Ақорданың меншікті кәсіподағы МАНДАТЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының кәсіподақ федерациясы (ҚРКФ) Даниядағы Халықаралық кәсіподақ конфедерациясының IV конгресінде өз делегаттарының мандаттарынан айырылды. ХКК-нің мұндай шешіміне қазақстандық кәсіподақтың «тәуелсіздіктен толығымен айырылуы», яғни билікке тәуелділігі себепкер болған.

Бірақ Ақорданың меншікті кәсіподағы ХКК-нің бұл шешімімен келіспейтіндіктерін мәлімдеді. «Кәсіподақ федерациясы ресейлік ақпарат көздерінің ғаламтор кеңістігінде таратқан бізді Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы қатарынан шығарып тастағаны туралы ақпаратымен келіспейді. Сондай-ақ бізді «толықтай тәуелсіздігімізді жоғалтуымызға» байланысты шығарып тастаған деген тұжырымдамамен де біз келіспейміз, себебі ол шындыққа жанаспайды», – деп түсіндірді ҚазТАГ тілшісіне ҚРКФ ақпараттық-талдамалы орталығы департаментінің директоры Марат Қалменов.

Еске салсақ, Ресейдің орталық кәсіподағының «Солидарность» басылымы ҚРКФ делегаттары ХКК IV конгресі барысында өз өкілеттіктерін қолдана алмайды-мыс деген хабар таратқан еді.

«Конгресс қатысушылары аталмыш шешімді 3 желтоқсанда қабылдаған. ҚРКФ делегаттары «толықтай тәуелсіздіктерін жоғалтауына» байланысты мандаттарынан айырылған», – делінген хабарда.

ХКК IV конгресі Дания астанасы Копенгагенде 2-7 желтоқсан аралығында өтті. Дания астанасында өткен конгрестің ресми сайтында Қазақстан өкілдері спикерлер ретінде аталмаған. Бұл ретте, спикерлер тізіміне сәйкес, шараға қатысу құқығына конгреске қатысу мандаты бар делегаттардың барлығы ие болған.

ҚазТАГ

Республиканский еженедельник онлайн