Ресейдің «жұлдыз соғысына» ТАҒЫ ДА ЖЕР БЕРЕМІЗ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №27 (344) от 07 июля 2016 г.

Апта аптығы

Қасіреттен көз ашпаған жерім-ай!


Қазақстан зымыран қалдықтарын құлату үшін Ресейге жер беретін болды, – деп хабарлайды ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау.

 

Бұл жерге «Байқоңырдан» ұшқан «Союз» зымырандарының қалдықтары құлайтын болады. Ол үшін солтүстіктегі көршілеріміз жыл сайын өтемақы ретінде 460 мың доллар төлеп отырады екен.

«Наш Костанай» басылымына сұхбат берген вице-министр Альберт Рау: «Ресей жылына қанша зымыран ұшырса да, кесімді бағасын төлеп отыратын болады», – депті. «Әңгіме құлайтын зымыран қалдықтарының траекториясы туралы болып тұр. Яғни, бұрын қалдықтар Жезқазған аумағына құлап келген болса, енді оның бағыты Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына және Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты жазыққа ауысқан. Бұл мақсатқа бар болғаны 63 мың гектар жер қарастырылып отыр. Оның 22 мың гектары Ақтөбе облысынан және 41 гектары Қостанай облысынан берілетін болады», – дейді ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау.

Оның айтуынша, Ресей төлеген қаражат бюджетке түсіп, кейін сол зымыран құлайтын аумақта тұратын тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешуге жұмсалатын болады.

 

«Бұл кірісі мол келісім болмақ. Ресей төлейтін қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын болады. Мен картаға қарадым. Онда елді мекен аз екен. Ол аймақтарда тұрып жатқан азаматтардың әлеуметтік проблемаларын жаңағы қаржыдан шешуге болады», – дейді Рау.

Раудың рапортына сенсек, қазір Қазақстанның парламенті Ресеймен арада жасалған жер беру туралы келісімді ратификациялап жатқан көрінеді.

Естеріңізге салайық, осыдан үш жыл бұрын «Байқоңырдан» ұшырылған «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырап, салдарынан Қазақстан территориясына 600 тонна улы гептил төгілген болатын. Араға бір жыл салмай, белгісіз себептермен 140 мыңдай киік қырылып қалды. Қоғам белсенділері, экологтар табиғи апаттың гептилден болғанын айтып дабыл қақса да, билік өкілдері улы заттың табиғатқа мүлдем залалы жоқ екенін айтып, халықты жұбатып келді. Ол кездегі Төтенше жағдайлар министрі болған Божко да былқ етпеді, басқасы да қыңқ еткен жоқ.

 

Ал бұрынғы экология министрі болған, марқұм Нұрлан Қаппаров мырза 2013 жылғы «Протон» апатынан ел экологиясына 95 миллион доллар шығын келгенін есептеп айтқан еді ғой.

Қазіргі геосаяси ахуалдарға назар аударсақ, Кремль қожайынының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғаны жасырын емес. Біздің территориямызда Кеңес кезінде екі бірдей ядролық сынақ полигоны болды. Ал қазірдің өзінде бес ресейлік әскери полигон мен «Байқоңыр» бар. Сондай-ақ Қызылорда облысы онкологиялық аурулар жөнінен көш бастап келеді. Өңірдегі еркек белсіздігі мен әйелдер бедеулігі туралы қазақстандық БАҚ аз жазған жоқ. Уәде етілген, жал құны да дер кезінде төленбейтінімен қоса, біздің жетекші ғарышкерлеріміздің өзі ұшып жатқаны шамалы. Ал РФ тарапы біздің ғарышкер Айдын Айымбетовты біздің ақшамызға ұшырды. Сонда «Байқоңырды» Ресейге жалға бергеннен не ұттық?

Енді ертең Ресей зымырандарының қалдықтары қазақ даласына шашылатын болса, нешетүрлі ауру-сырқаудың, бәле-жаланың пайда болмасына министр Рау кепіл бола ма, әлде Мұсабаев па?

Нұргелді Әбдіғаниұлы,

Abai.kz

 

 

 


 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн