ЖАСАСЫН КОВИД?..

Қазақстанда бала туу туралы рекорд карантин кезінде жаңартылды, деп хабарлады ҚазТАГ Қазақстандағы COVID-19 жағдайына арналған ресми ресурсқа сілтеме жасап.

«2020 жылы 425,6 мың бала дүниеге келді. Осылайша, 417 мыңнан астам бала туған 1987 жылғы бұрынғы рекорд жаңартылды» депті ресми ресурста мәлімдеме жасағандар.  Осы құжатта көрсетілгендей, бала туудың өсімі негізінен  елдің алты аймағында тіркелген: Түркістанда (14,4%), Алматы облыстарында (12,7%), Алматыда (8,3%), Шымкентте (7,4%), Нұр-Сұлтанда (7%) және Жамбыл облысы (6,9%).

Еске сала кетейік, бұл аталған алты аймақта негізінен қазақтар тығыз қоныстанған. Яғни, ел рекордын жаңартқан 425,6 мың баланың 75 пайыздан астамы қазақтар деген сөз. Бұл орайда еріксіз «Жасасын карантин!» дегің келеді…

Дегенмен елдегі халық өсімінің басым бөлігін қамтамасыз ететін көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы демографиялық дүмпуге кереғар. Ал қалыптасқан қиындықтан құтқаруды талап етіп, наразылық танытқан белсенді азаматтарды қудалау, әкімшілік жазаға тарту науқаны да өрлеп тұр. Мәселен, 22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты көп балалы аналар белсендісі Феруза Ордабекованы 10 күнге қамады. Сот шешімінде белсендінің 25 қаңтарда министрліктер үйі алдында «коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсылық білдіріп, заңсыз шараға» қатысқаны жазылған. Сот оны Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі («Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу») бойынша кінәлады, деп хабарлайды «Азаттық» порталы.

Бұл екі арада «Нұр Отан» партиясы елде мыңдаған тұрғын үй тұрғызамыз, астанада жуық 5 жылда 50 мектеп саламыз деп даурығып отыр. Бұл дабыра билік партиясының астаналық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысында сөз болған екен. Осы жиында «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 2021–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, «алдағы бес жылда 30 дәрігерлік амбулатория, жаңа көпсалалы аурухана мен перзентхана, халық санының өсуіне байланысты 50 жаңа мектеп салынады» депті «нұротандық» ұраншылдар.

Жөн-ақ! Халықтың өсімін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-тұрмыстық құрылыстың қарқын алғаны қуанышты-ақ жағдай. Бірақ қыруар шығынды қажет ететін осыншама құрылысқа «Нұр Отан» қаржыны қайдан алады? Көсемі көсіп, өз қалтасынан шығармаса, биліктік партияның өзі мемлекеттік бюджеттің есебінен күн көретіні мәлім. Егер «нұротандықтар» сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында үкіметке ықпал етеміз, мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік саласын өсіруді талап етеміз деген құжат қабылдаса, оған аздап илануға болар еді.

Рас, коронавирус індеті ізденістің жаңа жолын қажет етуде. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайын мемлекет есебінен жақсартуды дабыра дүрмекке айналдырған партияның парықсыз бағдарламасына айтылар дау көп. Ең бастысы – «Нұр Отан» «еңсеріп тастаймыз» деп отырған жалбағай жоспар халықтан жиналатын салық пен мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана жүзеге асуы/аспауы/ мүмкін. Билік партиясына Қазақстан халқының 0,01 пайызы ғана мүше екенін ескерейік…

Ермұрат БАПИ

ҚАРИЯНЫҢ ҮЙІН генералдың ағасы ТАРТЫП АЛДЫ…

  • Алматыда 15 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып жүрген Әсия Ташанова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Қарт әжейді жетім немерелерімен бірге генералдың ағасы үйінен қуып шыққан.

Зейнеткер Алматы қаласы Әуезов ауданы Қалқаман шағын ауданында аумағы 8 сотық жерін Жанасбек Мерзадинов есімді адамның тартып алғанын айтады. Ол 1997 жылы 29 желтоқсанда Алматы облысы Қарасай ауданы Каменка ауылдық округі әкімінің №1432-10 шешімімен алған жеріне басқа бір адамның мемлекеттік акт шығарып алғанын кейін білген. Іс бірнеше рет сотта қаралып, 2016 жылға дейін созылған.

Ақырында зейнеткерді жетім үш немересімен үйден қуып шыққан тұлғалар жер теліміне жаңа баспана салып алған. Алматы облысынан Алматы аумағына кірген жердің заңды иесі Жанасбек Мерзадинов екені белгілі болды. Ол қазіргі ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау қызметкерлері академиясының ректоры, бірнеше облыстың прокуроры, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Әскери бас прокуроры қызметін атқарған Ерғали Мерзадиновтың туған ағасы, дейді жәбірленуші.

Жер теліміне шешім бастапқыда зейнеткердің қызы Раушан Жармұхамбетованың атына шығарылған. «Өткен 15 жылда бірнеше рет протестпен бұзылған сот шешіміне лауазымды тұлғаның туыстары қайта-қайта шағымданып, 2016 жылы ақыры өз пайдаларына шештіріп алды. Соңғы бес жылда менің арызымды ешқандай сот қабылдамай отыр», – дейді Әсия Ташанова.

Аzattyq-ruhy.kz

ДЕПУТАТҚА САУАЛ

Мен бұл сауалымды ҚР парламентінің депутаты Ерлан Сайыровқа жолдағым  келеді. (Әдетте депутат атқарушы биліктің лауазымды басшысына сауал жолдайды – Ред.). 

  Құрметті  Ерлан Бияхметұлы!  Жаңа сайланған депутаттар халықтың үнін билікке жеткізе алады деп үміттенгендіктен, осы сауалымды өзіңізге арнап отырмын. 

 2021 жылдан бастап, Қазақстан халқына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы артылған қаржы беріле бастады. Алғашқыда  қуанып қалған халықтың көңіл-күйі бұл күндері су сепкендей басылды. Өйткені зейнетақы қорындағы қаржыны алу механизмдері өте қолайсыз, әрі күрделі. Бұл күндері халық табан ет, маңдай терімен жинаған өз қаржыларын алу кезінде кедергілерге тап болып жатыр.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы салынып жатқан құрылыс компаниясынан үй алмақшы болған танысым бүкіл бас қаланы аралап, зейнетақы қорындағы ақшасын өзінің жинаған қаржысына қосып алуға үй таба алмады. Себеп – салынып жатқан құрылыс сақтандырылған болуы керек екен. Ал бүгінгі құрылыс компанияларының  барлығы дерлік сақтандырылмағандықтан, кепілдік жоқ екен. 

Екіншісі – жер алып, үйді өздерінің күшімен салу үшін,  зейнетақы қорындағы ақша салымшының өзіне емес, құрылысты жүргізетін  фирманың есеп-шотына аударылуы керек екен. Жеке адамдар негізінен құрылыс жұмыстарын жеке (көтермеші – Ред.) құрылысшылармен келісіп жүргізетіндіктен, бұл да қолайсыздық туғызатын мәселе.

«Туған-туыстарынан сатып алуға болмайды» деген де түсініксіз жағдай… Зейнетақы қорындағы қаржы мемлекеттің беріп отырған көмегі емес, адамдардың еңбекақысынан

жинаған жеке табысы. Сол қаржыны беру тәртібін күрделендірмей, әр адамның есеп-шотына неге аударып бермеске?! 

Менің ойымша, зейнетақы қорындағы артық қаржыны қайтару кезінде адам құқы аяққа тапталып отыр. Осы мәселе қайта қарауды қажет етеді деп есептеймін және халықтың өтінішін тиісті орындарға жеткізуіңізді сұраймын!

Риза МОЛДАШЕВА

Марғұлан СЕЙСЕНБАЙ: Қазақ-қырғыз БАУЫР МА?

Кеше Бішкектен сағат 18:05-те шыққам. Шекара бекетіне 19:07-де жетіп, қырғыз шекарасын 15 минутта өттім. Қазақстандық шекара бекетіндегі жұмыстың тиімсіздігі мен ондағы былықпайшылықтың шегі жоқ. Бұл жерде барлығы да адамды қорлап, оны күттіріп, онымен қоймай, бұл ел үшін ешкім емес екеніңді сезіндіру мақсатында жасалған. Жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі тұр. Қазақстандық шекарашылар көліктердің 100%-ын рентгенмен тексеріске жіберіп жатыр. Шекарашылардың жартысы ұйқыда. Рентгенде жалғыз адам отыр. Қызметкерлердің біреуінің адамдармен шаруасы жоқ, барлығына екі қойың – бір тиын. Неткен сұмдық?!

      Жолға 7,5 сағат, соның ішінде шекараны өтуге 3 сағат кетті! Жүк көліктері мен жеңіл автокөліктердің легін екі бөлуге бұл елде ешкімнің басы жетпей ме? Тағы бірнеше рентген аппаратын сатып алуға болмай ма? Процедураларды реттеуге болмай ма? Астанадағы бір LRT коллоннасына кеткен қаражатқа жылына жүз мыңдаған адам өтетін мына бейшара күйдегі шекара бекетінің жағдайын жасауға болар еді.

      Шекара – әңгіменің басы ғана. Екінші жырымыз – тозығы шыққан жолдар. Жолдың жартысы тесік-шұқыр. Бішкек пен Алматының арасы бар-жоғы 234 километр. Бұл жолды максимум дегенде 2 сағатта жүріп өтуге болар еді. Ал менің оған 7,5 сағатым кетті!

     Біздің биліктегілер тек сөз жүзінде ғана «бауырлас халықпыз» дейді. Шекара бақылауы мен арадағы жолға қарасам, біздің қарым-қатынасымыз Палестина мен Израиль арасындағыдан бетер ме дедім.

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн