ЗІЛЗАЛАҒА ҰШЫРАҒАН АЛЫСТАҒЫ БАУЫРЫМА!

Үрей, күдік… бір-ақ сәтте торлады-ай,

Үйсіз-күйсіз қалған жұрттың тоңғаны-ай!

“Ай мен күннің аманында” – десек те

Түркиемде зілзаланың болғаны-ай!..

Қай күнің де тыныштыққа жетпейді,

Пендесінде үміт-күдік көп дейді…

Жұрт ұйқыда жатқан кезде сұмдығы

Жер сілкініп, қираған үй көп дейді…

Күндіз-түні көктен жұлдыз аққаны-ай,

Жүректердің сыздап, мұздап жатқаны-ай!

Көз жұмғандар пәленбай мың десе де…

Құрғыр көңіл – кемсең-кемсең қаққаны-ай!..

Мұндай сәтте сөз таба алмай өзім де,

Бір ауыр мұң тұнып тұр-ау көзімде…

“Алыстағы бауырыма” деп Мағжан да

Бауырларға демеу айтқан кезінде…

Үрлеп қойып, үміт отын жанбаған,

Заманында тағдыр жолын таңдаған…

Әлемдегі барша ТҮРІК атаулы

Түркиемен армандарын жалғаған.

Уақыт шешер не нәрсенің себебін,

Өзің жақта бар үмітім, сенерім…

О Түркием, батыр халық, ер халық,

Бұл сыннан да өтеріңе сенемін!

Жұмаш Кенебай-Көкбөрі

ДИНАРАҒА ШАБУЫЛ – саяси қысымның белгісі

  • Журналист Динара Егеубаеваның ұлына қолында пистолеті бар біреулер шабуыл жасамақшы болыпты. Ол туралы Динара ханым Инстаграмда жазыпты. 

Динара Егеубаеваның былтырдан бері журналистік жұмысын Қаңтар қырғынына арнап келе жатқанын, Мәжіліс сайлауына қатысуға ниетті екенін жариялағанын, сондай-ақ былтыр бірнеше рет онлайн-шабуылға ұшырағанын, президент сайлауы қарсаңында полиция бірнеше рет мазалағанын, жақында көлігін біреулер өртеп кеткенін ескерсек, бұл инцидент те саяси қысымның бір түрі болуы әбден мүмкін. 

Инстаграмдағы постында Динара ханым ұлының Еуроодақтағы мемлекеттің бірінің азаматы екенін атап өтіпті. Өткенде Егеубаеваның сөзін бұрмалап, ауылдың қазақтарын “маргинал” деді деп, манипуляция жасап, журналистті жеккөрінішті қылып көрсетуге тырысқан “журналистерге” бұл мәлімет те жақсы ілмек болайын деп тұр. Оларға алдын ала айтар өтінішім: грамм ұятыңыз қалса, бүйректен сирақ шығармай, тыныш отырыңыздаршы.

Динара Егеубаеваға жасалған қысым, азаматтық қоғамға жасалған қысым. Silence is violence. Үнсіз қалмайық! Ертең сіздің кезегіңіз келгенде, қолдау білдіретін ешкім шықпауы мүмкін.

Фото Д.Егеубаеваның Инстаграмдағы аккаунтынан алынды.

Шалқар НҰРСЕЙІТ

Ринат Зайытов: Мен неге «Аманаттан» ТАРТЫНУЫМ КЕРЕК?

Өзін депутаттыққа ұсынған Ринат Зайытов Instagram парақшасында не себепті “Аманат” партиясына кіргенін түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

“Өмір жолы шынымен бұралаң-ау. Дәл мен “Аманат” партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. “Бұл қалай болып кетті?”- деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін.

Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзін сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар? Сол мүмкіндіктің үлкені осы “Аманат”. Көңілімдегі күннен-күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды. Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім. Бүгін сол “Аманат” партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті”, – деп жазды айтыскер.

Ал партия құрамының өзгеруі ақынның ойын өзгерткен.

“Құрамын 75% жаңартқан партияда: Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай секілді ағаларымды Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайдай замандас-бауырларымды көрдім. Бұл дегеніміз, Ерлан Жақанұлы Қошановтың жаңаша іске кірісуге және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға дайын екенін білдіреді. Өзіме де сол өзгеріске қатысудың сәтін тудырды. Неге тартынуым керек? Ия, мен өз отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі, шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл- өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз! Біз- Аманатқа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік”, – делінген жазбада.

Bugin.kz

АРМАНМЕН Ақорда АЛЫСПАЙДЫ

  • Арман Шораевтың Мәжіліске баруына шектеу қойылмайды: Тоқаевқа Ресейдің ақпараттық агрессиясына қарсы тұратын тұлғалар қажет.

Жаңа Қазақстан Ресейдің ақпараттық шабуылына тойтарыс беретін тұлғалар шоғырын қалыптастыруды көздеп отыр. 

Dalainside дереккөзінің айтуынша, Ақордада Мәжіліс сайлауына түскелі отырған танымал журналист Арман Шораевқа қатысты қызу талқы жүруде. 

Оның Мәжіліске баруын қолдайтындар, Ресейдің астамшыл саясаты асқына түсерін, осы себепті Парламентте Кремль пропагандасына төтеп беретін азаматтар отыруы тиіс деген аргумент айтады. 

Олардың ойынша, Соловьев бастаған шовинистерге қарсы тұру, қарымта қайтару функциясын – Шораев секілді екі тілге де жүйрік тұлғаларға табыстау қажет. Олар Мәжіліс трибунасын пайдаланып, пропаганданың уытын қайтаратын болады. 

Шораевты тобықтан қаққысы келетін топтың да өз уәжі бар. Бұл топтың пәрмені алдынғыға қарағанда басымырақ боп тұр. Бұлар Астанадағы округтен сайлауға түскелі отырған Шораевқа оппонент ретінде киноактер Ерік Жолжақсыновты таңдап алған. Актерді “Аманаттың” сапына өткізіп, Мәжіліске сүйреп алып шығуды көздейді. 

Бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген Шораев билікке қарата: “Қазақ ұлтшылдығы біреудің басын жарып, көзін шығарған кезі болды ма?..” деген сауал тастаған. 

 “Арманның саяси ұстанымы Жаңа Қазақстанға қайшы емес. Ол Тоқаевтың билігін төңкеруді көздемейді. Алайда Ресей тұрғысында Ақорданың кейбір шешімдеріне зығырданы қайнайды. Қалай болғанда да, Шораев керек адам. Оның феномені сонда: Ресей пропагандасының күшін қайтаратын антидот іспетті”, – дейді Dalainside дереккөзі. 

Ақордадағы Шораевқа келгенде пікірі қақ жарылған екі топтың қайсысы басым түсерін уақыт көрсетеді. Бұл арада бақылаушыларға да көп нәрсе байланысты. Мәжіліс пен Мәслихатқа өз адамдарын әкелуді көздейтін биліктің жолын жабудың жалғыз жолы – бақылаушылардың белсенділігі. 

Астананың шенеуніктер қаласы екенін ескерсек Шораевқа қарсы тараптың қауқары мен қарқыны күшті болады деген қауіп бар.

Dalainside.kz

Құлыбаевтың қулығы ма,

АҚОРДАНЫҢ АЙЛАСЫ МА?

  • Экс-президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев иелік ететін ALMEX компаниясы елдегі ең ірі қаржы институты − Halyk Bank-тегі үлесін азайтуды қарастырып жатыр.

Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис Eurasianet басылымындағы мақалада “бұл осы шара “Назарбаевтың туыстарының экономикадағы ықпалын азайтуға бағытталған Астананың қадамына қарымта жауап болуы мүмкін” деген әңгімеге түрткі болды” деп жазады.

Бірақ ALMEX компаниясы банк акцияларын ықтимал инвесторларға қолжетімді етуді көздейтінін хабарлаған. Қазір Halyk Bank-тің 69,5 пайыз акциясына иелік ететін ALMEX банктегі миноритар үлесін сатпақ, бірақ өз үлесін 51 пайыздан азайтпайды.

Автор Құлыбаевтар банктегі үлесін азайтуды бұрыннан жоспарласа да, бұл жалғаса берсе, Назарбаевтар отбасының Қазақстанның қаржы секторындағы ықпалы бәсеңдейтінін жазады.

“Отбасының кей мүшелерінің Қаңтар оқиғасына қатысы бар екені көп айтылды, бірақ ресми расталған жоқ”. Президент Тоқаев оқиғадан кейін жемқорлық пен непотизмді жоюға уәде берді. Артынша отбасының кей мүшелері, оның ішінде экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева мен інісі Болат Назарбаев кей бизнес нысандарынан айырылды.

Автор Құлыбаевтардың мұнай-газ, қаржы секторындағы бизнес-империясы мен, Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, дәулеті 584 миллион долларға тең Дариға Назарбаева мен дәулеті 236 миллион долларға жететін ұлы Нұрәли Әлиевтің байлығы нысанаға алынбағанын келтіреді.

Алайда Құлыбаев былтыр жазда Petrosun мұнай компаниясындағы 49 пайыз үлесін мемлекетке өткізіп берді.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн