Жаңаөзенде тағы да НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Кеше газетіміздің қоғамдық тілшісі Жаңаөзендегі халықтың наразылық толқуы күшпен таратылғанын хабарлады. Бірнеше күн қатарынан жалғасқан наразылық акциясын «КНБ» мен оның «салпаңқұлақтары» видеоға тартып, қалалықтардың көзге түскен белсенді өкілдерін қамауға алған. Тілшіміздің хабарына қарағанда, қамалғандардың саны – 17 адам.

Ал «Азаттықтың» хабарлауына қарағанда, Жаңаөзен қаласының орталық алаңын соңғы екі күннен бері полиция қоршауға алған. Жұмыс сұраған наразылар қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан «Неке сарайы» ғимаратының маңына жиналған. Олар биліктен 150–300 мың теңге айлығы бар жұмыс тауып беруді және жастар мәселесіне назар аударуды талап еткен. Бұған дейін олар осы талаптарын айтып, әлеуметтік желі арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаған.

Жаңаөзенде жұмыс сұрап тұрғандардың бірі 30 жастағы Саламат Нұрбесинов билік ұйымдастырған еңбек жәрмеңкесінде ұсынылған жұмыстың жалақысы отбасын асырауға жетпейтінін, сол себепті жұрт тұрақты жұмыс тауып беруді талап етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды «Азаттық». «Менің үш балам бар. 70 мың теңге ұсынып, Ақтаудан бір мекемелер келіп тұр. Ол ақшаны қалай жеткізем? Жолға жұмсаймын ба, әлде бала-шағамның тамағына ма? Бұл жердегі халықтың талабы – жеке меншік емес, үкіметке қарайтын 150–200 мың теңгелік жұмыс беретін кез келген мекеме ашып берсін. Бүгін бар, ертең жоқ мекемелер бізге керек емес», – депті ол «Азаттыққа».

«Халық жұмыссыздықтан шаршады. Облыс әкімі халық алдына келсін! Бізге бір жылдан соң жабылатын жетім жеке меншік серіктестіктер керек емес. Жұмыссыз ретінде көп жылдан бері тіркеуде тұрмын. Бір танысыма қала тазалығына қарайтын мекемеден 90 мыңға жұмыс ұсынған. Ол да ертең ұтып алған тендер мерзімі біткен соң, жұмыссыз қалады», – дейді жұмыссыз жігіт.

«Азаттық» тілшісі сөйлескен тұрғындардың барлығы да осыған ұқсас пікір айтты. Олардың көбі аты-жөнін айтудан да қорқады. «Полиция жиындардан видео тартуға тыйым салды» дейді кейбірі.

«Көп жұмыс орындары Ақтау қаласынан құрылыс жұмыстарын ұсынып отыр. Бұл тұрақты жұмыс емес. Айлығы 70–80 мың теңге. Оны жол-пұлымызға төлейміз бе, Ақтаудан пәтер жалдаймыз ба? Қалған жұмыстар әйел адамдарға лайықталған, балабақшаға, мектепке шақырады. Арасында сатушылық жұмысқа шақырғаны да болды. Ақтауда 40 мың теңге төлейміз деді. Бұл айлық бір отбасын асырауға жетпейді. Жоғары жаққа жалған ақпарат беріп, өтірік алдап отыр», – деді аты-жөнін айтпаған Жаңаөзен тұрғыны..

Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев нақты қанша адамның жұмысқа орналасқанын айта алмады. Әкімдік дерегінше, бұған дейін мыңға жуық азамат жұмыс сұрап, өтініш берген.

Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстағы түрлі кәсіпорындардағы орташа айлық жалақысы 110 мың теңге болатын жұмыс орындарына 3800-ден астам өтініш қабылданған. Жаңаөзендегі негізгі жұмыс көзі – «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Қазақ газ өңдеу» зауыты. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады. 2018 жылдың алғашқы төрт айында Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.

Azattyq.org

Республиканский еженедельник онлайн