90 жылдықты тойлау – АШАРШЫЛЫҚТЫҢ қанды қасіретін тәрк ету

Апта аптығы

Қазақстанда аудандардың 90 жылдығын тойлау деген дүрмек-науқан қыза түсуде. Бірақ бұл қандай той? Бұл дабыраны ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының серкесі Азат Перуашев былай дәйектейді (ықшамдалып жарияланды).

Ерейментау ауданының 90 жылдығы өтуде. Сонымен бірге Ереймен жерінде Малай батыр бабамыздың мүсіні бой көтерді.Тойларыңыз құтты болсын! Қуаныштарыңызға ортақпын. Бірақ мен осы жерде өздеріңізбен көңілді алаңдатқан мәселемен бөліскім келеді.
Мәселе – ауданның 90 жылдығына қатысты. Мұндай тойлар жалғыз Ерейментауда ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында өтіп жатыр. Бұл қандай дата екен? Иә, 90 жыл бұрын, 1928 жылы, Кеңес үкіметі жергілікті басқару жүйесін құрып, аудандар ұйымдастырды. Яғни, бұл совет үкіметі жерімізге өзінің басқару жүйесін енгізгенінің 90 жылдығы. Ал немене, совет үкіметіне дейін қазақ халқы болмаған ба, әлде Ерейменнің жері болмаған ба? Жоқ, әлбетте, олай емес. Еліміз де, жеріміз де сан ғасырлар бұрын бар болған, бұйыртса, мәңгі бола бермек.
Бекіткен жүйесі арқылы совет үкіметі өз саясатын жүргізе бастады. Колхоздар құру, қазақ байларын кәмпескелеу, халықтың малын тартып алып, отырықшылыққа мәжбүрлеп көшірудің бастамасы сонда болды. Дала мыңғырған малсыз қалды. Қазақ ашаршылыққа ұшырады. Осы зорлықтың кесірінен үш-төрт миллион қазақ қырылды, олардың сүйектері әлі күнге дейін Арқада жатыр. Неліктен біз оны тойлауға тиіспіз?..
Әрине, 90 жыл ішінде еліміз талай еңбек етіп, ерлік көрсеткен болатын. Осыны мойындап, бүгін сол датаны тойлап отырмыз. Дегенмен, мәселе тойда емес екен, мәселе – әділетті баға беру менен адал болашағымызда. Меніңше, «Рухани жаңғырудың» мақсаты сонда: өткенге ашық қарап, ата-бабаларымызға, үлкендерге алғысымызды айтып, еліміздің болашағы үшін жауапкершілікті өз қолымызбен көтеру.

Азат ПЕРУАШЕВ

(медиа-проект «DAT» №35 (447) от 4 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн