Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы, Қазақстан билігіндегі «сұр кардинал» деп сипатталатын Нұртай Әбіқаев жақында пікір айтыпты. Айтқанда да, сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент Назарбаев туралы Батыс ақпаратына айтқан пікіріне пікір қосыпты.
Еске салсақ, «Би-Би-Си» радиосына сұхбат берген сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында «Нұрсұлтан Әбішұлының 2020 жылғы сайлауға қатысады деп ойламаймын» деген еді.
Нұртай Әбіқайұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының пікіріне пікір қосып, былай деді: «Ол өз ойын айтты. Меніңше, шешімді президенттің өзі қабылдайды. Ол кісі бір сөзінде егер халық қолдайтын болса және қойылған міндеттерді орындауға қауқарлы команда дайын болса, әрі қарай да жұмыс жасауға әзір екендігін білдірген болатын».
Неше жылдан бері президенттің оң қолы болған «сұр кардиналды» Ақорда сенатта отырған жерінен зейнеткерлікке мақтау-мадақсыз, медаль, шапансыз шығарып салған-ды. Содан бері Нұртай Әбіқайұлы жылы төсегінде тым-тырыс жатқан болатын. Ол туралы жазған-сызған, атын атап шақырған ешкімді естімегенбіз.
Жуықта Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры құрылды. Міне, ел президентінің өкімімен сол қорды басқаруға Нұртай Әбіқайұлы келді. Бұл оның үлкен саясатқа қайтып келгені ме? Еске салсақ, Нұртай Әбіқайұлы еліміздің Ұлыбритания, Ресей сияқты империялық елдердегі елшісі, екі рет президент әкімшілігінің басшысы, екі рет сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, екі рет республика Қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сенат төрағасы, депутаты болып қызмет істеді.
Міне, сол Әбіқаевтың 2020 жылы елімізде болатын/болмайтын президент сайлауына байланысты пікір айтуына қарағанда, үлкен саясатқа қайта оралған сияқты. Қалай болғанда да, оның президентке қатысты сенат төрағасының пікіріне «елең етуі» тегін болмаса керек…
Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,
Abai.kz
(медиа-проект «DAT» №26 (438) от 5 июля 2018 г.)