Понедельник , 6 июля 2026

ҚҰРЫЛТАЙ: ТӨЛ СӨЗ БЕ, КІРМЕ СӨЗ БЕ?

Соңғы кез­дері «құры­л­тай» ата­уы қоғам­дық өмірі­міз­ге қай­та ора­лып, елдік мәсе­ле­лер талқы­ла­на­тын маңы­зды жиын­дар­дың аты­на айнал­ды. Алай­да осы сөз­ге бай­ла­ны­сты «құры­л­тай моңғол тілі­нен кел­ген» деген пікір де қатар айты­ла баста­ды. Бұл тұжы­рым тари­хи және тіл­дік тұрғы­дан мүл­де қате.

Ең алды­мен «моңғол» деген ұғым­ның өзіне назар аударған жөн. Қазір­гі мағы­на­дағы моңғол ұлты бір сәт­те пай­да бола салған жоқ. Ерте кезең­дер­де бұл атау жеке халы­қты емес, тай­па­лар одағы мен сая­си бір­ле­стік­ті біл­дір­ді. Шыңғыс хан тұсын­да «моңғол» аты­мен бірік­кен қауым­ның басым бөлі­гі керей, най­ман, қоңы­рат, жалай­ыр, мер­кіт, уақ сияқты түр­кітіл­дес тай­па­лар­дан құрал­ды. Демек, бұл атау сол дәуір­де этно­стық емес, сая­си мән­ге ие бол­ды. Тіл мәсе­лесіне кел­ген­де де осы жағ­дай ескерілуі керек. Моңғол тілі көне түр­кі тіл­дері­нен мүл­де бөлек, дер­бес баста­удан туған жүйе емес. Ол Ұлы дала кеңісті­гін­де­гі ортақ тіл­дік, мәде­ни орта­да қалып­та­сты. Ғасыр­лар бойы бір­ге көшіп-қонып, бір­дей өмір сал­тын ұстанған қауым­дар­дың тілін­де ортақ ұғым­дар мен ата­у­лар­дың болуы – заң­ды құбы­лыс. Мұн­дай сөз­дер жалғыз құры­л­тай ғана емес, хан, қаған, орда, ұлыс, түмен, қол, жасақ, қара­ша, т.б. толып жатыр. Мұн­дай сөз­дер­ді «менікі» неме­се «оны­кі» деу үстірт пікір болмақ.

Құры­л­тай сөзінің эти­мо­ло­ги­я­сы түр­кітіл­дік негіз­ден тарай­ды. Сөздің негіз­гі түбірі – құр. Бұл етістік көне және қазір­гі түр­кі тіл­дерін­де: жинау, бірік­ті­ру, ұйым­да­сты­ру, орна­ту, құрау деген мағы­на­лар­ды біл­діреді. Мыса­лы: құру, құры­лым, құры­лыс, т.б. Сөз­жа­сам­дық құра­мы: құр-+-ыл-+-тай, ‑ыл – ортақ, өза­ра жүзе­ге аса­тын әре­кет­ті біл­діретін етістік жұр­нақ; -тай – көне түр­кі тіл­дерін­де: жиын, кеңес, сал­та­нат (қазір­гі тілі­міз­де той), ортақ іс-шара ата­уын жасай­тын өнім­ді жұр­нақ. Осы­лай­ша құры­л­тай – бірі­гіп құры­ла­тын, жина­лып ұйым­да­сты­ры­ла­тын ортақ кеңес, жиын деген ұғым­ды біл­діреді. Яғни, Құры­л­тай – түр­кі тілін­де мор­фо­ло­ги­я­лық тұрғы­дан толық тал­да­на­тын төл тұлға, ал моңғол­ша хурал­тай – сол ортақ ұғым­ның моңғол тіл­дік жүй­е­ге бей­ім­дел­ген нұсқа­сы. Мор­фо­ло­ги­я­лық тал­да­уға кел­мей­ді, кел­се де мағы­наға түс­пей­ді. Олай деп айта­ты­ны­мыз моңғол тілін­де -тай/-тэй: «бар, ие» деген сын есім жұр­нағы (мөн­гөт­эй – ақша­лы, нэрт­эй – атақты) бар. Бірақ ол жиын, меке­ме, кеңес ата­уын жаса­уға тұрақты түр­де қаты­спай­ды. Моңғол тілі сөзді­гі­нен «хурал­тай» сөзін тауып алып, құры­л­тай сөзі моңғол тілі­нен кел­ді деу – ғылы­ми­лы­ққа жат.

Дәстүр­лі қазақ қоға­мын­да құры­л­тай кеңе­стің бір­не­ше түрі болған.

Ұлы құры­л­тай – ел тағ­ды­ры­на қаты­сты ең жоға­ры дең­гей­де өткізілетін жал­пы халы­қтық кеңес. Мұн­дай құры­л­тай­ға хан-сұл­тан­дар, ру-тай­па бас­шы­ла­ры, батыр­лар, билер мен ақыл­ман қари­я­лар қаты­сқан. Ұлы құры­л­тай­да: хан сай­лау, соғыс пен бітім мәсе­лесі, елдің көші-қоны, жер дауы, заң-тәр­тіп­ке қаты­сты түй­ін­ді шешім­дер қаралған. «Ұлы» аны­қта­уы­шы оның қаты­су­шы­лар ауқы­мын да, қабыл­да­на­тын шешім­нің сал­мағын да біл­діреді. Бұл – мем­ле­кет дең­гей­ін­де­гі кеңес, дала демо­кра­ти­я­сы­ның ең биік көрінісі.

Таға­нақ кеңес – бел­гілі бір мәсе­лені шешу үшін жина­ла­тын шағын, бірақ сал­мақты ақыл­да­су жиы­ны. «Таға­нақ» сөзі қазан тірей­тін үштаған­ды біл­діреді. Қазақ таны­мын­да таға­нақ – тұрақты­лық пен теңдік­тің бел­гісі. Осы­ған сәй­кес таға­нақ кеңес: аз адам қаты­са­тын, бір-біріне тірек бола­тын, сенім­ді, бай­сал­ды шешім қабыл­дай­тын ақсақал­дар мен бедел­ді тұлға­лар кеңесі болған. Таға­нақ кеңес көбіне алдын ала ой пісі­ру, үлкен жиы­нға мәсе­ле дай­ын­дау қыз­метін атқарған.

Тұрым­тай кеңес – шұғыл жағ­дай­да өткізілетін, өте шағын құрам­дағы жедел кеңес. Тұрым­тай – шағын, бірақ алғыр әрі шап­шаң қыран құс. Осы бей­не­ге сай тұрым­тай кеңес: күт­пе­ген қауіп төн­ген­де, жедел шешім қажет болған­да, уақыт тығыз шақта өткізіл­ген. Мұн­дай кеңес­ке көбіне хан­ның ең сенім­ді адам­да­ры – батыр­лар, қол­бас­шы­лар, тәжіри­белі кеңес­шілер қаты­сқан. Құры­л­тай­дың Шыңғыс хан дәуірін­де кең таны­лға­ны рас. Бірақ бел­гілі бір кезең­де кең таралған ұғым­ды сол дәуір­де ғана пай­да бол­ды деу – қате.

Көп­те­ген көне ата­у­лар бір уақыт­та ғана тарих сахна­сы­на шығып, кей­ін бүкіл кеңістік­ке жай­ы­ла­ды. Бұл олар­дың сол кез­де туға­нын емес, сол кез­де мой­ын­далға­нын көр­се­те­ді. Қазақ дәстүрін­де­гі «таға­нақ кеңес», «тұрым­тай кеңес» сияқты ата­у­лар да құры­л­тай ұғы­мы­ның ішкі дамуын дәлел­дей­ді. Мұн­дай ата­у­лар сырт­тан дай­ын күй­ін­де алы­нған жүй­е­ге емес, жер­гілік­ті қоғам­дық тәжіри­бе­ге тән. Осы тұрғы­дан алған­да, құры­л­тай­ды моңғол тілі­нен кел­ген кір­ме сөз деу – тари­хи сабақ­та­сты­қты ескер­мей­тін үстірт пайым.

Құры­л­тай – Ұлы дала­да қалып­тасқан, түр­кі дүни­е­та­ны­мы­нан шыққан, ел басқа­ру мәде­ни­етінің төл ұғы­мы. Оны осы­лай тану – тек тіл мәсе­лесі емес, ұлт­тық тари­хи сана­ны дұрыс қалып­та­сты­ру­дың да бір жолы!

Қай­рат ҒАБИТХАНҰЛЫ,

Ахмет Бай­тұр­сы­нұ­лы атын­дағы Тіл білі­мі инсти­ту­ты Лек­си­ко­ло­гия бөлі­мінің жетек­ші ғылы­ми қыз­мет­кері, ф.ғ.к.

Республиканский еженедельник онлайн