖАЛҒА БЕРУ 2050 жылға дейін созылады

  • Байқоңыр ғарыш айлағы және оған бөлінген жер аумағын Ресейге жалға беру мерзімі тағы да 29 жылға созылатын болды деп хабарлады кеше ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі былай деп хабарлады (қаз-қалпында):

«Комплекс «Байконур» уже более 20 лет функционирует в условиях аренды Российской Федерации. Решение об аренде было принято в 1994 году, когда в тяжелой экономической ситуации Казахстан не имел возможности содержать и эксплуатировать космодром. Согласно заключенному договору аренды, Россия взяла на себя обязательства по содержанию города Байконур и космодрома с правом использования его для выполнения своих космических программ», – деген екен Мусин мырза кеше Парламенттің пленарлық отырысында.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн