КӨП БАЛАЛЫЛАРҒА берілетін жәрдемақы төлеу ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Қазақстан үкіметі 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібін өзгертуді ұсынды, деп хабардайды «Азаттық».

Бұл туралы 7 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. Министрдің айтуына қарағанда, ұсыныс заң жобасы түрінде әзірленген. Бұл жоба бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін (109–187$) жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10–11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.

Егер көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те (АӘК) беріледі. АӘК күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ұсынылатын жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлейді; жеңілдетілген кредит беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

Жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Үкімет отырысына қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті бұлай нақтылай түсу – «мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін» жасалған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, биыл тоғыз айда атаулы 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік алу үшін табысын «жасырғаны» белгілі болған, деп хабар таратты «Азаттық».

Дегенмен, қоғамда «42 500 теңгеден жәрдемақы алатын көп балалы отбасылар АӘК-тен қағыла ма?» деген сұрақ нақты жауабын таппай тұр. Үкімет жеті ай бұрын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда, жәрдемақыны кіріске қоспаймыз деген еді. Ал енді шенеуніктер көп балалы отбасының табысына қарамастан, әр баласына 10 600 теңгеден берілетінен және осы жәрдемақыны алғаннан кейін де мұқтаж отбасының санатында болса, 21 мың теңгелік көмектің төленетінін айтты. Алайда мұнан кейін 21 мың теңге жәрдемақыны алу қиындай түседі екен, деп хабарлайды Stan.kz

«Атаулы әлеуметтік көмекті алып жүрген отбасылардағы балаларға қатысты төлемді үлкен кісілердің қателіктерінен және басқа да жағдайлардан сақтандырып қалу үшін, біз оны бөлек мемлекеттік жәрдемақы дәрежесіне өткізгелі жатырмыз. Сондықтан сол жәрдемақы аз қамтылған отбасының табысының көлемінде ескерілетін болады», – дейді министр Біржан Нұрымбетов.

Яғни, кірісі 83 мың теңге болып, жан басына шаққандағы табыстары 20 789 теңгеден аз болғандықтан, АӘК алып келген төрт балалы отбасы енді 42 500 теңгені алғаннан кейін 21 мың теңге жәрдемақыдан қағылады. Себебі кірістері шекті межеден 120 теңгеге асып кетеді. 

Қалай болғанда да, қоғамда пайда болған саяси-әлеуметтік толқудың қызуын басуға жанталаса кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметі аталған жәрдемақыны қалай, қандай құжаттар негізінде алу керектігі жөнінде қоғамға түсінікті хабар таратпай отырғаны күдік туғызады. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Тоқаев пен Ақорданың әлеуметтік бағдарламасына Назарбаев пен оның «кітапханасы» кедергі келтіруге тырысуда.

«DAT-ақпарат»

Республиканский еженедельник онлайн