Димаш Кремльді БАСЫП АЛДЫ

Мәскеуге келгендегі негізгі шаруа – Димаш бауырымызға қолдау көрсетіп, жанкүйер болу еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен Димашты іздеп келіп жүрген жанкүйерлерді көріп жүрміз ғой: мына тұрған жерден жете алмағанымыз ұят-ты дедік. Келдік, көрдік, сүйсіндік!

Далада ары-бері жүгірген орыстардың «Димаштың концертіне билет бар ма?!» деп қапылып жүргенін көрдік… Қызыл алаңды қоршаған қызыл әскер Димаштың концерті үшін қызмет қылғанын көрдік… Кремльдің концерт сарайында аузы-мұрнынан шыққан xалық қазақтың әніне қосылып тұрғанын көрдік… Қытай, ағылшын, түріктердің «Дайдидауды» тыңдап, жылағанын көрдік… 6 мың xалық біздің домбыраның үніне тік тұрып, қол соққанын көрдік…

Игорь Крутой, Анита Цой бастаған дүлдүлдердің Димашқа құрмет көрсеткенін көрдік… Иманғали /Тасмағамбетов/ ағамыз бастаған ел азаматтарының Димаш үшін марқайып тұрғанын көрдік… Концерт біткен соң да бір сағат бойы тарқамай тұрып алған xалықты көрдік…

Еңсесі биік xалық ұлымыздың алдында еңкейіп тұрды!.. Әлемге аты кеткен бармақтай баламыз үшін көзімізге жас келді!.. «Тәуба» дедік ішімізден… Тіл-көзіміз тасқа дедік… Қазақтың бағына біткен қаршадай балаға Аллам өзің қорған бола көр деп, дұға қылдық…

Аппақ болған баладан айналдық!

Сені туған анадан айналдық!

Жерді жарған дауысыңнан айналдық!

Елді оятқан намысыңнан айналдық!

  • Айнұр Тұрсынбаеваның ФБ-парақшасынан
  • Редакциядан: Димаш Құдайберген Ресей эстрадасының «примадоннасы» Алла Пугачеваға арналған концертте өнер көрсетеді. Бұл концерт 7-8 сәуір күні Мәскеудегі «Крокурс Сити Холлда» өтеді деп, Димаш өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Республиканский еженедельник онлайн