ЖАБЫЛҒАН ЖАЛАНЫҢ үкімі дайын…

Алматының Алмалы ауданында «жиһадшылар ісі» аталған сот аяқталуға жақын. Айыпталушы Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Əбішев және Оралбек Омыровқа қатысты сот үкімі желтоқсанның 13-і күні шығады.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев желтоқсанның 6-сы күні Алмат Жұмағұловты «ұлтаралық араздықты қоздырды» және «терроризмді насихаттады» деп – 9 жылға, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміровті «терроризмге шақырды және оны насихаттады» деп – 8 жылға соттауды сұраған.

Үш азаматтың да ешқандай да жиһадшы, экстремист, терроршы еместігі, тіпті осыларды насихаттаушы да, араздықты қоздырушы да еместігі сот процесінде толық дәлелденгені жөнінде газетіміздің өткен (№ 42-43) сандарында жазған едік. Апта басындағы жарыссөзде үш жігіттің қорғаушылары мен өздері нақты дәлелдер келтіріп, жазықсыз жабылған жаламен сотталып жатқандарын жеріне жеткізіп тұрып айтқандарын сотқа қатысқан қоғам өкілдері өз құлақтарымен естіді.

Сот барысында анықталғандай, тергеуші Толғанай Ержанова тергеу материалындағы маңызы бар видеожазба сақталған таспаны «жоғалтып жіберген». Олар айыптауға негіз болып отырған бейнероликті «арнайы қызметтің арандатуы» және «оны ІІМ-нің бұрынғы майоры ұйымдастырды» деп санайды. Айыпталушы тарап «судья сот отырыстары кезінде істің қолдан жасалғанын және қамауда отырғандардың кінәлі емес екенін дәлелдей алатын негізгі куәгерлерді тыңдамады», – дейді.

Соңғы сөзінде ақын Кенжебек Әбішев былай деді: «Жолдас прокурор, кейін менің өлеңдерім әдебиет оқулығына енеді, сонда сіздің немереңіз бұл кім деп сұраса, не дейсіз? Кезінде мен жиһадшы деп соттап едім дейсіз бе? Не болмаса, бәрімізде бала-шаға, немере бар: аяқ астынан құдандалы болып, бір дастарханның басында отырып қалсақ, не істейміз, құйрық-бауыр асасамыз ба ұялмай? Сот мырза, маған түсімде аян берді: 18 желтоқсан күні ақырғы рет намаз оқисың деді. Егер маған 7 жыл берсеңіз, мен оған тірі жетпеймін. Менің нахақ күйген өмірім сіздің мойныңызда. Мені босатыңыздар, ешқандай күнәм жоқ екеніне көздеріңіз жетті ғой. Егер жоғарыдан қайтсеңдер де соттаңдар деген бұйрық келсе, осыншама қинамай, неге соттай салмадыңыздар?!».

Бір жыл бойы істі бір жақты тергеп, арандатушылардың көрсетуі бойынша істі сотқа дейін жеткізгендер үш азаматты сот залынан босатпаудың айласын жасауда. Айыпталушылар мен олардың адвокаттары «іс қолдан ұйымдастырылды және тергеушілер мен сот процессуалдық қателіктерге жол берді» деп, айыпты мойындамайтындарын айтты.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

Республиканский еженедельник онлайн