ПУТИН ҮҢГІРДЕ ОТЫР, Байден әлемді шарлап жүр

Байден (сол жақта) мен Зеленский (оң жақта) Киевте. 20 ақпан, 2023 жыл.

  • АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы соғыстың бір жылдығы қарсаңында Киевке барды. Оның Украинаға сапары бұған дейін хабарланбаған. Байденнің Киевке сапары туралы қазірге дейін не мәлім?

«Бүкіл әлем Ресейдің Украинаға қанды басқыншылығының бір жылдығына дайындалып жатқан тұста президент Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келдім. Осы сапарым арқылы демократияны, Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін толық қолдайтынымызды көрсеткім келеді», – деді Байден мәлімдемесінде.

«Бір жылдай бұрын Путин басқыншылығын бастағанда, Украина әлсіз әрі Батыс екіге жарылған деп ойлады. Ол бізден басым түсем деп ойлады, бірақ ол оңбай қателесті» деді АҚШ басшысы. Сөзінің соңында Байден «АҚШ Украинаны қанша қажет болса да қолдай береді», – деп сөзін аяқтады.

Байден Киевке сапары кезінде Украинаны Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғайтын артиллериялық қару, танкіге қарсы және ракетадан қорғайтын жүйе беретінін, Ресей элитасы мен компанияларына жаңа санкция салатынын мәлімдеді.

Жазықсыз қазақ қызы

ҚЫТАЙДА ҚАМАЛДЫ

  • Қытайдағы «қайта үйрету» лагерьлерінің бірі.

  • Қытайдың Үрімжі қаласында күштік құрылымдар журналист Жанаргүл Жұматайды ұстады, деп жазды Eurasianet сайты. 47 жастағы Жанаргүл Жұматайды полиция 10 ақпанда әпкесінің үйінен ұстап әкеткен, деп жазды журалистпен жиі хабарласып тұрған дат ғалымы Рун Стинбергке сүйенген басылым.

Дат ғалымы Eurasianet басылымына Жанаргүл мен полиция қызметкерлері арасында ұстауға дейін болған телефон әңгімені жіберген. Жазбада Жанаргүл Жұматай компартия мүшелерінің үйіне келгенін қаламайтынын айтып, оның мазасын алмауды өтінген.

Жанаргүл Жұматай бұған дейін тарихи отаны Қазақстанға кеткісі келетінін мәлімдеген. Стинбергтің айтуынша, ол елшілік арқылы және Қазақстанда тұратын туыстары арқылы елге келуге мүмкіндік беретін құжат алуға тырысқан. Ол бұрын Қазақстанда тұрып, мемлекеттік арнада жұмыс істеген.

Жанаргүл Жұматай Қытайда бұрын да қуғынға ұшыраған. 2017 жылы ол «саяси тәрбиелеу лагеріне» қамалған. Шыңжаңда байырғы халық өкілдерін оқшаулау үшін қолданылатын мұндай лагерьлер сұмдығын көрген куәгерлер онда қысым мен азаптау барын айтқан. БҰҰ мәліметінше, 2018 жылы миллионнан астам адам «лагерьде» отырған. Тұтқындардың басым бөлігі – ұйғырлар.

2019 жылы «лагерьден» босап шыққан Жанаргүл Жұматай биліктің жіті бақылауында болған. Биыл қаңтарда билік оған өз еркімен психиатрия клиникасына жатуды ұсынғанын, келіспесе, түрмеге жабатынын айтып қорқытқанын жеткізген. Ол Қазақстанға барғысы келетінін мәлімдеген.

Қытай билігіне экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі әзірше Жанаргүл Жұматайдың ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. Бұған дейін ресми Астана Шыңжаңда байырғы түркітілді халықтың қудалануы мәселесін Қытайдың «ішкі ісі» деп атаған.

Azattyq.org

«МЕТРО» ГАЗЕТІ тегін таратылады

 «Достар, қуанышты жаңалықпен бөліскім келіп отыр! Жаңадан «МЕТРО» газетін шығара бастадық. Газеттің алғашқы 12 мың данасын Алматы метросында, сонымен қатар танымал супермаркеттердің сөрелерінен тегіннен-тегін ала аласыз. Мен үшін бұл айрықша маңызға ие жағдай. Мен оқитын ұрпаққа сенемін және біз оқу өнерімізді жоғалтпауымыз керек деп санаймын!» – деді газетті шығарушы, ҚазТАГ агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Әсет Матаев.

«Адамдар технологиядан шаршауы мүмкін, бірақ білім мен қажет ақпараттан емес. Редакция сіздер үшін қазақ, орыс тілдерінде жаңалықтар, талдау және әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тақырыптарға шолу әзірлейтін болады, кейін ағылшын тілінде дайджест шығатын болады. Бізге сәттілік тілеп қойыңыздар!» – деді Матаев.

ДАТ-ақпарат

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн