ҚАҢТАРДАН КЕЙІНГІ Тоқаевтың төңірегіндегі ҮМІТ ПЕН КҮДІК

  • «…Кейбір қызуқанды ағайындардың президент Тоқаевқа қазірдің өзінде-ақ импичмент жариялау қажеттілігі жайлы жалаулатқан ұрандарына «жол болсын»! Оны бүгінде импичментке жіберу – мемлекетімізді түгелімен «жалаңаштап тастаумен» пара-пар әрекет! Меніңше, оның президенттік құзіретін ең болмаса кезекті президент сайлауына дейін мейлінше ұтымды пайдалану қажет.

Нәсіпқали СЕЙІТОВ, геолог-ғалым, профессор

  • Бүгінгі таңда қоғамды толғандырып отырған алуан түрлі проблемалардың ішіндегі ең маңыздысы – қоғамдағы саяси жағдайлардың ақ-қарасын айырып алу. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осынау сындарлы сәтті ұтымды пайдалану негізінде «Жаңа Қазақста»н орнатуға расымен де  мүдделі ме, әлде бұл басшымыз да еліміздің бұрынғы лидері болған «елбасы» атаулы тажалмен құпия уағдаласуы аясында халықты әлі де болса алдарқата беруді, сөйтіп қоғамды «бұрынғы соқпаққа» қайтадан салып жіберуді жоспарлап отыр ма?!

 Осы мәселе жайлы ой өрбіте бастасаңыз болды, көкейдегі үміт пен күдік тайталаса өріледі. Бірақ, өкінішке орай, әлеуметтік желідегі ақпараттар мазмұнына қарағанда, президентіміздің адал ниеті мен берік ұстанымына деген күдіктенушілер легі оның жақтастарымен салыстырғанда күннен-күнге әлдеқайда тегеурінді сипат алып бара жатқандығын байқатады.

         Орыстардан аударғанда «Бақыты түскір жоқ еді, бақытсыздық тап қылды» деген тәмсіл бар екендігі белгілі. Кімде қалай екенін білмеймін, менің миымдағы ой «Қазақ халқы 30 жыл бойы Назарбаев-зымиян жүргізген сұмырай саясаттан арылып, елімізде жаңа бастаулар бой көрсетуі мүмкін-ау» деген мазмұндағы үкілі үміттің кенет қылаң беруі нақ сол «Қаңтар қырғынының» басталуына байланысты президент Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізу сәтіндегі сөйлеген сөзі мен бүкіл болмыс-бітімінен басталды. Сол сындарлы сәтте президент Тоқаев мүлдем жаңа қырынан көрінді: президент болып тағайындалғалы бері «елбасының» соңынан емшектен арыла алмай, дәрменсіз бұзау іспетті үнемі еріп жүретін, оның айтқанынан шығып көрмеген Қасекең бұл жолы кенет жонданып шыға келді. «Елімізде мемлекеттік төңкеріс нышандары бой көрсетуде, мен қазір Қауіпсіздік кеңесін түгелімен өз құзырыма алдым, ел үшін жауаптымын, сондықтан мен кез келген жағдайда да өз елімде қаламын!» деген мазмұндағы мәлімдемесін жасай отырып, ол Қазақстанның жаппай отқа оранып жатқандығы, оған кінәлі шетелдерден жеткізілген террористер мен ланкестер екендігі, тек Алматы қаласының өзіне ғана 20 мыңға жуық террорист шабуыл жасап жатқандығы жайлы жайсыз деректерді атап өтті. Осыған байланысты террористерді ешбір ескертусіз атуға бұйрық беретіндігін, еліміздің осы бір қиын-қыстау сәтінде «ОДКБ» қарулы күштерін көмекке шақыруға шешім қабылдағандығын мәлім етті. Бұл жолы Қасекеңнің бүкіл болмысынан ерен ерік пен таймас табандылықтың нышандары менмұндалап тұрғандығын байқадым. Тіпті бұл жолы маған оның әдетте еңкіштеу көрінетін сырт бейнесі кенет әнтек тұлғаланып, бой-сойы тіктеліп кеткендей әсер қалдырды.

         Қасым-Жомарт Кемелұлының Назарбаевқа бұйдаланған кезінің өзінде-ақ сол «елбасының» беті түгілі, бөксесін жалауға да дайын ең жиркенішті жағымпаз-жантықтарын биліктен бірте-бірте тайдыра бастауын (тамаша талантын «пендеуи табысқа» айырбастап жіберген бетсіз Бекболат-інім, Атырау облысы әкімінің орынбасары әйгілі Б.Хаменова, т.б.); елдің ресми басшысы ретінде сол елді демократияландыруға мүдделі екендігі жайлы халыққа үзік-үзік жіберген өзге де ірілі-ұсақты сигналдарын; бейбіт шерулер басталысымен-ақ Мамин үкіметін еш кідіріссіз отставкаға жіберуін; кейбір қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тездетіп шешіп тастауға пәрмен бергендігін; т.с.с. жағымды жайттарды ескерсек, еркі мен табандылығы тажалмен тұсалып қалған Қасекең енді елдің жеке-дара басшысы ретінде әнтек айбарланып, кенет қаһарына мінуі – үлкен үмітке негіз боларлық нышан екендігі даусыз еді.

         Өкінішке орай, сол сәттің өзінде-ақ қылаң берген үмітке бір топ күдіктер де жарыса жалғаса кетті. Олар: а) апыр-ау, ондаған мың террористер мен ланкестерді айдың-күннің аманында шекарадан еш кідіріссіз жедел өткізіп жіберетіндей еліміздің  күштік құрылымдары ай қарап отыр ма?!; ә) адамдар нөпірі мол жиналған өңірде ешбір ескертусіз оқ ату сияқты қауіпті қарекеттің қарапайым халықты шарпып кету мүмкіндігі де елеулі емес пе?!; б) ел тәуелсіздігі қыл үстінде тұрған осы бір сындарлы сәтте «ОДКБ» әскерін, әсіресе шовинист Путиннің жасағын өзіміздің шақыруымызбен ел аумағына кіргізуіміз кейінірек өзімізге сор болып тимей ме?!.

         «Қаңтар қырғынының» ең белсенді фазасы толастағалы бері, міне,  қырық күннен асып кетті. Бірақ жоғарыда аталған үміт пен күдіктердің тайталасы әлі де болса жалғасуда, тіпті өрши түсуде. Ол аз десеңіз, мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желідегі ақпараттар легі жоғарыда аталған жекелеген күдіктер топтамасы бүгінгі таңда туындап отырған ең басты проблеманың шешімін –  президентіміздің елдің ертеңі жайлы ұстанымын біржақты  анықтап алуға деген халық талпынысын – мейілінше қиындата отырып, үлкен үміттің көп күдіктерге бой алдыруына бірден-бір себепші болып отыр.    

         Жоғарыда аталып көрсетілген, әу бастан-ақ қылаң берген үш түрлі жекелеген күдіктердің ең соңғысының көкейкестілігі кейінге шегерілгенге ұқсайды. Түйткілдер күні бүгінге шейін шешілген жоқ, шешілмек түгелі нақ сол «аспаннан түскен» 20 мың терроршы мен ескертусіз оқ атуға берілген бұйрық бүгінгі таңда мәселенің одан әрі шиленісе түсуіне бірден-бір себепші болуда. Осы тұрғыдан алғанда, президентіміз сол бір сындарлы сәтте белгілі дәрежеде «ағаттық» жібергендігін мойындауға тиістіміз. «Елге 20 мыңға жуық шетелдік террористер кірді» деген ақпаратты президентке кім бергені белгісіз.

Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысына стол басына жиналғандар арасында нақ сол сәтте Ерлан Кариннен өзге президенттің жақтасы болмағандығын шамалау қиын емес-ті. Яғни, бұл отырысты президент бұрынғы Назарбаевтың жақтастарының, яғни бүгінде белгілі болып жатқан ел  дұшпандарының арасында өткізді.

Олай болса, президенттің дұшпандары берген ақпаратқа ешбір күдіксіз сене салуы – расымен де, оның үлкен «ағаттығы». Мүмкін, Қасекең сол сәтінде «аспаннан түскен» 20 мың шетел терроршысы жоқ екендігін, халықты қан қақсатып жатқандар Назарбаевтың пәрменімен, Кәрім – Самат – Болат – Қайрат төрттігі нақ осындай сәтті пайдалану үшін, «Алтын Орда» базарында немесе Ұзынағаштың оңтүстігіндегі тау сілемдері аясында жылдар бойы әдейі дайындаған содырлар екендігін іштей сезген де шығар.

Бірақ президенттің сол бір қиын-қыстау сәтте өз сезіміне бой алдыра алмау себебін де түсінуге болады: төңкерісті ұйымдастырғандар ішкі жау өкілдері екендігін мойындаған жағдайда, ол сырттан көмек сұрау мүмкіндігінен айырылады; ондай көмекке жүгінбеген жағдайда, төңкерісті ұйымдастырған қасқырлар өз дегендеріне жетіп қалуы да әбден мүмкін. Қасекеңнің «20 мың шетелдік терроршы» жайлы қисынсыздыққа бірден «келісе салу» құпиясының түп-төркінін де нақ осы уәжбен түсіндіруге әбден болатын сияқты.

Айтқандай-ақ, терроршыларды ешбір ескертусіз атып тастауға берілген бұйрық төңірегінде де нақ жаңағы уәждің төбесі қылтияды: мемлекеттік күштер мен терроршы-содырлар арасында атыс-шабыс болмаған жағдайда шетелдерден әскери көмек сұрауға деген қажеттілік те өз қисынын бірден жоғалтып алады ғой…

Енді, міне, президентіміздің сол бір сындарлы сәтте біліп-білмей істеген «ағаттығы» бүгін алдынан шығуда. Сөйтіп, бұқара-көпшіліктің басым көпшілігі мен жекелеген саясаткерлердің оған деген жаппай сенімсіздігіне бірден-бір негіз болуда. Әсіресе бүгінгі таңда мәселенің одан әрі ушыға түсуіне айырықша себепші болып отырған жайт – кейбір өлкелерде, әсіресе Алматы мен Талдықорғанда құқық қорғау қызметкерлерінің ешбір жазықсыз қарапайым халық өкілдеріне жасап жатқан адам айтқысыз айуандық азаптауы. Жасамаған қылмысын мойындату үшін, жазықсыз адамдардың жалаңаш денесіне үтік басу, тырнақ астына ине жүгірту сияқты, тіпті фашистік гестапоның әрекетіне тән айуандықтар – Қазақстанның ресми орган өкілдері тарапынан жаппай көрініс беруінің арғы төркінінде «қаптап кеткен» терроршылардың санын жазықсыз, қарапайым халық өкілдері есебінен толтыруға тырысу үдерісі президент Тоқаевты бұл сұмдықтардың ең басты «дем берушісі» деген пікірге саяды. Сондықтан болар, елдің ресми басшысы ретінде одан бұл өрескел заң бұзушылықтардың дереу тоқтатылуын талап етуде.

Президент елдің ең құзырлы басшысы ретінде сол елде орын алып отырған кез келген үдерістер үшін жауап беруі тиіс екендігі даусыз. Алайда жоғарыда айтылған сұмдықтарға бірден-бір жауапты адам ел президенті деп есептейтін саясаткерлер мен респонденттер мына бір жайтты да қатаң ескергені артықтық етпейді деп есептеймін: Құқық қорғау органдары мен күштік құрылым өкілдерінің басым бөлігі Назарбаев дәуірінен сақталып қалған «сабаздар» екендігі белгілі; ендеше олар бүгінгі президент Тоқаевты қарапайым халық өкілдеріне әбден жеккөрінішті етіп көрсету мақсатында жоғарыда аталған айуандықтарды әдейі ұйымдастырып жатуы да әбден мүмкін ғой…

Қазіргі таңда ел президенті Қ.-Ж.Тоқаевқа кейбір саясаткерлер мен жалпылама көпшілік тарапынан қойылып отырған талаптар кең аралықты – Назарбаев дәуірінен қалған кейбір жекелеген «тұлғаларды» жедел отставкаға жіберу қажеттілігі талабынан бастап, билік жүйесін сол дәуір сарқыншақтарынан түгелімен аластау талабы аралығын қамтиды. Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оның ең жақын көмекшілері шетел асырған ғаламат мол қаржыны елге жедел қайтару мен олардың өздерін жедел халықаралық Гаага сотына табыстау, тіпті президент Тоқаевтың өзіне импичмент жариялау сияқты талаптар да бой көрсетуде.

Мен заң қызметкері емеспін, алып бара жатқн саясаткерлігім де жоқ. Бірақ әрлі-берлі жайттарды ой елегінен өткізіп, өзіндік қорытынды жасауға қабілетті қарапайым халық өкілі ретінде  бұқара-көпшілік те, халықтың кейбір радикалды өкілдері де бұл мәселеде тым асығыстық танытып отыр деп есептеймін. Отыз жыл бойы қордаланған, тамыры тереңге кеткен сұмдықтарды бүгінгі президентіміздің отыз тәулікте-ақ шешіп тастауын талап ету – қарапайым қисын тұрғысынан алғанда да мүлдем орынсыз ғой…

Назарбаев дәуірінің жексұрын мұрасынан шама келгенше тезірек арылу мәселесі ең көкейтесті мәселе екендігі даусыз. Бұл аса маңызды межеге қол жеткізу қажеттілігі бүгінгі билік жүйелерін түп-тамырымен қайтадан жасақтау қажеттілігіне ұласатындығын түсіну де үлкен кемеңгерлікті қажет етпейді. Түп-төркіні заңды-заңсыз болса да, ресми тұрғыдан «сайланған» болып есептелетін бүгінгі парламентті таратып жіберу, халық сайлаған жаңа парламентті жасақтау, соңғы парламенттің құзырын пайдалана отырып, халықтық өкімет пен облыс әкімдерін, Жоғарғы сот органдарын қайтадан жасақтау шараларының өзі-ақ бірер ай емес, кем дегенде бірер жылды қажет ететін іс-шаралар легі емес пе?!

Қазіргі жағдайда, басқасын айтпағанның өзінде, тек қана жаңа парламент жасақтау шараларының өзі-ақ «Саяси партиялар жайлы заң» мен «Сайлау туралы заңды» жедел жаңартуды қажет ететіндігі белгілі. Осы заңдар негізінде жаңа парламент сайлауын өткізу шараларының өзі-ақ бірлі-екілі айлардың емес, кем дегенде бірлі-екілі тоқсандардың еншісіндегі қарекет. Олай болса, «осылардың бәрін бірер сәтте шешіп тастамады» деп, президент Тоқаевқа кінә артудың қандай қисыны бар?!

Менің түсінігімде, президент осы бағыттағы ірілі-ұсақты қадамдарды бүгін-ақ жасай бастады. Сөйтіп, ел алдындағы жалпылама ниетінің адал екендігі жайлы халыққа ыждаһатты сигналдар беруде (Назарбаевтың отбасын елден аластатуға қол жеткізуі мен Кәрім Мәсімовтің сотқа тартылуынан бастап, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Имашевтің отставкаға жіберілуі аралығы). Бүкіл бұқараның ызасын тудыратын әйгілі «Нұр Отанды» жедел тарату, жоғарыда аталған заңдарды тездетіп өзгерту жайлы жарлықтардың кешеуілдей беруі ғана көңілге қаяу түсіреді, бірақ президенттің жоспарларын анықтап, іс-шаралардың орындалу ретін рәсімдеп беру – біздердің (халық өкілдерінің) міндетіне қатынасы жоқ мәселелер ғой.

Қарапайым халықты қатты елеңдететін мәселе – Назарбаев жүйесінің сол халықтан тонап алған есепсіз мол қаражатының өз иесіне қайтарылуына, Назарбаевтың өзінен бастап, ол құрған зымиян жүйе өкілдерінің жаппай жауапқа тартылуына қол жеткізу мәселесі екендігі даусыз. Меніңше, бұл өте күрделі мәселелердің шешімі бірер жылға ғана емес, бірнеше жылға созылуы ықтимал.

Ең бастысы – бұл мәселелерді халықаралық заңдық-қаржылық институттар жұмысының күн тәртібіне енгізу шаралары тек қана мемлекет атынан жүзеге асырылуы тиіс. Ендеше кейбір қызуқанды ағайындардың президент Тоқаевқа қазірдің өзінде-ақ импичмент жариялау қажеттілігі жайлы жалаулатқан ұрандарына «жол болсын»! Оны бүгінде импичментке жіберу – мемлекетімізді түгелімен «жалаңаштап тастаумен» пара-пар әрекет! Меніңше, оның президенттік құзіретін ең болмаса кезекті президент сайлауына дейін мейлінше ұтымды пайдалану қажет. Сөйтіп жоғарыда аталған міндеттерді кезек-кезегімен шешіп алу – елді ертеңге жетектеудің ең тиімді жолдарының бірі.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн