КӨРІҢДІ САТПА!

(Жер сатамын деп жүргендер мен депутаттарға ескертпе)

Ау, ерлерім, ерлерім!

Қайырлы болсын төрлерің!

Сатамын деп жүргенің

Жататын ертең көрлерің!

Уа, ерлерім, ерлерім,

Еліңмен бірге өрлегің!

Сатсаң, жатқа кетеді –

Сауырлы, сайлы жерлерім. 

Маңдайын жаттың өбеді,

Сайқан, Ебі желдерім.

Сұраусыз жатқа кетеді –

Айдынды шалқар көлдерім.

Тегін олжа тексізге –

Асу-асу белдерім. 

Жат табанға тапталар,

Қасиетті төрлерім,

Арқар шықпас өрлерім.

Жылап-жылап кетпекші,

Келімсекке өтпекші –

Салқын сабат жайлауым,

Шүрегей ұшпас шөлдерім.

Шұрайым жатқа кетеді-ау,

Шырайым да сонда кетер-ау,

Шулап қалып төлдерім…

Өксіп бүйтіп өткенше,

Өмір сүріп не керек,

Артық онда өлгенім?!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

ЖАҢАӨЗЕН тағы да КӨТЕРІЛДІ

  • Жаңаөзенде «Бұрғылау» мұнай сервис компаниясына мердігер «Фиркрофт» ЖШС-інің жүзге тарта жұмысшысы жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Жұмысшылардың сөзіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, 19 сәуірде еңбек инспекциясы, қала әкімінің орынбасары және кеңесшісімен кездесуден нәтиже шықпаған.

Интернетте тараған видеолардың бірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қала әкімі Серікбай Тұрымовқа үндеу жолдаған жұмысшылар 19 сәуірден бастап жұмысын тоқтатқанын хабарлайды.

«Себебі осы күнге дейін Жаңаөзен қаласының әкімдігі және бұрғылау мекемесінің басшылары біздің мәселелерімізді шеше алмады. Себебі көптеген заңсыздықтар орын алып жатыр. Осы заңсыздықтар үш күн ішінде шешілмесе, Жаңаөзен қаласының мұнай саласы мекемелерінен ынтымақтастық білдіруін сұраймыз. Атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз», «Бұрғылау» және өзге де мұнай компаниялары» – деп, жұмысшылардың бірі үндеуді оқып берген.

«Бәсе» арнасы таратқан видеода «Бұрғылау» компаниясының бас директоры Мұстақим Беркалиевтің ереуілшілермен келіссөз жүргізіп жатқаны көрінеді. Жұмысшылар талаптарының бірнеше жылдан бері орындалмай келе жатқанына шағымданады. Олардың кейбірі талаптарын орындату үшін астанаға дейін баратынын айтып ескертеді. Жұмысшылардың бірі Vlast сайтына келіссөзден нәтиже шықпағанын хабарлаған.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек кодексіне енетін түзетулерді мақұлдап, соған сәйкес аутсорсинг компания қызметкерлері өздерін жалдайтын кәсіпорын қызметкерлерімен тең жалақы алуы тиіс болған. Бірақ соған қарамастан, 2018 жылы «Фиркрофт» ЖШС-імен келісімге қол қойған «Бұрғылау» компаниясы мердігер компания жұмысшыларының жалақыларын өсірмей, кодекс ережелерін орындамай отыр дейді жұмысшылар.

Қазақстанда соңғы кезде жалақы өсіруді талап еткен мұнайшылар ереуілі жиіледі. Өткен аптада Қызылорда облысында «Қуат Амлон Мұнай» компаниясының 300-ден астам жұмысшысы жалақы өсіруді талап еткен. Оның алдында Ақтөбеде мұнайшылары жұмыс беруші компанияға сондай талап қойған.

Жанболат Мамай:

БАЙБЕКТІ тас-талқан ҚЫЛАМЫН!

Назарбаевтың «Нұр Отандағы» бірінші орынбасары Бауыржан Байбек біздің шынайы деректерге негізделген зерттеу фильмімізге жауап қатты. Осы уақытқа дейін үн-түнсіз отырған, бірде-бір сынға жауап бермей келген Нұрсұлтанның кластасының ұлы бұл жолы жанын қоярға жер таппай, әбден ақталды. Ініне су толған саршұнақ сияқты болды.

Неге? Себебі біз оның дәл жанды жерінен ұстап, ақиқатты ақтарып салдық. Егер біздің келтірген мәліметтеріміз жалған болса, Байбектің шымбайына батпаса, ол «нұротандық» бұрынғы депутат, билікшіл блогер Бердоңғаровқа 1,5 сағат бойы ақталар ма еді? Жоқ, әрине. Бұрын қалай ел қазынасын тасада отырып тонады, тура сол жұмысын жалғастыра берер еді. Бірақ бұл жолы біздің келтірген деректеріміз, біз айтқан шындық оның жемқорлығын әшкереледі, бет-бейнесін ашық көрсетті. Жылтыраған шенеунік шын мәнінде қазақтың қазынасын талан-тараж етіп, туған-туысы мен жақындары арқылы елді тонап отырған әккі ұры екенін жұрт көрді. 

Байбек блогерге берген сұхбатында тек өзіне ыңғайлы сұрақтарға ғана жауап береді де, нақты фактілер мен дәлелдерге келгенде ат-тонын ала қашады. Біздің ашық дереккөздерден келтірген мәліметтерімізге жауап беруге тырысады. «Ұзын құлақ» деп аталатын Телеграм-арнаны «анонимді, өтірік ақпарат таратады, соны Жанболат Мамай ашық қолданып отыр» дейді.

Ал дәл осы Телеграм-арнаның артында кім тұр? Оны Байбектің бастығы – Назарбаевтың «бұлбұлы» деген атағы бар, оның бұрынғы кеңесшісі Ертісбаев жайып салды. Бұл арнаның артында басқа емес, президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұр дейді. 

Онда бірінші кезекте Тоқаевты сотқа тартсын. «Тоқаев жалған мәлімет таратып отыр» деп, жаһанға жар салсын. Біздің пайдаланып отырғанымыз тек қана бұл арнадағы мәліметтер емес. Одан алғанымыз бер жағындағы ақпарат. Негізінен, Байбектің отбасының кәсібі туралы деректі өзіміз іздеп таптық. 

Мысалы, оның әпкесінің компаниясы «Арай Медиа груптың» мемлекеттік тапсырыс алатынын аштық. Оның келісім-шарттары, құжаттары толық көрсетілді. Оның әке-шешесінің аяқ астынан кәсіпкер болып, ірі бизнес орталықтарға ие болып отырғанын айттық. Соны Байбек жоққа шығара ала ма? Қолынан келмейді. Себебі біздің қолымызда нақты құжаттар мен деректер бар.

Қарағандылық Ахметовтар отбасы туралы Байбек жұмған аузын ашқан жоқ. Біздің мәліметімізше, олар Бауыржанның бизнесіне шартты түрде иелік етіп отырған адамдар. Ағайынды Ахметовтар мен Байбектің туысқандарының ортақ бизнесі туралы да деректер көрсетілді. Соның біріне Бауыржан жауап таба алған жоқ. 

Байбектің тағы бір өтірігін әшкере етейік. «Нұротаншыл» блогерге берген сұхбатында ол «қалай миллиардер боламын, Алматыны дамыту бюджеті небәрі 150 миллион доллар болды жыл сайын» деп отыр. Ал енді шындыққа қарайық. Алматының тек қана 2016 жылғы даму бюджеті сол кездегі доллар бағамымен 530 миллион долларды құраған.

Бауыржан, егер сен шынымен ақталғың келсе, мен саған мынадай талап қоямын: Алматыны 4 жыл басқарған уақыттағы қаланың бюджетін толық ашып көрсет. Оның даму бюджеті мен республикалық бюджеттен бөлінетін трансферт көлемін жария ет. Әрбір тиын қайда және қалай жұмсалды? Жол салуға қанша ақша кетті? Көшелерді жөндеуге қанша қаржы аударылды? Сонымен бірге қала әкімінің әрбір жарлығы мен шешімдерін, құрылысқа берілген рұқсат құжаттарын, әрбір нысанды салуға бөлінген қаржыны жарияла. Міне, сол кезде қала бюджетінен қанша қаржының қолды болғанын біз нақты көреміз. Соны жасай аласың ба, Бауыржан? 

Алматының әкімі болып тұрған кезде Қазақ ұлттық университетінің 72 сотық жерін қалай бөліп бергеніңді де ел біледі. Дәл қазір осы мәселе төңірегінде де дау болып жатыр. «Рахат» базарының жерін Ахметовтарға қалай бердің? Осы туралы ашық айт. 

Тағы бір өтірігіңді ашайын. «Есентай-Сити» құрылысын жүргізу барысында алма бақтары оталған жоқ депсің. Бауыржан, сенің алаяқтығыңда шек жоқ екен. Сол кезде шыққан «Караван» сайтындағы мақаланы назарыңа ұсынамын. 2017 жылы көктемде Есентайдың батыс жағалауында 46 гектар жерде «Есентай-Сити» жаңа ықшамауданының құрылысы басталды. Тура сол кезде журналистер алма бақтары оталып, жердің қазылып қойғанын көрсетті. Дәл осы жерде зәулім үйлер мен кеңселер бой түзеді. Ал сол кезде қаланың әкімі кім еді? Өзің болдың ғой! 

Бауыржан, сен қорыққаныңнан Назарбаевтың сотының артына тығылмақшысың. Қазақстан сотының әділдігіне елде бір адам сенбейді. Сендердің қол астыңдағы сот қашан әділетті шешім шығарып еді? Соңғы кезде Қазақстанда жемқорлығы үшін 46 соттың жұмыстан шығарылғаны туралы мәліметті ресми органдардың өзі жариялады. Қазақстанда әділ соттың жоқтығы туралы халықаралық ұйымдардың барлығы ашық айтып отыр. Сенің бастығың Назарбаев қалай айтса, солай шешім шығаратын әділетсіз соттың тасасына тығылып, мені қудалауға ұшыратпақшысың. Ол әрекетіңнен мен қорықпаймын!

Сен енді райыңнан қайтпай, сотыңа шағымдан. Мен сол сотты сені және Назарбаевты, «Нұр Отанды» толық әшкерелеу үшін мінбер ретінде пайдаланамын. Жаңаөзенде оқ атуға жауапты екендеріңді бүкіл Қазақстан және әлем естиді. Сендердің жемқор әрі ұры екендеріңді ашық мәлімдеймін, әрі соны дәлелдеймін. Жерді сатып, Отанға опасыздық жасап жатқан ұлт сатқындары екендеріңді жария түрде айтамын. Сенің сотың қандай шешім шығаратыны маған белгілі. Бірақ халық менің жағымда болады. 

Бауыржан, бұл соттың алдында ашық екеніңді дәлелдегің келсе, менімен тікелей эфирде дебатқа шық. Елдің тағдыры, жәр мәселесі, Назарбаев пен «Нұр Отан», сенің жемқорлығың туралы ашық пікірталасқа шығайық. Мен сенің тас-талқаныңды шығарамын. Сендердің билігің мен партияларың айтып келе жатқан өтіріктеріңнің арты бір тұтам екенін өзің көресің сонда. 

Камера ғана емес, халықтың алдында пікірталасқың келсе, мен сені 24 сәуір күні сағат 12.00-де Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңына шақырамын. Елдің алдында дебат өткізейік. Жердің тағдыры шешілгелі тұр. Сендердің партияларың жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру туралы заңды мәжілісте мақұлдады. «Нұр Отан» Отанына опасыздық жасап отыр қазір. Елдің сендер туралы пікірін естіңдер, біліңдер. Ашық түрде пікірталас өткізейік. 

Байбек, сен мені «журналистік зерттеу жүргізгенше, «дворник» болған жақсы» депсің. Мен саған былай айтамын: сен сияқты жантық әрі жағымпаз болғанша, адал еңбек етіп, көше сыпырушысы болған шынында да артық. Көше сыпыру – адал еңбек, қоғамға, елге пайдалы жұмыс.

Мен саған бір мәселені айтайын: сенің партияң өткен жылы мемлекеттік бюджеттен 8 миллиард теңгеге жуық қаржы алды. «Нұр Отаннан» заңсыз түрде депутат болып отырған мешкейлерге мемлекет қазынасынан айына 8 миллион теңге шамасында ақша жұмсалады. Осы уақытқа дейін бітірген түк істерің жоқ. Халыққа қарсы заң қабылдап, парламентте ұйықтап отырғаннан басқа не бітірдіңдер? Жерді сатып, Отанға опасыздық жасап жүрген депутаттарға осынша қаржы жұмсағанша, адал еңбек етіп жүрген ұстаздарға, дәрігерлерге, күндерін әрең көріп жүрген зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға сол ақшаны берген әлдеқайда дұрыс болар еді. 

Ал сенің қазіргі жұмысың не? Бір адамға жағымпаздану, соның туфлиін жалау – өте жиіркенішті іс. Сол туралы да жақсылап ойлан. Бұлай масқара болып жүргенше, кәсібіңе орал, Алматы облысының мектебіне орналасып, музыкадан сабақ бер. Ұрлағаныңды елге қайтар. Сонда ғана халықтың алдында бетің ашық болады. Ал дәл қазір сен нағыз «саяси өліксің». Сенің саяси қызметің әкеңнің кластасы Нұрсұлтанның билігімен ғана өлшенеді. Соны біліп қой! 

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн