ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ 96 пайызы жұмсалды, ЕЛ ҚАРЫЗЫ ӨСТІ

  • 9 маусым күнгі мәжіліс отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова былтыр үкімет Ұлттық қор түсімінің 96 пайызын жұмсады деп мәлімдеді. Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының аударылмаған кездері болды деді ол.

«Енді жағдайды тұрақтандыру шаралары арқылы оны толтыру жағын қарастыру керек. Өкінішке қарай, Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының аударылмаған кездері болған. Бұл үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыртқы және ішкі қарызды өтеу үшін жекешелендіруден түскен қаражатты пайдалану құқығын берумен де байланысты. Мұндай практиканы жою керек. Жекелеген жағдайларда Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторындағы компанияның қаражаты республикалық бюджетке түсіп отырған. 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ пен Солтүстік Каспий жобалары бойынша әріптес компаниялардан 664 млрд теңге түскен жоқ», – деді Наталья Годунова.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекет қарызы жыл сайын өсіп барады. «Бұл тұрғыда Есеп комитеті кейінгі жылдары айтып жүрген тәуекел жүзеге асып жатыр. Қазір бұл 20,6 трлн теңгеге жетті. Жалпы ішкі өнімнің 29,4 пайызына тең, бұл концепцияда бекітілген лимит 27 пайыздан көп. 2014 жылға дейін мемлекет қарызының деңгейі ЖІӨ-нің 22 пайызынан аспаса, қалыпты болып көрінген. Кейінірек ол түзетіліп, көбейтілді. Оны өсіруге ненің негіз болғаны да түсініксіз күйде қалды. Осыған орай 29 пайыз жоғары болып саналады», – деді Есеп комитетінің жетекшісі.

2020 жылдың 1 қазан айындағы мәлімет бойынша, елдің сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жеткен. Бұған дейін жергілікті БАҚ соңғы бес жылда мемлекеттің сыртқы қарызының екі есеге өскенін жазған. Қазақстанда жергілікті мамандар шетелден алынған қарыздың тиімді жұмсалуына күмән келтіреді.

Azattyq.org

Қазақстан Еуразия одағын САЯСИЛАНДЫРУҒА ҚАРСЫ

  • Ресей өкілінің Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) Батыс санкцияларына жауап әзірлеп жатыр деген мәлімдемесіне Қазақстан Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы түсініктемеде: «2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа сәйкес, бірлестікті құрудың мақсаты – тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуына жағдай жасау. Қазақстан ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды қолдайды. Өзіне тән емес функцияларды Еуразиялық интеграция органдарына беруге болмайтынын әрдайым қайталып айтып келеміз, әрі біз бірлестікті саясиландыруға қарсымыз» делінген.

Еске салсақ, бұдан бірер күн бұрын Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Батыстың санкцияларына Еуразия экономикалық одағының бірлескен жауабы пысықталып жатқанын айтқан.

«Үшінші елдердің ЕАЭО-ға қарсы санкциялық іс-әрекеттеріне жауап шаралары туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселе қарастырылып жатыр және алдағы уақытта да қарастырылатын болады. Бірақ біз бұл тақырып осындай санкциялардың нақты түрлерімен, масштабымен, көлемімен, келтірілген зиянымен және ДСҰ және басқа құралдар тұрғысынан заңды болатын мүмкін шаралармен байланысты болуы керек екенін түсінуіміз керек», – деген еді Панкин.

Бұдан бұрын белгілі болғандай, АҚШ пен Еуропа одағы Қырым түбегін аннексиялағаны және Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін, кейін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қамағаны үшін Ресейге бірнеше санкция салған.

ДАТ-ақпарат

Ақылы жолдың ҚҰНЫ ҚАНША?

  • Кеше – 9 маусымда «ҚазАвтожол» компаниясы бірінші санаттағы жол төселген 5 аумақта биыл жолдың ақылы болатынын хабарлады. Бұлар: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» (Қайнар Тараз, Тараз Шымкент, Шымкент Қызылорда, Шымкент Ташкент), Шортанды Көкшетау, Қапшағай –Талдықорған, Астана Павлодар және Ақтау Жетібай Жаңаөзен.

Компанияның хабарлауынша, «аталған аумақтарда жүретін көліктер 2013 жылы енгізілген тариф бойынша ақы төлейді. Жол ақысы сол күйінше қалады» дейді компания өзінің таратқан хабарламасында.

  • Аталған аумақтарда жүретін жеңіл көліктер 1 шақырым үшін – 1 теңге төлейді;
  • Автобустар орын санына қарай 1 шақырым үшін 5–15 теңге аралығында төлейді;
  • Жүк көліктері жүк салмағына байланысты 1 шақырым үшін 5–25 теңге аралығында төлейді.

«ҚазАвтожолдың» айтуынша, ақылы жолдарда демалыс орны, қонақүйлер, супермаркеттер, дәретхана, дәріхана сияқты жолаушыларға қажет нысандар орналаспақ. Қазіргі кезде GasEnergy, ҚазТрансГаз, Compass, Sinooil, PetroRetail, М-36 сияқты ірі жанар-жағармай станциясы желілерімен 2024 жылға дейін 134 жол кешенін салу бойынша келісім жасалған. Осыған дейін Қазақстанда 2021 жылы 18 аумақтық жолдың ақылы болатыны хабарланған еді.

Мамырдың соңында Қазақстанның бірнеше аймағында жолдардың ақылы болуына байланысты жүргізушілер наразылыққа шыққан. Алыс жолға жүретін көлік айдаушылар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан.

2 маусымда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «ақылы жол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, ақылы жүйе ой-шұңқыры жоқ, тегіс, бірінші категориялы жолдарға ғана енгізіледі.

Министр Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлімдеген.

Azayytq.org

Қазақстан қырғызды емес, ТӘЖІКТІ ЖАҚТАЙДЫ…

  • Қазақстанның қорғаныс министрлігі «Қазақстан мен Тәжікстан үкіметі арасындағы қайтарымсыз әскери көмек беру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын әзірледі.

Заң жобасын парламент бекітсе, Қазақстан Тәжікстанға әскери көмек ретінде 3 миллионнан астам қару-жарақ береді. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл келісімге халықаралық шарттарға сәйкес биыл қол қойылған.

8 маусымда Қазақстан Қорғаныс министрлігі Қырғызстан мен Тәжікстанға берілетін әскери көмек жөнінде түсініктеме берді. Ведомство аталған екі ел арасында қақтығыс болмай тұрып көмек беру жөнінде шешім қабылданғанын, Нұр-Сұлтанның екі ел шекарасындағы қақтығыстың өрбуіне атсалысу ниеті жоқ деп мәлімдеді.

Министрліктің айтуынша, тәжік тарабымен келісім 2021 жылы 17 сәуірде жасалған. Қырғыз жағымен осыған ұқсас келісім 2021 жылдың 2 наурызында жасалған.

Еске салсақ, 19-20 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Тәжікстанға барған. Онда екі ел президентінің кездесуі барысында сауда-экономикалық қатынасты нығайту, инвестиция тарту, көлік-транзит мүмкіндігін арттыру жөнінде келісімге келген. Сонымен бірге Қазақстаннан оқу орындарын ашу жөніндегі мәселе де талқылаған. Делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойған. Ол құжаттардың арасында әскери көмек жөнінде келісім болмаған.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн