Қазақстанның қорғаныс саясатының маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның халықаралық әскери ынтымақтастықпен тығыз байланыста дамуы. Қазір ешбір мемлекет ұлттық қауіпсіздігін тек өз мүмкіндігімен ғана қамтамасыз ете алмайды. Жаһандық қауіп-қатерлердің сипаты өзгерген сайын мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығулар өткізу, әскери білім беру жүйесін дамыту, терроризм мен экстремизмге қарсы ортақ іс-қимыл жасау және қорғаныс технологияларын жетілдіру қажеттілігі артып келеді. Қазақстан осы үрдістен шет қалған жоқ. Керісінше, еліміз теңгерімді әрі көпвекторлы сыртқы саясаттың негізінде халықаралық әскери ынтымақтастықты ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды құралдарының біріне айналдырды.
Соңғы жылдары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы әскери ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Астанада өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы осының айқын дәлелі болды. Жиынға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының басшылары мен ресми делегациялары қатысты. Кездесуде Достастық кеңістігіндегі әскери ынтымақтастықтың алдағы даму бағыттары жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне 20-ға жуық мәселе шығарылып, олардың басым бөлігі қазіргі заманғы әскери қауіптердің алдын алуға арналды. Атап айтқанда, инженерлік әскерлердің гуманитарлық минасыздандыру жұмыстарын жүргізу кезіндегі құқықтық мәртебесі, радиациялық, химиялық және биологиялық ахуалды бақылау жүйесін жетілдіру, әскери мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану, әскери авиациядағы ұшу қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды.
ТМД шеңберіндегі ынтымақтастық мұнымен ғана шектелмейді. Ресей Федерациясында өткен Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысында қатысушы мемлекеттер 2030 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын талқылады.
Қазақстан үшін ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі – Ресей Федерациясымен стратегиялық әріптестік. Екі мемлекет арасындағы әскери байланыс тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жүйелі түрде дамып келеді. Бұл байланыс Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы міндеттемелермен қатар, екіжақты келісімдер арқылы да нығайтылған.
Әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңі 2025 жылдың 31 қазанында Алматы қаласында өткен ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің 85-отырысында жалғасын тапты. Дәл осы жиында Қазақстан, Ресей және Беларусь қорғаныс министрліктері 2026 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Бұл жоспар үш мемлекеттің қорғаныс құрылымдары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге арналған маңызды стратегиялық құжат саналады. Онда бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастыру, әскери даярлық бағдарламаларын жетілдіру, әскери білім беру жүйесінде тәжірибе алмасу, ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық жобаларды жүзеге асыру секілді нақты міндеттер белгіленген.
Ал Беларусь Қорғаныс министрі Виктор Хренинмен өткен кездесуде әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейту, әскери білім беру жүйесіндегі тәжірибе алмасу және қорғаныс саласындағы өзара сенімді нығайту мәселелері талқыланды. Қол қойылған жоспардың орындалуын үш елдің қорғаныс ведомстволары бірлескен жұмыс тобы арқылы үйлестіретін болды. Бұл бастама өңірлік қауіпсіздік жүйесінің үйлесімділігін арттырып, Қазақстанның көпвекторлы қорғаныс саясатын институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Қазақстан халықаралық әскери ынтымақтастықты тек ТМД кеңістігімен шектемейді. Еліміз әртүрлі әскери-саяси жүйелерге жататын мемлекеттермен де теңгерімді әріптестік орнатып келеді. Осы саясаттың жарқын мысалдарының бірі – Ұлыбританиямен қалыптасқан әскери ынтымақтастық. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген Еуропа жөніндегі департаментінің басшысы Саймон Лоның сапары кезінде екі ел арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қорғаныс өнеркәсібін дамытуға, әскери техниканы жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге құқықтық негіз қалыптастырды.
Жалпы, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери байланыс 1996 жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Екі мемлекет жыл сайынғы ынтымақтастық жоспары аясында бірлескен іс-шаралар ұйымдастырады. Әсіресе бітімгершілік даярлық саласындағы байланыстар жоғары деңгейде дамыған. Британдық әскери консультативтік-жаттықтыру тобының мамандары қазақстандық «Қазбриг» әскери қызметшілерін даярлауға қатысып, «Дала қыраны» халықаралық оқу-жаттығуларын өткізіп келеді. Сонымен қатар қазақстандық офицерлер Ұлыбританияның әскери оқу орындарында білім алып, кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болды.
Қазақстанның халықаралық қорғаныс саласындағы серіктестік саясатының тағы бір маңызды бағыты – Азия кеңістігіндегі ықпалдастықты дамыту. Бұл ретте Қытай Халық Республикасымен қалыптасқан әскери байланыстар ерекше орын алады. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы қатынастар тек экономикалық және саяси бағыттармен ғана шектелмей, қорғаныс пен қауіпсіздік саласында да тұрақты түрде кеңейіп келеді.
Қазақстан әскери ынтымақтастықты дамытуда Түркия Республикасына да ерекше мән береді. НАТО құрамындағы әскери әлеуеті жоғары мемлекеттердің бірі саналатын Түркия соңғы жылдары қорғаныс өнеркәсібінде үлкен серпіліс жасап, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы өндіруде әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды. Әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу мен өндіру саласындағы жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр.
Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимыл да Қазақстанның қорғаныс саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Бұл тұрғыда Өзбекстанмен қалыптасқан серіктестік ерекше маңызға ие. Қазақстан Қорғаныс министрінің Өзбекстанға ресми сапарында Өзбекстанның Қорғаныс министрімен екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылап, әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Кездесуде мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастың әскери саладағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Қазақстанның халықаралық әскери байланыстарының тағы бір маңызды бағыты – Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық. Соның ішінде Қатар мемлекетімен әскери әріптестікке ерекше назар аударылып отыр. Қазақстан Парламенті Сенаты мақұлдаған келісімге сәйкес, алдағы бес жыл ішінде екі мемлекеттің қорғаныс күштері тәжірибе алмасып, бірлескен оқу-жаттығулар өткізетін болады. Сонымен қатар әскери полигондарды бірлесіп пайдалану, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, әуе кеңістігін пайдалану және қорғаныс саласына инвестиция тарту мәселелері де келісімнің маңызды бағыттарына айналды.
Қазақстанның халықаралық әскери саясатының маңызды құрамдас бөлігі – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік қызметіне қатысу. Соңғы жылдары еліміз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде жауапты серіктес ретінде танылып келеді. Қазақстандық әскери қызметшілер Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиялары аясында түрлі өңірлерде бейбітшілікті сақтау міндеттерін орындап жүр. Әсіресе Голан жоталарындағы БҰҰ-ның ажырату бақылау күштері құрамындағы қазақстандық контингенттің қызметі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Еліміз қорғаныс саласындағы көпжақты ынтымақтастықты Шанхай ынтымақтастық ұйымы арқылы да белсенді дамытып келеді. Нью-Делиде өткен ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қазіргі геосаяси жағдайдағы қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Кездесуде әскери сенім шараларын нығайту, терроризмге қарсы күресті үйлестіру және жаңа қауіп-қатерлерге бірлескен жауап әзірлеу мәселелері ұйым қызметінің басты басымдығы ретінде белгіленді.
Халықаралық ынтымақтастықтың барлық бағытында Қазақстан ашықтық пен прагматизм қағидаттарын басшылыққа алады. Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің мәліметінше, еліміз көпжақты және екіжақты форматта тәжірибе алмасу, әскери кадрларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастыру, киберқауіпсіздік, терроризмге қарсы іс-қимыл және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту бағыттарында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымы осы жұмыстың негізгі халықаралық алаңдары саналады.
Ғали ТӨЛЕК