Бүгінгі таңда ұйымдардың даму деңгейі әкімшілік құрылым шеңберінде адам ресурстарын тиімді басқару жүйесіне тікелей тәуелді. Әкімшілік басқару адам ресурстарын жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Жаңа өнеркәсіптік саясат қызметкерлердің кәсібилігі, басқару құзыреттілігі және мотивация деңгейі ұйымның жалпы өнімділігі мен табысына тікелей әсер етеді. Әкімшілік құрылымдағы адам ресурстарын нәтижелі басқару басқарушы персоналды дұрыс жалдау мен іріктеуді, үздіксіз кәсіби дамуды, міндеттерді нақты бөлуді, есептілікті күшейтуді және мотивациялық жүйелерді енгізуді қамтиды.
Сонымен қатар, басқару процестерін оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді азайту және заманауи басқару технологияларын қолдану елеулі ықпал етеді. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа сәйкес әкімшілік құрылым шеңберінде адам ресурстарын жоғары деңгейде пайдалану ұйымдастырушылық қызметті ұйымдастырудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Заманауи кезеңде ұйымның жетістігі көбінесе әкімшілік персоналдың кәсіби құзыреттілігіне, олардың еңбек әлеуетін дұрыс пайдалануға және қызметтік міндеттерін орындау сапасына байланысты болады. Алайда, көптеген ұйымдарда әкімшілік персоналды тиімді пайдалану деңгейі жеткіліксіз болып қалады, бұл басқару процестерінің жалпы тиімділігіне теріс әсер етеді.
Сонымен қатар, қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және олардың біліктілігін жүйелі түрде жетілдіру де маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде ұйым ішіндегі еңбек үдерістерінің сапасын арттырып, қызмет көрсету нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді. Әкімшілік басқаруда тиімді үйлестіру мен бақылау тетіктерін енгізу жұмыс барысында туындайтын кідірістер мен артық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, адам ресурстарын оңтайлы пайдалану ұйымның жалпы тиімділігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Мақсаты: Қазіргі уақыттағы ұйымдардың әкімшілік құрылымындағы адам ресурстарын тиімді басқару жүйесін жан-жақты зерттеу арқылы оны жетілдірудің ғылыми негізделген жолдарын анықтау және оларды белгілі бір ұйымның мысалында ұсыну.
Сондай-ақ, адам ресурстарын басқарудың теориялық аспектілерін, шетелдік тәжірибені және ұйым ішіндегі нақты жағдайды салыстыра отырып, тиімді басқару стратегияларын ұсыну. Әкімшілік құрылымға сәйкес жұмыста ұсынылатын тәсілдер басқарудың тиімділігін арттыруға, қызметкерлердің кәсіби әлеуетін дамытуға және ұйымның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Адам ресурстарын басқару жүйесі заманауи шетелдік және отандық ғылыми жетістіктерді қолдану арқылы басқару әдістерін үнемі жетілдіруді қамтамасыз етеді. Адам ресурстарын басқарудың мәні басқару объектілері мен субъектілері арасындағы ұйымдастырушылық, экономикалық, әлеуметтік психологиялық және құқықтық қатынастарды үйлестірумен сипатталады.
Бұл қатынастар қызметкерлердің мүдделерінің, мінез-құлқының және әрекеттерінің әсерінен туындайтын қағидаттарға, әдістерге және нысандарға негізделеді. Оның негізгі мақсаты – адам ресурстарын тиімді пайдалану. Басқару жүйесінде жеке тұлға мекеме қызметін реттейтін барлық процестердегі басқарушы буын болып табылады.
Сондықтан басқару жүйесінің тиімділігі кадрларды дұрыс іріктеу мен орналастыру сапасына тікелей тәуелді. Басқару ғылымының эволюциялық даму жолында персоналмен жұмыс істеу мәселесі әуел баста Ф. Тейлордың ғылыми менеджмент принциптерінен бастау алды. Оның негізгі идеясы — жұмысты оңтайлы ұйымдастыру арқылы жоғары нәтижеге жету.
Сонымен қатар, А. Файоль ұсынған әкімшілік басқару қағидалары бүгінгі таңда біз зерттеп отырған мемлекеттік құрылымдардағы кадр саясатының негізі. Белгілі американдық менеджер Ли Якокканың «Крайслер» корпорациясына басшы болып келгенде, өз бағдарламасын былай тұжырымдаған: people (адамдар) – product (өнім) – profit (пайда), ал «егерде өзіңізде сенімді команда болмаса, онда басқа фактордан сәтті бірнәрсе жасап шығару шамалы болады» деп атап өткен.
Адам ресурстарын басқару құрылымы – мекеме ішіндегі персоналды нәтижелі ұйымдастыруға, басқаруға және дамытуға бағытталған бөлімдер мен функциялардың жиынтығы болып табылады. Бұл құрылым ұйымның көлеміне, бағытына және басқару моделіне байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ оның негізгі мақсаты — қызметкерлердің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ұйымның даму мақсаттарына қол жеткізу. АРБ құрылымы әдетте бірнеше негізгі бөлімшелерден тұрады. Біріншісі – персоналды жоспарлау және іріктеу бөлімі. Бұл бөлім ұйымға қажетті мамандарды анықтайды және жұмысқа қабылдау процестерін жүзеге асырады. Сонымен қатар, кадрлық қажеттілікті болжау мен бос жұмыс орындарын уақтылы толықтыру міндеттерін атқарады.
Екінші – оқыту және дамыту бөлімі. Бұл бөлім қызметкерлердің кәсіби дамуына, қайта даярлауға, оқытуды ұйымдастыруға және мансаптық дамуды жоспарлауға бағытталған.
Үшіншісі – өнімділікті бағалау және ынталандыру жүйесі бөлімі. Бұл салаға қызметкерлердің жұмысын бағалау, өтемақы жүйесін әзірлеу және материалдық және моральдық ынталандыруды енгізу кіреді.
Төртінші – еңбек қатынастары бөлімі. Бұл бөлім қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы құқықтық және әлеуметтік қатынастарды реттейді, еңбек тәртібін қамтамасыз етеді және корпоративтік мәдениетті қалыптастырады.
Мемлекеттік мекемеде кадрлық әлеуетті басқаруды кадр бөлімі жүзеге асырады. Кадр қызметі — таңдалған кадр саясаты аясында персоналды басқаруға бағытталған, өкілетті тұлғалармен қамтамасыз етілген арнайы құрылымдардың жиынтығы. Өз жұмысында кадр қызметі Қазақстан Республикасының еңбек кодексін және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алады
Сырым Дат