Несіпбек АЙТҰЛЫ Тәтті іздеген ТАҢДАЙЫМ

Сөз тәттісі – ақынның тілі ұшында, 

Май тәттісі – қарынның құрышында. 

Жарқанаттың ұясы – жарқабақта, 

Ұлар құстың мекені – ұлы шыңда.

Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ, 

Әлімсақтан алысып, жұлысуда.

Тәтті іздеген таңдайым удай ашып, 

Өрт шалқиды өмірдің тынысында. 

Замананың бұралаң, бұрысында 

Құламауға әркім де тырысуда.

Қу дүние қойсын ба қағыстырмай, 

Бірі сырғып қиядан, бірі ұшуда.

Барған сайын қар жауып қабағынан, 

Арқа-басы уақыттың құрысуда.

Өткенді айтсам, өксік тұр көмейімде, 

Теке қойдық кірменің шыбышын да. 

Шашым кетті ұстаған уысында, 

Басым кетті сілтеген қылышында.

Тектілердің тұқымы тозып бітті 

Түрме менен көшенің бұрышында.

Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз, 

Әзірейіл батыс пен шығысымда.

Үрейленем қалғандай үміт үні 

Қыстаудағы қурайдың дыбысында. 

Аққан жылдар сынаптай жылысуда, 

Қобыз мойын аққуым құнысуда.

Ел тағдырын біреулер шешкенсиді 

Қолын малып отырып жылы суға. 

Қалыңдаса көпшігі қопаңдайды, 

Мұршасы жоқ жайыңды ұғысуға. 

Жанға жинап жандайшап, туысын да, 

Түзу жүрген жақсымен суысуда.

Ұлтарағын ұялмай туға байлап, 

Ұлық қылды қарақшы, ұрысын да. 

Ел азғаннан ер азған сорақы екен, 

Өлсең көрмес үңгірдің қуысында. 

Бүйткен тірлік, ағайын, құрысын да,

Қашқаннан соң құтың да, ырысың да. 

Сорпадай боп сорымыз сарқылдайды, 

Толып бермес тажалдың ыдысында.

Ерні жалақ ұрпағың ертең тағы, 

Жалға жүрер жуанның жұмысында. 

Ашық аспан астында адасарсың, 

Жол таппасаң есіңнің дұрысында.

·        

 

Тоқаев өз адамдарын ТАҒАЙЫНДАУДЫ БАСТАДЫ МА?

  • Бұған дейін Қазақстан президентінің кеңесші болған Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

2009 жылғы қарашадан бастап, 2013 жылғы желтоқсанға дейін Жамбыл облысын, 2016 жылғы наурызға дейін Павлодар облысын басқарған, одан кейін энергетика министрі болған Қанат Бозымбаев саяси истеблишментте президент Тоқаевтың «өз адамы» саналады. Егер «Нұр Отанның» саяси кеңесінен кейін партияның тізгінін өз қолына алған президент маңызды посттарға өз кадрларын тағайындай бастаса, елдегі бір өзгерістің нышанын сезуге болады.

«Маңызды пост» дегенде, Алматы облысын басқару барлық аймақтардың ішінде ең күрделісі. Себебі Алматының төңірегіне топтасқан кландар Амандық Баталовқа дейінгі әкімдердің адымын аштырмай қойған. Мұндағы Қаскелең мен Ұзынағаш аймағын толықтай Болат Назарбаевтың кланы бақылайды; облыстың Талдықорғаннан арғы жағы Найман жігіттердің «еншілігінде»; Талғар мен Есік өңірін ала-құла болса да, азулы топтар бөліп алған; Нарынқол-Кеген аймағын Албан ағайындар уысынан шығармайды.

Міне, осындай «қақтығыстар» ортасында ешқайсысына дес бермес әкім болу – екінің бірінің қолынан келмейді. Соңғы алты жылдан астам уақытта осы «майданды» Амандық Баталов басқарып, облысты аймақтар арасындағы рейтинг сайысында үшінші орыннан түсірмей келген еді.

Енді бұл «жазылмаған» міндетті Бозымбаев «бала» қалай атқарады – мұның жауабы уақыттың еншісінде. Егер президент Тоқаевтың «атқа қонғаны» рас болса, Бозымбаев бұл өңірді «боздатуы» керек. Ал егер тағы сол баяғы мыртың мен тыртыңда қалса, алматылық кландар қазірдің өзінде Қанат «баланың» қанатын қайырудың қамына кірісті дей беріңіз…

Ермұрат БАПИ

ПРЕЗИДЕНТ бір шындықты МОЙЫНДАДЫ

  • Азаматтардың қарыздары мен қаржылай проблемалары әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін, деп санайды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін», – деді Тоқаев өткен жұма күні Алматыда қаржы саласының өкілдерімен кездесу барысында.

ҚазТАГ

 

МАКС ПЕН ӘЛНҰР кооператив құрады…

  • Кеше – 24 қарашада азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әлнұр Ильяшев онлайн баспасөз конференциясын өткізіп, Еуроодақ юрисдикциясында кооператив ашу идеясын талқылады.

Идея авторы – Макс Боқаев. Ол Қазақстанда азат ойлы азаматтардың бірігуіне, құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері болмаған соң, осындай қадамға барып отырғанын айтты.

«Германиядағы кооперативтер қауымдастығының бірімен хат алмасқанымда, кез келген шетел азаматының ол жерде кооператив ашуға құқығы бар екенін білдім. Еуропада тіркелген кооператив арқылы қазақстандықтардың мүддесі мен құқығын қорғап, Еуроодаққа лоббистік жұмыс жүргізуге болады. Мәселен, көліктердің утилизациялық алымына қатысты Еуроодақ арқылы Қазақстан үкіметіне ықпал етуге болады. Өйткені Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше», – деді Макс Боқаев.

Оның сөзін қоштаған Әлнұр Ильяшев та қазіргі жағдайға қамалып қалмай, одан шығудың бір жолы – шетел юридиксициясын пайдалану керек деп санайды. «Назарбаев пен оның отбасы офшордың юрисдикциясын ұтымды пайдаланып отыр. Біз азаматтарға виртуалды эмиграция ұсынамыз. Оның экономикалық та пайдасы бар», – деді Ильяшев.

Боқаевтың айтуынша, Германияда кооператив құру үшін үш құрылтайшы жеткілікті. «Осы ойды жүзеге асыру үшін бізге бастамашыл топ керек. Біз олардың арасынан үш адамды іріктеп алып, Еуропаға жібереміз. Алдымен сол жерде құжаттармен танысу керек. Бірақ қойылатын талап бар: ол адамдар азаматтық белсенділігімен көзге түсуі тиіс және шет тілін білуі керек. Себебі оларға қосымша аудармашы жалдауға да қаражат кетеді. Кооператив мүшелері жарна төлейді. Ол ашық және оны Қазақстан жүйесінде үйреніп қалғандай ешкім ұрламайды, Германия банктерінде жиналады. Ревизиялық комиссия тексеріп тұрады», – деді ол.

Боқаевтың айтуынша, Қазақстанда қандай да бір қоғамдық ұйымды тіркету үшін кедергі көп және әдетте соңы аяқсыз қалады. Ол оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың кезінде ҚДТ партиясын тіркете алмағанын, қазір Жанболат Мамайдың өз партиясын тіркете алмай жүргенін мысал етті. Тіпті өзінің де үкіметтік емес ұйымын 2013 жылы алты ай жүріп әрең тіркеткенін, ал биыл жыл басында парламент сайлауы қарсаңында Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро мен «Қадір-қасиет» және өзге де бірқатар ұйымдардың ірі салық тексеруіне іліккенін айтты.

Макс Боқаев пен Әлнұр Ильяшевке Қазақстанда сот шешімімен қоғамдық ұйымдарға мүше болуға, жиындарға қатысуға тыйым салынған. Оларға өзге де шектеулер қойылған. Осыны еске алған Боқаев оны айналып өтудің бір жолы ретінде шетелде құрылатын ұйымға мүше болатындарын мәлімдеді. «Өте өкінішті, бірақ өз құқығымызды қорғау үшін, осындай әрекетке баруға мәжбүрміз», – дейді Макс Боқаев.

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн