ҚИҚУ САЛМАЙ ХАЛЫҚ ТҰРМАС

Несіпбек АЙТҰЛЫ

Қайда барсаң, қайыршылық, қайда барсаң қудалау,

Шық тамызбас таңдайыңа мына заман тым қарау.

Керісерге толып жатыр, сенісерге – табылмас,

Қараңғылық бетін жапса, күндізгі дос – түнде жау.

Қиырына көз жетпейтін осыншама кеңдіктен,

Іздегенмен таптырмай тұр еркін тірлік ел күткен.

Қанды қолды қарақшы мен ұры-қары көбейіп,

Ит пен құстың жемі болды азын-аулақ мал біткен.

Мүсәпір мен мұңлықтарды құдай өзі сақтайды,

Қой қораға қасқыр шапса, үрген төбет жатпайды.

Қара суға қарны тойған кедей қатты ұйқыда,

Түн ұйқысы төрт бөлінген байдың асы батпайды.

Зауал келсе, қарамайды, кім болсаң да жалмайды,

Қысылғанда қусырылып, жалмауызға жан – қайғы.

Қиқу салмай халық тұрмас қазынасы тоналса,

Патша қолы таза болмай жұртта маза болмайды.

Көмейдегі қызыл тілді бұлбұл құстай сайраттым,

Сөзін айттым суырылып, биіктегі байрақтың.

Тиген жерін осып түсер қасапшының пышағы,

Өткір біткен дән разы қызметіне қайрақтың.

Бал шарапқа балқуменен бос жүргенше масайып,

Қайрақ құсап ел намысын қайрап тұрсақ несі айып?

Тірі жан боп туғаннан соң арпалысқан өмірге,

Тым болмаса, туған елге бір жақсылық жасайық!

·        

ЕРЕУІЛШІЛЕР Тоқаевқа жүгінді

Ақтөбедегі «КМК-Мұнай» компаниясының ереуілшілері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу тастады, – деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Біз Ақтөбе облысының Темір ауданында орналасқан «KMK-Мұнай» компаниясының қарапайым жұмысшыларымыз. Біздің сізге жүгінуіміздің себебі – сізден адал еңбекпен табатын жалақымызды 100 пайызға көтеруді сұраймыз. 12 қаңтарда біз компания мен облыс басшыларына жалақыны көтеру туралы өтінішпен жүгіндік, бірақ олар біздің талаптарымызды орындағысы келмейді», – дейді жұмысшылар дүйсенбіде әлеуметтік желілерде таратылған видео үндеуде.

Жұмысшылардың айтуынша, компанияның жалақыны көтеруге мүмкіндігі бар.

«Біздің компания – Ақтөбе облысындағы жетекші компаниялардың бірі. Біз мұнай өндіру бойынша жоспарларды жыл сайын асыра орындаймыз, бірақ жұмысшылардың жалақысы басқа мұнай компанияларымен салыстырғанда өте төмен. Енді пандемия кезінде азық-түлік бағасы бірнеше есе өсті, біздің жалақымыз несиені жабуға да, азық-түлікке де жетпейді… Сізден осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз. Біз жұмысқа 25 қаңтардан бастап бармауға шешім қабылдадық. Біздің барлық талаптарымыз заңды», – деп сұрады жұмысшылар.

Сейсенбі күнгі келіссөз кезінде “КМК-Мұнай” компаниясының президенті Ван Цзиньбао мұнайшылар жалақысын 20 пайызға көбейтуге әзір екенін айтқан. Бірақ жұмысшылар бұған келіспеген. “Біз 20 пайызға келіспейміз! Талаптарымыз толық орындалмайынша, жұмысқа шықпаймыз!” – деп хабарлады «Азаттыққа» Көкжиде кенішінде екі күннен бері ереуілдетіп тұрған мұнайшылар.

Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға көбейтуден өзге жұмыс берушіге тағы бірнеше талап қойған. Мұнай ұңғымасына жақын тұрған ескі жатақхананы кеніштен аулақтау жерге көшіріп, жұмысшылар асханасындағы ас мәзірін жақсартуды сұрайды.

“Ас мәзірінен етті көруден қалдық. Беретіндері өкпе-бауыр мен суға бөктірілген қара құмық, макарон. Қысы-жазы ауыр жұмыс істеп, далада жүретін адамға құнарлы тамақсыз тіпті қиын”, – дейді аты-жөнін атағысы келмеген ереуілшілердің бірі.

Мұнайшылар кәсіподақ жұмысын жандандыруды да талап етіп отыр. “Құқығын не жұмыс беруші, не кәсіподақ, не болмаса атқарушы билік қолдамайтын ереуілшілерге қысым жасалмасын!” – дейді мұнай-газ өндірісінің операторы Ерболат Оразбаев.

Оразбаевтың сөзінше, жалақыға, жұмыс жағдайына байланысты наразылық айтқандарға басшылар “аттестациядан өте алмай қаласың”, “орынды босат”, – деп қысым көрсетеді.

Еске салсақ, “КМК Мұнай” – Ақтөбе облысындағы кеніштерге иелік ететін қытайлық ірі мұнай өндіруші “СНПС Ақтөбемұнайбен” еншілес компания. 400-ге жуық адам еңбек ететін компания 2004 жылы құрылған. Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай кеніштерінде мұнай өндіреді.

«ДАТ-ақпарат»

«НОД» ноқталана ма?

  • Ютубте «Тіл майданы» арнасында өскемендік Қуат есімді азамат ел тәуелсіздігін мойындамайтын НОД (Национально-освободительное движение) ұйымының ашылғанын мәлімдеді,- деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қуаттың айтуынша, орталық офисі Мәскеуде орналасқан НОД ұйымы Өскемен қаласында ашылған. Ұйым өкілдері қала ішінде арнайы парақшалар таратып, өз қатарына жақтастар тартуды бастапты. Әлгі парақшада «ҚазССР», «СССР» деген сөздерді қолдана отырып, «мен өз еркіммен 1991 жылы КСРО азаматтығынан шыққан жоқпын. ҚР азаматтығын өз еркіммен алған жоқпын» делінген. Бұл туралы бейнеүндеу жолдаған Қуат НОД-тың бұл әрекетін сепаратистік әрекет деп құзырлы органдарға үндеу жариялады.

Аdyrna.kz

КОВИДТЕН ҚАЗА ТАПҚАН медқызметкерлер марапаттала ма?

Қазақстан Республикасы парламентінің сенаторлары Ақылбек Күрішбаев пен Мұрат Бақтиярұлы

премьерминистрдің орынбасары

Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдап, коронавирус індетінен қаза тапқан дәрігерлерді марапаттау мәселесін көтерді (мәтіні ықшамдалып жарияланып отыр). 

Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының атына Нұр-Сұлтан қаласының ШЖҚ «№5 қалалық емхана» МКК директоры Алтыншаш Табулдинадан хат келіп түсті. Хатта директор COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы жағдайында, әсіресе оның алғашқы кезеңдерінде халыққа көмек көрсету барысында инфекция жұқтырған медицина қызметкерлері болғанын, өкінішке қарай инфекция салдарынан олардың арасында өлім жағдайлары да тіркелгенін хабарлайды. 

2020 жылы 15 шілдеде ҚР президенті қайтыс болған 42 медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттаған, алайда, COVID-19 коронавирустық инфекциясы салдарынан қайтыс болған көптеген дәрігерлер мен медицина қызметкерлері осы мемлекеттік наградалармен марапаталмағандықтан, медициналық қауымдастық, сондай-ақ қайтыс болған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің отбасылары әділеттіліке күмән келтіруде.

Осыған байланысты, жоғарыда баяндалғанның негізінде, COVID-19 коронавирустық инфекциясы салдарынан қайтыс болған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін коронавирустық инфекциясымен күресте қызметтік борышын орындағаны және қазақстандықтардың денсаулығын сақтау бойынша қажырлы еңбегі үшін қайтыс болғаннан кейін тиісті мемлекеттік наградалармен марапаттау шараларын қарастыруларыңызды сұраймыз.

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн