Жасөспірімдердің психологиялық саулығы
Әрбір баланың үнсіздігі — елеусіз қалдыруға болмайтын белгі. Жасөспірімнің ішкі жан дүниесіндегі күйзелісті дер кезінде байқап, оған түсіністікпен қарау кейде бір адамның баласының өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сол себепті, балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғау бүгінгі қоғамның ең өзекті міндеттерінің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы эмоционалдық күйзеліс, жалғыздық сезімі және суицидтік мінез-құлық мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бұл құбылыс тек медицина немесе психология саласының ғана емес, отбасы, мектеп және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді. Суицидтің алдын алу ол қайғылы оқиғалардың салдарымен күресу болып саналмайды, олардың пайда болуына ықпал ететін себептерді дер кезінде анықтап, балаға уақытылы психологиялық қолдау көрсету деп танылады.
Жасөспірімдік кезең ол тұлғаның қалыптасуындағы ең күрделі кезеңдердің бірі. Осы уақытта бала өзін қоғамда іздейді, айналасындағы адамдардың пікіріне сезімтал болады және эмоционалдық өзгерістерді терең қабылдайды, іштей ол толықтай өзі көп жағдайда түсінбес өзгерістерге тап болады. Егер оған қоршаған ортадан қажетті қолдау көрсетілмесе, ішкі күйзеліс уақыт өте келе тереңдей түсуі әбден мүмкін. Отбасындағы түсініспеушіліктер,мектептегі буллинг, әлеуметтік оқшаулану, оқу үлгеріміне байланысты қысым және эмоционалдық қолдаудың жеткіліксіздігі жасөспірім психикасына айтарлықтай орасан зор әсерін тигізеді. Көп жағдайда суицидтік ойлар аяқ астынан пайда болмайды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістер алдын ала белгілі бір дабылдар арқылы байқалуы мүмкін. Бұрын ұнатқан істеріне қызығушылығының төмендеуі, үнемі мұңайып жүру және әлеуметтік ортадан жабылуы, достарымен араласудан бас тарту, ұйқы мен тәбеттің өзгеруі, өз-өзін кінәлау немесе өмірдің мәні туралы жағымсыз пікірлер айтуда мұның бәрі ересектердің назарын қажет ететін маңызды сигналдар. Осындай белгілерді байқап, баламен ашық сөйлесу кейде кәсіби көмектің алғашқы қадамы болады.Қазақстанда балалардың психикалық денсаулығын нығайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде педагог-психологтар қызмет атқарады, сенім телефондары мен кеңес беру орталықтары жұмыс істейді, ал медициналық ұйымдарда психологиялық және психиатриялық көмек көрсетіледі. Ата-аналардың психологиялық сауаттылығын арттыру және психикалық денсаулық туралы қоғамдағы теріс көзқарасты азайту бағытында бағдарламалар жүзеге асырылуда.Ересек ата-ананың рөлі бұл мәселеде айрықша. Бала өзін бағаланған, тыңдалған және түсінілген адам ретінде сезінгенде, қиындықпен күресу қабілеті де күшейеді. Кейбір ата-аналар «бұл жай еркелік» немесе «өзі өтіп кетеді» деп ойлайды. Алайда жасөспірімнің эмоционалдық ауыртпалығын елемеу жағдайды күрделендіруі мүмкін. Сондықтан қажет болған жағдайда психологтың көмегіне жүгіну әлсіздік емес, керісінше баланың қауіпсіздігі үшін жасалған жауапты қадам.Суицидтің алдын алу тек дағдарыс кезінде көмек көрсетумен шектелмейді. Ол балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту, өз сезімдерін еркін жеткізе білуге үйрету және көмек сұраудан ұялмау мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Спорттық, шығармашылық және еріктілік жобаларына қатысу да жасөспірімдердің өзіне деген сенімін арттырып, әлеуметтік байланыстарын нығайтады.
Қорыта айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғауды болашаққа салынған инвестицияға теңестіруге болады. Әрбір бала өзін қажет сезінетін, қиындыққа тап болғанда көмек сұрай алатын және қолдау табатын ортада өмір сүруге лайық. Қоғам болып осы жауапкершілікті терең сезіне алсақ, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туады. Өйткені бір баланың өмірі ол тұтас бір болашақтың тағдыры.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын