Қазақстанның еңбек нарығындағы құрылымдық трансформация
Ағымдағы жылдан бастап, Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық саясатында жұмыс күшінің мәртебесін арттыру, ұлтымыздың экономикалық секторын білікті мамандармен толтырып, нығайту және еліміздің еңбек саласын заманауи талаптар бойынша бейімдеу басты бастымдықтардың біріне айналды. Мемлекет президентінің жарлығы бойынша 2025–2026 жылдарын «Жұмысшы кәсіптері жылы» ретінде тағайындалуы осы саладағы ауқымды реформалардың орын алуына себеп болды. Бұл бастау тек кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін қайта жандандырумен қоса қоғамдағы еңбекші адам бейнесін жаңа деңгейге жеткізді. Сонымен қатар, бұл бастама масылдық психологиясымен және жаңа жұмыспен қамту түрлері мен жүйелерін құқықтық тұрғыдан нығайтуды көздеді.
Еңбек нарығының сұранысы және кадрлық ресурстар тапшылығы
Қазіргі таңда еліміздің біршама салалары сапалы практика мен дайындықтан өткен мамандарға зор мұқтаждық етуде. Олар: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия кешені, энергетика, құрылыс және ауыл шаруашылығы салалары. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректерінің болжамдарына сәйкес алдыңғы 5–6 жылда еліміздің ішкі нарығына 400 мыңға жуық кәсіп өкілдері қажет болмақ. Қажетті кәсіптер ішінде өндірістік өңірлер мен солтүстік және орталық облыстардағы білікті операторлар, электриктер, автомеханиктер, дәнекерлеушілер басымдыққа ие және сұраныс өте жоғары.
Оған қоса, кей салаларда жас буынға қарағанда аға буынының басымдығы жоғары. Тау-кен металлургиялық кешеніндегі қызметкерлердің жас ерекшелігін талдау сараптамасы көрсеткендей, қызметкерлердің көпшілігі 40 жастан асқандар, нақтырақ айтсақ-жұмысшылардың 50%-ға жуығы 40 жастан асқан, ал 25%-ы 50 жастан жоғары жас санатын құрайды. Сол себепті жас буынды өндірісті салаларға тартып, аға буын тәжірибесімен сабақтастыру және жұмысшы кәсіптерінің беделін айқындау мәселесін жедел шешу көзделді.
Кәсіптік-техникалық білім беру саласын (ТКБ) институционалдық жаңғырту және сапалы қаржыландыру
ТКБ жүйесін ауқымдандыру, сапасын арттырып әрі жаңа деңгейге көтеру мақсатында мемлекет тарапынан бұрын болмаған қолдау шаралары орындалуда. Ең басты өзгеріс пен жаңартулардың бірі ол колледждерде білім алушыларды жан басына қаржыландыру нормативының, яғни мемлекет тарапынан бір студентке бөлетін қаржының айтарлықтай өсуі болып табылады. Егер бұған дейін мемлекет тарапынан бір студентке жылына орта есеппен 437 мың теңге бөлініп келсе, 2025–2026 оқу жылынан бастап бұл сома 912 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ауқымды жаңарту колледждердегі техникалық және материалдық бағаны жақсартып, жаңартуға, заманауи әрі кәсіби зертханалар мен шеберханалар ашуға мүмкіндік береді.
Білім саласы мен нақты практикалық өндіріс арасындағы байланысты нығайту үшін ірі отандық бизнес құрылымдары мен ұйымдары белсенді тартылуда. Қазіргі таңның өзінде 518 өнеркәсіптік кәсіпорын арнаулы оқу орындарын өз қамқорлығына (шефство) алған. Болашақта бұл көрсеткішті еселеп, 3,5 мың бизнес-құрылымға дейін жеткізу жоспарланған.
Оған қоса, мемлекеттік және халықаралық білім беру стандарттары мен талаптарын ескере отырып, 8 мыңнан астам оқу бағдарламалары толық жаңартылды. Сондай ақ, 1,5 мыңнан астам мұғалімдер өңдірістік алаңдарда қайта білім алып, даярлаудан өтудің арқасында кәсіби білімдерін арттыруда. Аталмыш реформалар оқу орындарының және оны бітірушілердің бәсекелестігін, сапасы мен біліктілігін арттырып, олардың еңбек нарығындағы сұранысқа толық жауап беруіне кепілдік береді.
Цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимі
Қазіргі таңда экономиканың құрылымы біршама өзгерістерге ұшырауда. Цифрлық технологиялардың дамуымен бірге жұмыспен қамтудың дәстүрлі емес түрлері таралуда. Фрилансерлер, курьерлер, платформалық жұмысшылар және такси жүргізушілері еңбек нарығының елеулі бөлігіне айналды. Сол себепті, Мемлекет Үкіметі 2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың дамыған, жеңілдеңген құқықтық режимін қалыптастыруды бітіреді.
Бұл реформалардың астарындағы мақсат – ол әрбір азаматқа қолжетімді, қолындағы смартфонды заңды табыс көзіне айналдыру және оны тиімді түрде жеке бизнес жүргізетін ажырамас құралға айналдыру. Бұндай жаңа құқықтық режим онлайн жұмысшылардың жұмысы мен табысын заңды етуге және оларды әлеуметтік сақтандыру, пенсиялық қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйелеріне біріктіруге мүмкіндік береді.
Еліміздегң шағын бизнестер мен орта бизнестердің жалпы ішкі өнімдері 40%-ға жеткенін және негізгі капиталға тартылған инвестициялардың 70%-ға жуығын құрайтынын ескеретін болсақ, цифрландырылған жұмыспен қамтуды легализациялау елдегі кәсіпкерлердің белсенділігін одан әрі арттырмақ. Бұл көлеңкелі экономиканың (заңсыз экономиканың) үлесін одан сайын азайтып, азаматтардың өз еңбегімен табыс табуына қолайлы жағдай жасайды.
«Еңбек адамы» идеологиясы және масылдықпен күрес
«Заң және тәртіп» принципі мен «Еңбек адамы» идеологемасын елімізде берік орнықтыру – кәсіптік білім мен жұмыспен қамту саясатының маңызды идеялық өзегі болып табылады. Мемлекет басшысы, жолдауында әлеуметтік масылдыққа жол бермеуді, дайынға үйрену психологиясынан арылуды және адал еңбекті жоғары бағалауды талап етті.
Жұмысшы кәсіптерін насыхаттап, олардың беделін арттыру қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Адал еңбегімен нан тауып, ырысын еслеп жүрген қарапайым жұмысшылар мен мамандардардың еңбегін дәріптеп, мәртебелеу арқылы жастар арасында еңбекқорлық құндылығын қалыптастыру көзделеді. Осыған орай, сан алуан салаларда еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегін көрсету және беделін арттыру бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті болып табылады.
Қорытындылай келе, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жаңғырту мен цифрлық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу бұл бір бірімен тығыз байланысты стратегиялық бағыттар. Олар еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті жоюға, жастарға сапалы білім мен заңды табыс көзін ұсынуға, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіптік және цифрлық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Еңбек адамын ардақтау, сапалы кәсіптік білім беру және заманауи жұмыс орындарын құру – Әділетті Қазақстанды құрудың сенімді кепілі.
Жұмабек Нұрсұлтан, Жалбағай Айқын