Қазақ елінің ұлттық құндылықтарының бірі – баланың әже-атасының бауырында өсуі. Әсіресе әже тәрбиесі – ерекше институт. Мен Димашты өте жақсы демейін, бірақ өнерде жүрген соң білемін. Жүріс-тұрысын, репертуарын, киген киімін, сөйлеуін қарап отырамын. Бүгінде қазақ елін, Қазақстанды төрткүл дүниеге паш етіп жүрген Ұланды көзден таса етпейтініміз хақ. Ең алдымен оның бойындағы қазақи тәрбие, өзін-өзі ұстауы, ана тілінде анық та ақылмен сөйлеуі, осыған дейінгі «адам болу үшін орысша разговоривать ету қажет» деген мифті күл талқан етуі – ғажайып құбылыс…
«Димаштың феномені неде?» деген сұрақ кез келген адамда болуы мүмкін. Мен де осыны білуге тырыстым. Ең бір қызығы Димаш вундеркинд болған жоқ. Мектепте көп баланың бірі болды, қолды-аяққа тұрмай өсті, доп тепті, домбыраға қатысты. Таэквондомен тепкілесті, достарымен ертеңді-кеш қуаласып ойнаған көп баланың бірі болды. Тек бір ньюанс болмаса… Ол өнерге, әнге құмар боп өсті. Әнші болу – оның ең басты арманы болды… Себебі шешесі Света әнші болса, әкесі Қанат та сондай… Атасы Құдайберген де домбыраны жақсы шертеді… «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген осы. Әкенің бойындағы қағылездік пен анасының өзегіндегі сезімталдық Димашқа дарыған. Сондықтан да оның әнге көңілі ерте ауды. Мектепте анда-санда өтетін концертті сағынатын… Димаш бұл сәтте бәрін-бәрін ұмытып, басқа бір әлемге, қиял-ғажайып дүниеге еніп кетуші еді… Концерттен кейін оны «мамасы» алып қайтатын. Мамасы – Миуа әжесі… Миуа Мүбаракшақызы көп сөйлемейтін, көрген-білгені мол қарапайым аналардың бірі. Ол кісінің тарихы, аталарының сонау сұрапыл кезеңдерде Шалқарға келуі – бөлек сюжет, бір кітапқа сыймайтын әңгіме. Бойындағы тәрбиелік пен шығыс қыздарына тән ұяңдық, қарапайымдылық, жай ғана сөйлеп иландыру, көп нәрсені көзбен ұғындыру – ол кісінің болмысы. Және ең бастысы – оны-мұны нәрсеге мақтана қоймайтын адам… Өмірдегі ең үлкен миссиясы – жары Құдайберген мен бала-шағасының қамы ғана дейтін… Шақалақ кезінен бауырына басқаны – осы Димашы. Оған айтқан ертегі, аңыз, оқыған кітабы мен Құдекеңнің шерткен күйі осы Димашсыз болмайтын. Немересін кішкентай кезінен Ақтөбедегі музыка мектебіндегі фортепианоға сүйреді… Тіпті демалыс кезінде мұғалімін үйге шақырып, музыкадан қол үздірмеді. Басында айтқан әжелер институтының мағынасы да, мәні де, міне, осында жатыр…
Шоқан Уәлиханов – Абылай ханның шөбересі. Бала кезден әжесінің бауырында өскен. Айғаным Сарғалдаққызы – қазақ тарихында әлі күнге дейін өз орнын ала алмай келе жатқан кейуана. Уәли хан қайтыс болған соң, Айғаным Ресей патшасымен қарым-қатынасын жоғалтпаған тұлға. Беделін түсірмей, бала-шағасының білім алуына, әсіресе немересі Шоқанның оқуы мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген дана әйел. Сондықтан да Александр біріншінің кезінде Қызылжардың маңайынан Айғанымға арнайы резиденция салып беруі бекерден-бекер емес. Шоқанның ғалым болып қалыптасуына үлкен ықпал еткен – Айғаным әжесі, тарихшылар айтқан Дала Патшайымы…
Айғаным көзі ашық, көкірегі ояу, ел тарихын, атасы Абылайдың ерлігі мен есімін қасиет тұтып айтып отыратын көреген болған. Аңыз-дастандарды жатқа соғатын сол кезеңдегі әнші-жыраулар Айғанымның отауынан шықпайтын. Бала Шоқанның тарих пен ғылымға бет бұруы, міне, сонда жатыр…
Әже мен немере жайлы жақсы әңгіме жарасқанда, Абай мен Зерені аттап өту мүмкін емес. Зере – Құнанбайдың шешесі. Алайда тарихта Абайдың әжесі деп қалуы қандай жарасымды. Абайдың бала кезден тыңдаған ертегі-аңыздары, сал сері мен жыраулардың Зеренің шаңырағында айлап жатуы – бұл далалық мәдени лекциялар еді… Осы орайда Зере әжесінің сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Сондықтан оқудан келген Абайдың әжесіне мауқын баса алмай, Зерені үшкіріп «емдеуі» – осының жемісі…
Иузи – рәушан, көзі – гәуһар,
Ләғилдек бет үші әхмәр.
Тамағи қардан әм биһтар,
Қашың құдрет, қоли шигә.
Өзәң гүзәлләра рәһбар,
Сәңә ғишық болып кәмтар,
Сүләймән, Ямшид, Искандәр,
Ала алмас барша мүлкигә.
Бұл – бала Абайдың әжесіне арнаған алғашқы одасы еді..
Димаш әлі жас. Отызында Орда емес, Орбитада ойран салған оғлан. Оның бойындағы ең үлкен қасиет – Кісілік пен Кішілік. Және Отан сүйгіш патриоттығы… Бүгінде кейбір екі аяқтылар Димашты көре алмай, сыртынан ғайбат сөз айтады. Қандай сорлылық… қандай іштарлық… Абай мен Шоқанды, Мұхтар мен Күләшті, Мұқағали мен Шәмшіні аямаған – дәл осындай пенделер мен кенделер…
Әлі есімде, Димаштың Қытайдағы үлкен конкурсқа қатысуы. Бірінші тур, екінші, үшінші… Міне, сонда Димаш алғаш рет Қазақтың басын біріктірді. Бұл Абылай армандаған ақ күндер болатын… Димаш миллиард қытайдың ішінде бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалды. Тек таланты ғана емес, оның сахнадағы сәнділігі, өзін-өзі ұстауы, қазақ екендігіне қомсынбай, керісінше, мақтаныш етуінде болатын… Осындайда, пендеміз ғой, қиялдап кетемін… Бауыржан атасы тірі болғанда, қандай қуанар еді, болмаса Қонаев болғанда, «аттас балам» деп бауырына басар еді-ау деймін іштей… Димашты тек конкурстар ғана емес, біздің қоғам да өсірді, тәрбиеледі… Бүгінде әзіл әңгімеге айналған Алматыдағы конкурста Ринат Заитов пен Бағым Мұхитденова Димашқа біраз сын айтты… Бүгінгі күннің биігінде отырып, күлген боламыз. Алайда бұл жоба Димашты шыңдады. Махамбет айтқан «Қайрасаң, қайта жетілдім…» болды. Ал Қытайдағы конкурста ол қайта түледі. Димаштың өзі де, сөзі де, ойы да, бойы да өсті. Ол бала кезден бойына сіңген тәрбие болатын. Қазақи Дала институтының тәрбиесі-тін.
Бүгінде қоғам тез өзгеруде. Әсіресе соңғы отыз жылда қарқындап дамыды. Алайда өзгермейтін құндылықтар болады. Ол Күн мен Түндей. Жер мен Судай. Адами қасиеттер… Яғни, о баста Жаратқаннан келе жатқан мейірім, махаббат, адамды қадірлеу, сүю, сыйлау. Соның бірі – әже мен немеренің қарым-қатынасы. Бүгінде әженің рөлін телефон мен «ТикТок» басқанда, ертеңге амалсыз алаңдаймыз. Болашақта Абай мен Шоқан болмаса, Димаш аттастар келер, тек Зере мен Айғаным, Миуа аналарымыз қашан келер деп алаңдайсың… Сондықтан болар, Оразаның кезіндегі дұғамызға Қазаққа Димашты тәрбиелеп берген Миуадай апаларымыз көп болса екен деп тілейміз…
Талғат Теменов, Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер