Әміржан ҚОСАНОВ: КОМСОМОЛДЫҢ ТАРИХЫ ҚазССР тарихынан бөлек болуы мүмкін емес

Өткен ааптаның соңында Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында комсомолдың 100 жылдығына арналған салтанатты форум өткені мәлім. Ал келмеске кеткен кеңестік империяның «жас қайрат солдаты» атанған комсомолды «тірілткен» бұл форумның жай-жапсары әлеуметтік желілер арқылы жария болды.
Мәселен, «Фейсбук» қолданушы негізгі наразы топтың наласы – Алашорданың 100 жылдығын салтанатты түрде атап өтуді қаламаған қазақстандық билік комсомолдың 100 жылдығына неге емешегі езіле қалды деген сауалға тіреледі.

«Қызыл империяның» жас қанаты – комсомолдың форумын салтанатты сарайда өткізуге кім ишара білдірді? Тарихтың қоқысында қалған комсомолды ұлықтаудың астарында қандай саяси сипат бар? Бұл кеңестік аңсарға реанимация жасаудың амалы ма, жоқ әлде өткенді еске түсірудің формальды банкеті ғана ма? Форумды ашқан парламент мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың «бұл – жүз жылда бір рет қана өтетін ғажап жиын» деп баға бергеніне қарағанда, бұрынғы кеңестік партноменклатураның шекпенінен шыға алмаған шенеуніктер әлі де тәуелсіздіктің «тәубасына» келе алмай жүр ме? Осындай сансыз сұрақтардың жетегімен, жай-жапсарды бір білсе, «Жаңа Қазақстан» форумы құрылтайшыларының бірі Әміржан Қосанов біледі деген оймен белгілі саясаткерге хабарласқан едік.

– Әміржан мырза, сіз де кезіндегі Қазақстан комсомолы «көсемдерінің» қатарында ЛКСМ-нің идеологиялық бөлімінде басшы болған едіңіз: осы форумға шақырту алдыңыз ба? Бардыңыз ба?

– Бардым. Бірақ мені бұл жиынға ресми ұйымдастырушылар шақырған жоқ. Жиынға облыстардан келген, талайдан бері жолықпаған жолдастарым келетін болып, солар шақырған соң, форум өтетін жерде жолығайық деп ниет білдірді. Жиынның сценарийі, қалай өтіп, кімдер сөйлеп, сахна қалай безендірілетінінен бейхабар болдым. Бұл форумға менің барудағы мақсатым – кезінде араласқан азаматтарға жолығу, алыстан келгендерге сәлем беру, дидарласу еді. Солармен әңгімелесіп, өткенді еске алып, ауыл-аймақтың жаңалықтарынан хабардар болдым. Айтпақшы, өңірлерден келген олардың ішінде азаматтық позициясы айқын азаматтар баршылық.

– Әдетте Қазақстандағы мұндай салтанатты шара биліктің рұқсатымен өтеді, оған қыруар қаржы шыққаны да сырт көзге анық байқалады. Сіздің осы жағынан қандай хабарыңыз бар?

– Ол жағын білмедім. Ұйымдастыру комитеті бар екен. Солардан сұрау керек болар. Оппозицияда жүрген біздерге олар есеп бермейді ғой. Бір білетінім – театрда өткен жиынға кіру тегін болды.

– Комсомолдың «үлкен ағасы» коммунистердің жүргізген саясаты салдарынан миллиондаған қазақтың қырылғанын біле отырып, рухани жаңғырамыз деп ұран тастап, коммунистердің ізбасары болған комсомолдың тойын өткізу қай қисынға сай келеді? Әлде бұл көрші Ресейдің неоимпериялық саясатын қолдау ма?

– Меніңше, сұрағыңыздың екі жағы бар.

Біріншіден, комсомол – Қазақстан секілді мемлекеттің 70 жылдық тарихында белсенді қимыл-әрекет жасаған қоғамдық ұйым. Тарихтан бас тартуға болмайды, сондықтан 100 жыл секілді бір белесте осы кезеңге баға беру үшін жиналуға болатын шығар.

Екіншіден, ол жиын той немесе салтанат ретінде емес, еске алу, әсіресе қылышынан қан тамған коммунистік режимнің құрбандарына тағзым етуден басталуы керек еді. Және де осы уақыт ішіндегі табыстар мен қателіктерге мейлінше объективті, жан-жақты баға берілуі тиіс! Тек қана той-думанға ұласқан салтанат ретіндегі біржақтылық дұрыс болмады. Оны мен құптамадым.
Қоғам қандай болды – оның барлық құрамдас бөліктері, соның ішінде комсомол да сондай болды. Яғни, комсомолға берілген объективті баға – қоғамға да берілер еді.

Мәселен, қазір аудандардың 90 жылдықтары аталып жатыр. Осы тарихтың ішінде сол кездегі партия мен комсомолдың, кәсіподақтың да орны бар емес пе? Ертең Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мерейтойын атасақ ше? Онда да комсомол секілді ұйымның ролі туралы айтуға тиіспіз! Жалпы, жалғыз комсомол емес, біздің Совет Одағы құрамындағы тарихымыздың өзі тиісті бағасын ала алмай отыр.

– Бірақ жазықсыз репрессияға ұшыраған ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді де ұмытпаған жөн шығар?

– Әрине! Тарихи жауапкершілікке келсек, меніңше, миллиондаған қатардағы комсомол мүшелерін жаппай айыптау дұрыс емес. «Молданың айтқанын істе, істегінен істеме» демекші, аға ұрпақ партия мен комсомол жария еткен мұраттарға шын көңілімен сеніп келді. Олар ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Зауыт-фабрика, егінжай мен жайлауда, мектеп пен ауруханада еліне адал қызмет етті. Қазіргі экономиканың негізін қалаған оларға не кінә тағамыз? Осыншама байлыққа ие болып қалған олигархтар ол халыққа рахметін айтуы керек! Әр қылмыстың, әр құжаттың артында нақты басшылар тұр. Соларды атауымыз керек!

Ресейге, нақтылап айтсақ, Кремльге қатысты айтқан ойыңыз әбден орынды. Өйткені құрдымға кеткен қызыл империя – Совет Одағына қатысты кез келген датаны не оқиғаны қазіргі Ресей басшылығы өзінің постсоветтік кеңістіктегі неоимпериялық саясатын одан сайын жандандыру үшін пайдаланғысы келетіні ешкімге де жасырын емес. Ұйымның аты да, заты да о баста – «ВЛКСМ», яғни «Бүкілодақтық», сондықтан да осы тойдың артында сол «одақтық» пиғыл мен мүдде тұрғаны да рас.

Және де қазір бүкіл Қазақстанға еркін тарап отырған ресейлік ТВ-ны алыңыз! Күн сайын тікелей эфирден түспей, постсоветтік кеңістікте Совет заманын қайта орнатқысы келетін «соловьев-киселевтер» сананы улап жатқан жоқ па? Оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ! Сталиндік заманның небір қайраткерлерін ақтап, «герой» етіп жатқан фильмдер көрсетіліп жатыр!

Содан ба, ескіні көксеп, қазақты қырған большевиктік биліктің бойынан ізгі қасиеттерді іздеп тапқысы келетін сұрқия жүйенің адвокаттары да табылып жатады. Жастарды осы идеологиялық уланудан сақтандыруымыз керек!

– Әлеуметтік желіде осы жиынға қатысты әртүрлі пікірлер жария болды. Тоқетеріне келсек – өткен жылы «Алаштың 100 жылдығына» аса мән берілмей, «жетім қыздың тойынан» ары аспағанын жазғандардың пікіріне нендей уәж айтуға болады?

– Уәжді билік айтсын! Бұл ең алдымен соның кінәсі! Ал менің айтарым мынау.

Сөз жоқ, осы жиынның бір «пайдасы» болды. Әшейінде біз десоветтендіру туралы айтқан кезде, көпшілік ол мәселеге нақты өмірге еш қатысы жоқ, виртуалды, «таза идеология» деп назар аудара бермейтін еді. Енді, міне, бір күннің ішінде әлеуметтік желіде қаншама комментарий болды, қоғамдық қазан әлі де бұрқ-сарқ қайнап жатыр! Жалпы процесс үшін бұл дұрыс жағдай!

Байқайсыз ба, қазір қоғам мен биліктің ұлттық мәселеге деген ұстанымы екі бөлек! Қоғам өркениетті елдердегі секілді ұлттық құндылықтарды ашық жариялап, дамыған мемлекеттер келе жатқан даңғыл жолға шығуға дайын болғанымен, қазақстандық билік тозығы жеткен «советтік шинельден» шыға алмай келеді!

«Алаштың» атын атауды былай қойғанда, өзін «мен – қазақ деген ұлттың өкілімін, ұлтым үшін жанымды беруге дайынмын!» деп, жар сала алатын буын билік басына келмей, ештеңе де өзгермейді! Әйтпесе «Алашорданың» ғасырлық тойын ең биік мемлекеттік деңгейде өткізіп, билік өзіне сыни көзқарастағы халықтың бір ілтипатына ие болып қалар еді ғой!

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі билік «Алашорда» секілді тарихи феноменді саяси конъюнктура мақсатында тиіп-қашып атап қояды да, оның мән-мазмұнына терең бойлап, тиісті сабақ алғысы келмейді. Өйткені олай жасаса, таяқтың бір ұшы өзіне тиіп кетеді!

– Қазақ елінің тарихындағы комсомолға қатысты деректерді болашақ ұрпаққа қалай түсіндіру керек деп ойлайсыз?

– Жастар бүгінде бәрін де түсінеді, олар аға ұрпақ бастан өткерген «октябрят-пионер-комсомол» идеологиясымен уланбаған (бірақ билік оларды жаппай «нұризмге» жастайынан баулып жатқанын да ұмытпайық!). Оларға аталары мен апалары бастан өткізген совет дәуірі туралы бар шындықты бүкпесіз айтуы керек!

Совет дәуірінің тілсіз куәсі – шаң басып қалған архивтердің бәрін ашу керек! Сол кезде кімнің кім екенін жұрт өзі танып, біледі. Сол заманда кімнің Құлагер, ал кімнің Батыраш-Қотыраш болғаны елге аян болмады! Ары таза емес адамдар ғана осынау қадамды қолдамауы мүмкін. Ары тазалар – қолдайды! Өз басым қолдаймын!

Бір күдікті жайт бар: кезінде советтік архивтің, соның ішінде Компартия мен комсомолдың архивтерінің кілті мен қоры Мәскеудегі Орталық комитеттің, ондағы КГБ-ның қолында қалған сыңайлы. Бұл дегеніңіз – қазір Кремльдің қолында біздің 70 жылдық тарихымыздағы небір басшылардың қол қойған құжаттары мен жазған хаттары, сөйлеген сөздері мен қабылдаған шешімдері бар деген сөз! Осынау фактілерді олар біздің басшыларға компромат ретінде пайдаланып, қоқан-лоққы жасауы да әбден мүмкін! Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттардың тағдыры сондай болуы ықтимал. Бәлкім, сондықтан болар, Қазақстан тарихындағы біраз ақтаңдақтың беті әлі де ашылмай келеді.

Уақыт өте, тоталитаризмдік коммунизмнен құтылармыз. Бірақ авторитарлық «нұризмнен» қалай және қашан құтыламыз? Қараңыз, Конституция бойынша өзін «демократиялық» деп жариялаған бүгінгі Қазақстан шын мәнінде бір партиялық, бір көсемдік, өңі айналған «Совет Одағына» ұқсап бара жатқан жоқ па?

Мәскеудегі саяси бюро қалай өз қарсыластарына қырғидай тиіп, көзін құртса, қазіргі билік те солай жасап жатқан жоқ па?! Сол шектеу, сол цензура, сол ресми өтірік, сол біржақтылық, сол жеке басқа табынуы қазірдің өзінде қайталанып жатқан жоқ па? Большевиктер «Алашордаға» қарсы болса, бүгінгі билік ұлттық-демократиялық идеяларды жалау еткен ұйымдарды тіркемей жатыр. Міне, жас ұрпақ осы тарихи параллельдерді біліп жүруі керек!

– Комсомолдың тарихын ел тарихынан сызып тастау мүмкін болмаса да, тәуелсіз саясаттағы идеологияны жүргізу үшін не істеу керек еді?

– Ең қысқа рецепт мынау: десоветтендіру мен декоммунизмдендірудің басты жолы – алаштандыру! Яғни, мемлекеттік идеологияның басты тұғырнамасы ретінде «Алашорда» үкіметінің негізгі бағдарламасын алу керек! Және де бұл негіз тек қана рухани салаға қатысты емес. Экономика, әлеуметтік сала, халықаралық қатынастар – бәрін-бәрін Алаш арыстары айтып кеткен. Сол идеяларды қазіргі заманның талаптарына сай дамытып, тереңдете түсу қажет.

Бір нәрсе айқын: қазіргі билік тарапынан шынайы десоветтендіру болмайды! Сондықтан да біз тек қана билік жариялаған бағдарламамен өмір сүру әдетінен арылуымыз керек! Қоғам да өзінің ұйымдары арқылы тарихи күн тәртібінің мәселелерін қоя алады. 27 жыл бойына өзінің бет-әлпетін әлі де анықтай алмай келе жатқан ұлттық идеологияның авторы да, архитекторы да, құрылысшысы да қоғамның, яғни халықтың өзі болуы тиіс. Сонда ғана сең қозғалады, Қазақстанды әлі де кезіп жүрген тоталитарлық коммунизмнің елесі жойылады!

Қазіргі мемлекеттік идеологияның бір кемшін тұсы – оның барлық бастамасы тек қана билікпен, нақты шенділермен байланыстырылады, плюралистік қоғаммен байланысы жоқ! Оның үстіне біздің идеологиялық машинаның негізгі міндеті – бір адамға негізделген саяси жүйені мейлінше ақтап, соның сойылын соғу болып тұр! Сондықтан да біз көптеген заманауи трендтерге ілесе алмай келеміз!

– Осы айдың аяғында Мәскеуде комсомолдың 100 жылдығы кең көлемде аталып өткелі жатыр, оған Қазақстаннан да бір топ делегация баратыны белгілі. Сізді шақырды ма?

– Мені Мәскеуге ешкім шақырған жоқ. Билік бізді шақырмайды да. Шақырса да бармаспын, өйткені осынау жиынның Мәскеуде өтуі – мен жоғарыда айтқан кремльдік қитұрқы саясаттың бір көрінісі. Оның үстіне ол жерге барып: «Комсомол құрамдас бөлігі болған большевиктік жүйенің барлық құрбандарын, соның ішінде миллиондаған қазақтарды еске алып, олардан кешірім сұраңыздар!» – деп айтатын бізге кім ол жерде микрофон ұсынады дейсіз?!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

(медиа-проект «DAT» №38 (450) от 25 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн