Ойлан, ҚАЗАҚ!

Одыраңдаса орысың, қоқиланса қытайың,

Тоналғаны намысың, жоғалғаны ұпайың.

Келімсектер қопарса жердің астын, жер үстін,

Жүргенсің ғой аңғармай жайын оң мен терістің.

Әлпештеген ұл-қызың кетіп жатса шетелге,

Қаның менен теріңді төккенсің ғой бекерге.

Кім көрінген еліңде жүрсе сені басынып,

Есті емессің, есерсің езге айналған, осыны ұқ!

Желіккендер жеріңе құсып-тышып, ластаса,

Ата-баба үлгісі өзгергені басқаша.

Жарқылдағы жат жұрттың көздің алдын тұмшалап,

Өзге тілде сөйлесең, өз тіліңді қор санап,

Маймыл сынды мәз болсаң қылығына өзгенің,

Ойың жұтап, ес кеміп, киерің хақ таз кебін.

Мансап қуған көбейіп, адал жандар азайып

Жатқан болса, осыдан артық не сөз жазайық?!

Қандастарың қи жинап, құмар болса байлыққа,

Тұлға болам деймісің қандай елге, қай жұртқа?!

Айтсам деймін жырымды сөзді тыңдар құлаққа,

Қазір жылап жүрсең де, ұрпағыңды жылатпа!

Ақылбек ШАЯХМЕТ

 

«Қазақтелекомда» ТОЛҚУ ТУДЫ

  • ШҚО Шығыс РТТ «Қазақтелеком» компаниясының қызметкерлері жалақының 100% өсуін талап етуде, деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Біз, Шығыс Қазақстан облысының Шығыс РТТ «Қазақтелеком» АҚ-ның төменде қол қойған қызметкерлері, біздің Қарағанды, Атырау және Жамбыл TUSM-дегі әріптестеріміздің дәлелдерімен келісеміз және олардың жалақыны лайықты деңгейге көтеру қажеттілігі туралы талабын қолдаймыз. Шығыс Қазақстан облысы қолайсыз экологиялық жағдай екенін барлығы біледі, бағалау жүйесі бұл аймақта өмір сүрудің ерекшеліктерін қарастырмайды. Аймақтық жалақы коэффициенттері жоқ. Шығыс Қазақстан облысы мен оңтүстік аймақтардың климатындағы өмір сүру құнын салыстырыңыз», – делінген Avaaz.org ресурсында жарияланған үндеуде.

Олардың айтуынша, компанияның 25%-дан астам акциясы «шетелдік оффшорлық компанияларға тиесілі, салықтар басқа елдерде төленеді».

Петиция ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке, «Қазақтелекомның» басқарма төрағасы мен директорлар кеңесінің төрағасына жолданды. Жарияланған кезде петиция 800-ден астам қол жинады.

ҚазТАГ

 

САЙРАГҮЛ ТАҒЫ ДА халықаралық сыйлық алды

  • Қазақстаннан саяси баспана бұйырмай, отбасымен бірге Швецияны паналап кетуге мәжбүр болған Сайрагүл Сауытбай «Нюрнберг адам құқығы» сыйлығымен марапатталды. Бұл – Сайрагүл Сауытбайдың халықаралық деңгейдегі екінші сыйлығы.

Бұған дейін – былтырғы наурызда Сайрагүл Шыңжаңдағы репрессия туралы берген батыл түсініктемелері үшін АҚШ мемлекеттік департаментінің «Халықаралық батыл әйел» (Annual International Women of Courage) сыйлығына ие болған еді.

Өз еліне өгей болып, Швецияда босқын атанған қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайға телефон арқылы хабарласып, марапатымен құттықтап, оның қуанышын елге жеткізуге асықтық.

– Хабарласып, құттықтап жатқан «ДАТ» газетіне мың алғыс! – деді бізге Сайрагүл. – Ақпанның 28-інде қуанышты хабарды естігенде, қатты қуандым. Бұл марапаттың ең маңызды мағынасы – «Нюрнберг» деген атауында тұр. Өйткені екінші дүниежүзілік соғыста геноцид жүргізген фашистерді жазалайтын сот – Германияның осы Нюрнберг қаласында өткен. Сондықтан бұл марапат осы атымен де аса маңызды тарихи символдық сипатқа ие. Осыдан-ақ Қытай үкіметіне күшті сигнал берілді деуге болады.

Осы марапат арқылы Қытай компартиясының Шығыс Түркістанда жүргізіп жатқан геноцидтік саясатына қарсы Еуропа елдерінің қолдауын сезіндім. Еуропа мемлекеттерінің Қытайдағы геноцидтік жауыздыққа қарсы нәтижелі жұмысына сенімім артты. Бұл – Батыс елдерінің Қытай үкіметіне берген соққысы деп санаймын. Халықаралық «Нюрнберг адам құқығы» марапаты – өз басын қауіп-қатерге тігіп, қудалауға тап болған ұлттарды құтқару үшін күрескендерге берілетін сыйлық. Сыйлықты беретін бағалау комиссиясы жан-жақты зерттеу, сараптау жүргізу арқылы мені осы марапатқа лайық деп санаған, сөйтіп комиссия мүшелері бірауыздан дауыс беру арқылы бұл марапатты маған беруді бекітіпті.

Марапаттау рәсімі қалай өтті?

– Бұл рәсімде Нюрнберг қаласының мэрі Маркус Кенигке мырза менің бастан кешкен азапты күндерімді және Шығыс Түркістандағы мұсылмандардың азап шеккен тағдыры туралы айтты. Мақтанғаным емес, қала басшысы менің «адам таңданарлық батылдығымды» атап өтті. Бағалаушы қазылар алқасының мүшесі Хилал Элвер мырза: «Сізге берілген бұл марапатпен әлемдегі қауіп төніп тұрған барлық аз ұлттардың жағдайына назар аудару маңызды екенін білдіреміз. Азшылықтағы халықтың азап шегу мәселесін шешу ісінде маңызды роль атқарған батыл әйелдерге мүмкіндік бергіміз келеді. Сауытбай ханым марапатқа өте лайық. Ол этникалық азшылықтағы елдің азап шегуіне баса назар аударды», – деді.

Ал бұл халықаралық сыйлық сіздің алдағы күресіңізге қалай әсер етпек?

– Бұл күресте мен жалғыз емеспін, халықаралық ұйымдар мен Батыстағы саясаткерлер бізді қолдап келеді. Бұл үлкен сыйлық менің ғана емес, Еуропадағы, АҚШ-тағы, Түркиядағы, Қазақстандағы және жер-жердегі барлық саясаткерлер мен ұлт азаттығы жолында тоқтамай күресіп келе жатқан барлық ақиқат сүйгіш азаматтардың ортақ жеңісі! Қытай үкіметінің геноцид саястына қарсы халықаралық қауымдастықтан ауыр соққы берілетініне сенемін. Шығыс Түркістандағы жазықсыз зардап шегіп жатқан бауырларымыздың аман-есен бостандыққа шығып, отбасымен қауышатын күндері алыс еместігіне сенімім кәміл, үмітімізді үзбейік!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

«Біздің Борат» та СЫЙЛЫҚ АЛДЫ

  • Режиссер Джейсон Уолинердің «Борат-2» фильмі «Алтын глобус» сыйлығының «Ең үздік комедия/мюзикл» номинациясын жеңіп алды. Сыйлықты тапсыру рәсімі 28 ақпанда АҚШ-та өтті. Фильмде басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн де «Ең үздік комедия рөлін» сомдаушы ретінде марапатталды.

Былтыр жыл соңында жарыққа шыққан «Борат» комедиясының жалғасы Қазақстан мен шетелдегі қазақстандықтар арасында алдыңғысындағыдай әртүрлі реакция туғызған еді. Онда ойдан шығарылған қазақстандық журналист Борат Сағдиевтың хикаялары баяндалады. Екінші бөлімде бас кейіпкер коронавирус пандемиясы кезінде АҚШ-қа оралып, «вирусты жеңіп», ондағы саяси оқиғаларды бақылауға тырысады.

Бұл фильм туралы интернетте ақпарат шыққаннан кейін, Қазақстанда фильмге қарсы бірнеше акция өтті. Қазан айында кейбір жастар ұйымдары «Борат» комедиясының тарауына тыйым салуды сұрап, АҚШ-тың Алматыдағы консулдығына петиция тапсырған. Кейбір желі қолданушылар «Борат» фильмдеріне емес, мұнда айтылатын Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы петиция жазу керек дейді.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн