ҚАЗАҚСТАН ЕЛІН тығырықтан КІМ ҚҰТҚАРАДЫ?

  • Елім, жерім, Отаным деген азаматтар бірін-бірі жамандап, даттағанша, қоғамға пайдалы өз ойларын ортаға салуы тиіс. Мұхтар Аблязовтың, Иманғали Тасмағанбетовтің кемшіліктерін теріп, көзге шұқи бермей, олардың білімін, тәжірибесін, жеке басының кәсіби шеберлігін мемлекет мүддесіне неге пайдаланбасқа?

Қазақты алға бастырмай келе жатқан бірнеше жаман әдет бар: алауыздық, іштарлық, қызғаныш, жеке бастың амбициясы, менмендік. Абай атамыз айтқандай, «бас-басына би болған өңшең қиқым» елдің сиқын кетірді. Оның біреуі 30 жылға жуық орынды босатпай, ьаққа жабысып отыра. 1993 жылғы қабылданған заң жобасында «Президент бір мерзімге, ең ары кетсе екі мерзімге ғана сайланады» деген талап болған. Бүгінде сол талап қайда қалды?

Одан бері Конституция мен негізгі заңдарға халық қолдамаған неше түрлі өзгертулер енгізілді. Қазақ мемлекеті бірден келіп тығырыққа тірелген жоқ. Бәрі бірте-бірте және нақақ жасалды. Халық бұған көз жұма қарады. Билік басындағылар ойына келгенін істеді. Мемлекет байлығын ұрлап-жырлап, шетелге тасыды, талан-таражға салды. Түкке пайдасы жоқ «саммит», «конференция» деген бәлелерді өткізуді әдетке айналдырды. Елді шығындарға ұрындырды.

Иә, елге бейбіт революциялық өзгерістер қажет. Бірақ – қалай? Қазақты бұл режимнен кім құтқарады?

Негізінде революцияны ақылды, білімді адамдар жасайды. Оны іске асыратын – фанатиктер. Ал оның қызығын көретін, жемісін жейтін – алаяқ қулар дейді білгіштер. Осындай алаяқтықпен билік басына шығып алған қулар Қазақстанды кенедей сорып, бар байлықты шетелге тасып, отыз жылдың ішінде қазақ халқын кедейлікке ұрындырды. Тығыраққа тіреді. Енді келіп, бәріміз жобалап, тығырықтан шығудың жолын іздеп, жанталасып жатырмыз.

Баспасөз бен интернет желілерінде ақыл айтушылар көп. Ал өзгерісті қолымен істейтін адам жоқтың қасы. Аузымен орақ оратын, қолымен қосаяқ тышқан өлтіре алмайтын азаматтар көбейген.

Қазіргі оппозицияның ішінде мемлекеттік іске араласып, тығырықтан Қазақстанды сүйреп шығады, қабілеті, білімі тәжірибесі жетеді-ау деген екі азамат бар. Олар – Әкежан Қажыгелдин мен Мұхтар Аблязов. Сондай-ақ халықтың арасында аты шықпай, даусы естілмей жүрген білімді жігіттер баршылық. Оларды халық әлі жөнді танып-біліп жатқан жоқ. Кезегі келгенде, олар да халықтың алдына шығар, оған уақыт керек.

Ал Әкежан Қажыгелдин туралы «ДАТ» газетіне профессор Есенғазы Қуандық мырза қомақты мақала жазды. Келісу керек – Әкежан өкімет басына келуге лайықты тұлға. Тек мінезі жұмсақтау.

Ал Аблязов туралы ел не дейді? Ол кісі Қазақстаннан ақша ұрлаған жоқ. Ол Қазақстанда ақша «жасады». Бізде банк жүйесі – ақша жасауға өте ыңғайлы жүйе. Несие бересің, оны 300-400 пайызбен қайтарып аласың. Баюдың оңай жолы.

Аблязов мырза қаржы жүйесін, әсіресе әлемдік қаржы жүйесін өте шебер меңгерген адам. Ал әлемдік қаржы жүйесі неше түрлі қитұрқы жағдайларға толы. Оның заңды қитұрқысы және заңсызы бар. Бұны білімі, тәжірибесі жеткен адам ғана шеше алады.

Қазақстанда қазіргі кезеңде билік басына келген адам үлкен реформа жасауға ұмтылу керек. Тығырыққа тірелген қазақ елі, қай саланы алсаңыз да, былыққан дүние: парақорлық, коррупция, мемлекеттік қызметті сату. Конституцияны толығымен қайта жазу қажет, өйткені ондағы заңның барлығы бір адамның мүддесін қорғайды. Бір заңның үш-төрт бабы бар, ол баптар бір-біріне қарама-қайшы келеді. «Әдейі, сот пен прокурор пайдасын көрсін деп жазылған ба?» деп ойлайсың.

Елдің экономикасы негізінен Ресейге байланып қалған. Табиғи байлығымыз экспортқа Ресей арқылы шығады. Ресей делдал ретінде өзінің үлесін алып қалып, ары қарай Қазақстанға бұйырғанын береді. Ал өз нарығына Қазақстанның тауарларын там-тұмдап қана өткізеді. Еуразиялық экономикалық одақ – экономикадан бұрын, Ресейдің ыңғайындағы геосаяси және халықаралық саясаттың қолшоқпарына айналған құрылым.

Реформа жасайтын адамның күш-қайраты, білімі зор, тәжірибесі мол болу керек. Бұл қасиеттер Аблязов мырзаның бойында жеткілікті. Үш мемлекеттің қаржысын шетелге шығарып, биліктің «ұрлап кетті», «тонап кетті» деген далбаса дабырасын тудырған бизнесмен-банкир – оңай адам емес.

Отыз жыл біздің шенеуніктер Қазақстанның байлығын шетелге тасумен, талан-таражға салумен келеді. Ресми түрде шетелге кеткен қаржы 300-400 миллиард доллар деген әңгіме бар. Ал бейресми деректерге сүйенсек, шетелге кеткен қаражаттың мөлшері триллион долларға жуық.

Бұл қаржыны Қазақстанға қайтарып келуге Аблязовтың қабілеті жетеді. Отыз жыл тоналса да, Қазақстан орнында тұр, ешкім қазақ жерін көшіріп әкеткен жоқ. Байлығы әлі де өз халқына жетеді. Оппозицияның басында жүрген азаматтар бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, осы екі азаматты – Әкежан мен Мұхтарды елге әкелудің жолын іздесе дейміз.

Қажыгелдин мырзаны өкіметтің ішкі экономикасын реттеуге бағыттаса, Аблязов мырза сыртқа шығып кеткен қаржыны қайтаруға бар жігерін салса. Бес жылға екеуіне осындай миссия жүктелсе, отыз жыл тоналған Қазақстанды екеуі бес жылда бір жаққа көшіріп әкетпес еді. Алауыздықты қойып, қызғанышты жойып, жеке бастың амбициясын ысырып тастап, менмендікті табанның астына тастап, бес жылдан кейін демократиялық адал сайлау өткізсе, кімнің бағы жанады – сол билікке келеді. Көрші қырғыз еліндегі жағдай көпке үлгі боларлық.

Кезінде Жәнібек пен Керей екеуі ат үстінде жүріп, мемлекет құрды. Сенікі-менікі деп бөліспеді. Ақ киізге көтеріп, хан сайлағанда, Керей сұлтан өз меншігіндегі дүние-мүлік, мал-жанды халыққа бөліп беруді бұйырды. Ат үстінде жүріп мемлекет жарғысын жасады, сот жүйесін реттеді, әскерді бір тәртіпке бағындарды.

Өйткені жан-жағы анталаған жау еді. Бастапқы кезде қазақтың белгілі ордасы да болмады, хан отыратын тағы болған емес. Ат үстінде жүріп, осының бәрін істеді. Қарамақтарына кіретін жер көлемін ұлғайтты. Мемлекетті нығайтты. Қатаң тәртіп орнатты.

Қазіргі мемлекет басында отырған адамның екі резиденциясы бар. Ең бай деген Ресей мемлекетінде ондай дүние жоқ. Резиденцияның ішінде толған кабинеттер. Жалт-жұлт еткен алтынмен апталған жиһаз. Еденін аяқпен басуға аяйсың. Әр кабинеттің алдында үш-төрт хатшы қыз. Әрбір жарты сағат сайын бастықтарына шай-кофе, бекіренің қара уылдырығы, қазы-қарта тасып, безектейді. Таңертең үйінің алдына табалдырығына тақап қымбат бағалы шетел машинасы келіп тоқтайды. Көмекшілері көтергендей боп, машинаға отырғызады. Машина резиденцияның ішіне кіріп тоқтайды. Көмекшілері қолтықтап, кабинетке кіргізеді. Жұмсақ, алтынмен жалт-жұлт еткен креслоға қампиып отыра кетеді. Сөйтеді де, бағынышты адамдарын жинап алып күмпілдеп мақтанады:

«Қазақстан мемлекетін мен құрдым, бұрын мұндай мемлекет болған емес. Мемлекет шекарасына қазық қағып, мен белгіледім. Қазақстанды жер-жаһанға танымал еттім!», – дейді.

Қарамағындағы бағынышты адамдар жан-жақтан мақтап ала жөнеледі. Тек бір нәрсе естен шыққан. Абай атамыздың «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап, өзіңе сен – өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген нақыл сөзі.

Естен шыққан тағы бір нәрсе: «Қазақ мемлекеті – осыдан алты ғасыр бұрын ат үстінде жүріп, Керей мен Жәнібектің құрып кеткен мемлекеті еді. Қазақ мемлекетінің жер бетіндегі байлығы мен табиғи байлығы орасан зор. Осындай байлықты ұқсата алмай, мемлекетті тығырыққа тіреген шіркіндер-ай!

Оян, қазақ! Ойлан қазақ!

Сатан НҮСІПҚОЖАЕВ,

зейнеткер

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн