ЖАҚСЫБЕКОВ «Цеснабанктен» АЙЫРЫЛДЫ МА?

Қазақстандық банктер пайдаға кенеліп, жыл сайын «семіру үстінде». Атап айтқанда, былтырғы жылдың алғашқы 10 айында банктердің табысы 27,7 триллион теңгені құрапты. Оның ішіндегі таза пайда 566,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл соңғы бес жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,4 пайызға артық екен.

Жалпы, қаржылық секторда жұрт түсіне бермейтін түрлі процестердің жүріп жатқаны рас. Мәселен, талай жыл бойы үздіктердің қатарында саналып келген «Қазкоммерцбанктің» аяқ астынан күрт нашарлап шыға келгені тосын жаңалық болғаны рас. Ақыры ол «Халық банктің» құрамына кіріп тынды.

Сарапшылардың айтуынша, былтыр елдегі банк секторында түбегейлі өзгерістер орын алуы тиіс болатын. Болжамға сәйкес, «Халық банк» пен «Қазком», «Capital банк» пен «Тенгри банк», «Цеснабанк» пен «ЦентрКредит», сондай-ақ «RBK» мен «Qazaq банкі» өзара бірігіп, отандық қаржылық жүйенің жаңа конфигурациясы қалыптасады деп күтілген. Бәлкім, «Астана банк», «Эксимбанк» пен «Qazaq банкі» секілді қаржылық құрылымдардың төңірегіндегі жайсыз оқиғалар осы үлкен сценарийдің құрамдас бөліктері болар. Бұдан біраз бұрын «Цеснабанктің» «ЦентрКредитпен» бірігетіні жайлы болжамдар таралғанымен, сценарий жүзеге аспады. Дегенмен, «Цеснаға» қатысты жыр мұнымен бітпейді. Сарапшылардың пікірінше, көп ұзамай бұл қаржылық ірі ұйым «Халық банктің» қарамағына өтуі ықтимал. Әйтпесе кезінде «Қазкомда» басқарма төрағасы қызметін атқарып, осы ұйымның «Халық банкпен» қосылу процесіне басшылық еткен Ульф Вокурканың аяқ астынан «Цеснабанктің» басқарма төрағасы болып шыға келуін, «Қазкомда» басқарма төрағасының орынбасары болған Ұлан Байжановтың «Цеснабанк» директорлар кеңесінің мүшелігіне өтуін немен түсіндіреміз?

Қалай десек те, бұл оқиғалар «Цесна» корпорациясының қожайыны, күні кеше ұлттық элитадағы ең беделді фигуралардың бірі болып саналған Әділбек Жақсыбековтың бұрынғы ықпалынан айырылуының салдары ретінде қабылдануда. Жақсыбеков үшін банктен айырылу – бұрынғы ықпалы мен беделінің соңғы тірегінен айырылу іспетті.

Rgmedia.kz

Республиканский еженедельник онлайн