Ұлыбританияда орналасқан Economist Intelligence Unit (EIU) зерттеу тобы әлем елдері бойынша 2018 жылдың демократия индексін жариялады.
Ұйым сарапшылары былтыр жалпы әлем көлемінде демократия көрсеткіші нашарлап, я жақсармай, бір қалыпта тұрғанын айтады. Ұйым индексінде Қазақстан бұрынғыдай «авторитарлық режим» орнаған елдер қатарында тұр. Қазақстан сайлау процесі мен плюрализм, үкімет қызметі, азаматтардың саяси өмірге араласуы, саяси мәдениет және азаматтық еркіндік көрсеткіштері бойынша ең көп 10 баллдан 2,94 балл иеленіп, 167 елдің арасында 144-орынға орналасқан.
2018 жылы демократия толық орныққан бес елдің тізімінде Норвегия, Исландия, Швеция, Дания және Канада бар. Постсоветтік Эстония (23), Латвия (36) және Литва (38) «демократиясы әлсірей бастаған» елдер қатарында тұр. Бұл тізімге АҚШ (25) биыл екінші жыл қатарынан ілігіп отыр. АҚШ 2017 жылы «анық демократия орнаған» елдер тізімінен «демократиясы әлсірей бастаған» елдер тізіміне түскен.
Молдова (79), Грузия, (89), Украина (84), Қырғызстан (98) және Армения (103) индексте «гибридті режим орныққан» елдер тізіміне іліккен. Ресей мен Беларусь, Әзербайжан және Орталық Азияда Қазақстаннан өзге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан «авторитарлық елдер» тізімінде тұр.
Azattyq.org