Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің (ескі редакцияда) бірнеше бабы: 235-ші – «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу»; 176-ші – «Сенiп тапсырылған бөтеннің мүлiгін иелену немесе ысырап ету»; 193-ші – «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлiктi заңдастыру» айыптары бойынша Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты іс сотта қарала бастады.
Экс-әкіммен бірге айыпталушылар қатарында оның інісі Аманжан Рысқалиев, күйеу баласы Рүстем Әлбақасов және тағы алты адам бар.
Бүгін – 18 қазанда «Рысқалиев ісінің» негізгі сот отырыстары басталды. Әзірге айыптаушы тараптар – прокуратура мен айыпталушы азаматтардан іске қатысты пікір алу мүмкін болмады. Қаралаушы жақ іс барысы мен оның нәтижесін сот шешеді десе, ақтаушылар іспен толық танысып бітпегендерін уәж етеді. Қалай болғанда да, елдегі кезекті «шулы іске» қатысты мән-жайды газеттің алдағы сандарында тұрақты хабарлап тұратын боламыз.
Айсұлу ОСПАН,
«D»